Суретті түсірген – Есенжол Исабек
Пластикалық драмада қорықтағы маралдар мен бұғылардың өмірі баяндалады. Негізгі идеяда адамзат жауыздығының үстемдігі көрініс тапқан. Бұғылар мен маралдар табынының адамзат әлемінен үнемі жылылық іздеп, тым сенгіштігі бұл жануарларды құрдымға құлатты. Кербұғы – бұғылардың ішінде ең ақылдысы еді. Ол пенде баласын шексіз сүйе-тұғын. Қойылым шырқау шегіне жеткенде мамыражай тірлік кешіп жүрген топ басы – Кербұғының он сегіз салалы мүйізін ел-жұрттан безініп, айдалада жүрген адам Қоңқай кесіп әкетті. Кербұғының бар бағы – басындағы он сегіз салалы мүйізі екен. Одан айырылған сәттен оны тыңдайтын, пәрменіне құлақ асатын жануар қалмады. Жанындағы серіктері зым-зия, бәрі қара басының қамын ойлап жан-жаққа сытылды, қол ұшын берген ешкім жоқ. Табиғаттың жаратылысы адам алдында дәрменсіз екен.
Кербұғы үшін бұдан асқан қорлық, қайғы-қасірет бар ма?
Оның соңын ала үлкен бір маралдар әулеті күйреп тынды.
Енді бір сәтте Кербұғы бейнесі – Алаш шаңырағын ұстап тұрған адалбақанға ұқсап кетті. Кербұғының соңын ала бірлігінен дәрмен кетіп, айдалада тарыдай болып шашырап, уығы ажырап қалған өзге бұғылар мен маралдар тамырынан айырылған қазақ халқының аянышты тағдырынан бір аусайшы. Қазақтың басынан өткен барлық қайғы-қасіретті осы жерге үйе салғандай. Аштық көрінісі, бақа-шаян теріп кеткен жұрт, сәбиінен айырылған ана, көкірегі шерге толған ерлер... Көшбасшыдан, тамырынан ажыраған елдің бейшара кейпі.
Адамнан асқан сатқын, опасыз, надан жаратылыс жоқ деп толғанды сахнаның арғы жағындағы дауыс. Өзі жасағанын өз қолымен бұзатын, жауыз да, қатыгез де өзі.
Дейтұрғанмен, қойылым кеудені тілгілейтін, өкініші көп сондайлық бір алапат қайғыны көкейге қондырмады, әлде актерлер, әлде режиссерлеріне жеткізе алмағандай. Қазақтың қоңыр дауысты домбырасымен қысқа уақытта аяқталып қалған қоңыр күй тәрізді. Тағы бір сәттерінде жануарлар арасында диалог жетіспейтіндей көрінді. «Кербұғы» трагедия алдында көрерменді ширықтырып, әсерлендіре түсетін бір детальдар қажетсініп тұрғандай. Ал жалпы сахналық нұсқасының идеялық сюжеті, пластикалық би үйлесімдері орынды шыққан.
О.Бөкейдің әңгімесінен өрбіген драманың сахналық нұсқасын театрдың әдеби драма бөлімінің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбек жазып шыққан. Ол бұған дейін Мәскеу төрінде қойылған «Ұждан» әпсанасының да авторы. Пластика – Жалынбек Ахан, қоюшы-суретші – Рауан Ұлықпан, ал балетмейстер – Айгүл Дайырбаева.
Драма режиссері Жангелді Садықовтың пікірінше, адам мен табиғат арасындағы қарама-қайшылық ұғымдарын жастар қауымы кеңінен түсіне білуі керек. Ересектер мен жас ұрпақтың зердесіне экологиялық тәрбиені сіңдіруде мұндай қойылымдардың пайдасы зор болмақ.
Айтып өтейік, соңғы уақытта керекулік театр пластикалық мәнерге көбірек көңіл бөліп жүр. Актерлер ұжымының дені жастар, шетінен мың бұралған бишілер, қажет болса күрделі трюктерді де орындайтынын байқап жүрміз. Бұрын театрдан адам көңілінің жоғын іздеп баратын, ал қазіргі көрермен көбірек әсер күтеді екен.
Премьералық қойылымдағы басты рөлдерді Жасұлан Әмірхан, Темірлан Мұқатай сияқты жас актерлер сомдады. Театрдың белді әртісі, Мәдениет қайраткері Бейбіт Шәнім Қоңқай рөлін сәтті ойнап шықты.
ПАВЛОДАР