Спорт • 21 Ақпан, 2024

Бұқаралық спортқа ашықтық қажет

180 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде кәсіпқой спорт пен бұқаралық спорт құстың қос қанатындай қатар дамып келеді. Бұған еліміздегі саламатты өмір салтын ұстанушылар қатарының жыл сайы­н артуы дәлел. Бүгінде аудандар мен ауылдарда спорттық-сауықтыру кешендерінің көптеп салынуы аталған бағытқа үлкен серпін беріп отыр.

Бұқаралық спортқа ашықтық қажет

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әр дені сау, денесі шымыр ұрпақ – ұлттың басты бай­лы­ғы. Әсіресе балалар мен жас­­­өспірімдердің оқумен қатар спорт­пен шұғылданып, жан-жақ­ты дамуына қолайлы жағдай жасау – мүдіртпейтін міндет. Осыған орай Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға әр Жолдауында айрықша назар аударып келеді. «Елімізде кәсіби спортпен қатар бұқаралық спорт қарқынды даму үстінде. Әсіресе балалар денешынықтырумен белсенді айналысатын болды. Сол себепті мемлекет ауылдық және қалалық жерлерде жаңа спорт нысандарын салып жатыр. Сондай-ақ алдағы жылы елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойы­ны өтеді. Спортшыларымыз Жазғы олимпиадаға қатысады. Түптеп келгенде, әр азамат өз са­ласының нағыз маманы болуы керек. Сонда ғана Отанымыз өсіп-өр­кен­дейді», деген Президент сөзі де с­алаға серпін берері сөз­сіз.

Осы тапсырманы орындау мақсатында «Дене-шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жос­пар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілгені мәлім. Аталған жоспарға сәй­кес мем­лекет-жекеменшік әріптес­тігі аясында балалар мен жас­өс­пірімдерге арналған спорт сек­цияларына жан басына қар­жыландыру жүйесі енгізілді.

Қазір елімізде 8 милионнан аса адам жүйелі түрде спорт­­пен шұғылданады. Бұл – халықтың 40 пайызы. Яғни олар Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының ұсы­ныстарына сәйкес аптасына кем дегенде 3 сағат спортпен айналысады. Қазір елімізде азаматтарды жас ерекшеліктеріне қарай бұқаралық спортқа тарту жұмыстары жүріп жатыр. Кешенді іс-шаралар 3 пен 5 жас аралығындағы мектепке дейінгі балалардан бастап 65 жастан асқандарды қамтиды. Бекітілген талапқа сәйкес Туризм және спорт министрлігі 2029 жылға қа­рай халықтың тең жартысын спортқа тартуды жоспарлап отыр­.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 2023 жылы халықты дене шынықтыру және спортпен қамту өскенін атап өтті. Өңірлер бойынша Атырау облысы (44%), Абай облысы (41,8%) көш бастап тұр. Оның айтуынша, денешынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 27,3%-ға (984 мың адам) жетті. Министрдің мәліметінше, былтыр мемлекеттік тапсырыс аясында 250 мың бала мен жасөспірім 7 мыңнан аса спорт үйірмесіне барған. Ал биыл аталған бағдарламамен 300 мыңға жуық бала мен жас­өспірімді қамту көзделіп отыр.

«Спорт инфрақұрылымын дамыта отырып, бұқаралық спорт­ты насихаттау – дені сау ұлт­ты қалыптастыру мәселе­сін­­дегі басты міндет. Осы­ған бай­­ланысты спорт нысанда­рының қолжетімділігін арттыру – мем­лекеттің ерекше ба­қы­лауында. 2023 жылы 1 000 адамды спорттық инфра­құры­лыммен қамтамасыз ету 52,2%-ды құрады. Сондай-ақ биыл «жылдам бой көтеретін 100 спорт­тық нысан» жобасын іске қосу жоспарланып отыр», деді Е.Маржықпаев.

Өткен аптадағы алқа отырысында Премьер-министр­дің орынбасары Тамара Дүйсенова денешынықтыру мен спортты одан әрі дамытуда халықаралық спорт ұйым­дарының тез өзге­ретін талаптарын ескере отырып, бұқаралық спортты дамыту жаңа тәсілдерді талап ететінін айтты.

«Бұқаралық спортты дамы­туға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей жатыр. Мәселен, 2023 жылы бұқаралық спортқа жұм­салған қаржы өңірлердің бюджет қаражатының жалпы кө­лемінің небәрі 0,061%-ын құ­рады. Сонымен қатар қаражатты бөлуде бұрмалану бар. Жо­ғары жетістіктер спортына жұм­салатын қаржы көлемі 97,2% болса, бұқаралық спортқа жұм­салатын шығыс небәрі 2,8% шамасында. Халықаралық тә­жірибе көрсеткендей, бұ­қа­ра­лық спортты дамытудың тиімді құралы – мектеп жасынан егде жас­қа дейінгі спорт лигаларын дамыту, оның ішінде жарыс алдында тікелей спорт командаларын құрудан тұрақты жұмыс істейтін командаларға көшу жолымен дамыту», деді Т.Дүйсенова.

Қорыта айтқанда, мін­бер­­дегі министрдің сан-цифрын жоққа шығарудан ау­лақ­­пыз. Өйткені қазір мектеп оқушыларының әр­түрлі спорт секцияларына беруге мүм­кіндік бар. Бұған қоса айнала­мыздағы әр 10 адамның шамамен төртеуі әуесқой спортпен шұғылданатынын байқауға болады. Бірі теннис ойнайды, бірі жүгіреді, енді бірі фитнес­ке баруы мүмкін. Фитнес де­мек­ші, қазір әлемнің дамыған елдерінде бұл сала өркениет пен дамудың бір бөлігіне айналды. Олар бұқара халықтың қалтасы көтеретін баға қояды екен. Бұ­қаралық спорт дегеніңіздің өзі әуелі осы емес пе? Ал біздің ел­­дегі фитнес клубтардың бір ай­лық абонементі бір айлықтың ши­­регін қақшып қалады. Сонда бұл жерде Тамара Қасымқызы айтқандай, «қаражатты бөлуде бұрмалану» болып отырған жоқ па?