Үкімет • 21 Ақпан, 2024

Үнемделген қаражат экономикаға бағытталады

97 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Отырыста су тасқынына, көктемгі маусымға және ытимал төтенше жағдайларға дайындық шаралары да талқыланды. Сондай-ақ 9 ақ­пан­да өткен кеңесте Үкімет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы да қарастырылды.

Үнемделген қаражат экономикаға бағытталады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қатаң шара кімдерге қолданылады?

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсем­баевтың айтуынша, 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 жайлы мектепті, оған қоса биыл 217 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыс бірыңғай стандарт бо­йынша жүзеге асырылады. Бұл ретте 163 мектеп (44%) ауылдық жерде салынады.

Оқу нысандары заманауи құрал­дармен жабдықталмақ. Бастауыш және жоғары сыныптар үшін оқу кабинеті, санитарлық торабы және спорт залы бар жеке блоктар қарастырылған.

Мектептерде заманауи техника­лық құралдарды енгізу және күзетті күшейту есебінен жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету тыңғылықты жоспарланған. Сондай-ақ оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар да қарастырылып отыр. Оған қоса, жайлы мектептер ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта болады.

Министр «Атамекен» ҰКП мен сала­лық қауымдастық өкілдерінің ұсы­ныстарын ескере отырып, отандық өндіру­­шілерді қолдауда қосым­ша шаралар қабылданғанын айтты. Мәсе­лен, жиһаз өнімдерін тек «Самұрық-Қазына» және «Атамекен» тізімін­дегі отандық компания­лардан сатып алу көзделген. Бұдан басқа отан­дық өн­дірістегі құрылыс материалдарын қол­дануға нақты талаптар енгізілді.

Өңірлерде мектеп салу туралы Түркі­с­тан облысының әкімі Дархан Саты­балды мен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев баяндама жасады.

Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының ел үшін маңызы зор. Соның арқасында үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептердің мәселелері шешілуге тиіс. Жалпы, салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін және оның демографиялық ахуалын ескере отырып анықталады.

«Бұл мектептердің барлығы жаңа мектепке аса мұқтаж өңірлерде салынуы қажет. Оның үстіне, атына заты сай, жайлы мектептің оқушыларға ыңғайлы әрі білім беру деңгейі жоғары болуға тиіс. Олар қауіпсіз және сапалы білім беру ортасына айналуы керек», деді О.Бектенов.

Аталған мектептер әу бастан цифрлық камералармен жабдық­талып, полицияның Жедел басқару орталықтарына жалғануы тиіс екенін ескертті. Жаңа, интерактивті оқыту әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін жыл­дам­дығы жоғары интернет жүр­гізілуі керектігін де еске салды.

«Жайлы мектептерді оқу үдерісіне қажетті заманға сай жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз ету керек. Бұл мектептерді өскелең ұрпақты, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда оқушыларды баурап алатын бірегей орталықтарға айналдыру керек. Онда спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелері жұмыс істегені абзал. Бала­ларға қосымша білім алу мақса­тын­да фильмдер көріп, интернеттен қажетті ақпарат іздеу, кітапханада дайындалу мүмкіндігі берілгені жөн», деді ол.

Ұлттық жобаны іске асыруда шикі­ліктер де бар. Атап айтқанда, Мем­лекет басшысы учаскелерді бөлу және жобалық құжаттаманы әзірлеу қарқынын сынға алған еді. Осыған орай Үкімет басшысы барлық мәселені қысқа мерзімде жоюды тапсырды.

«Құрылыс материалдарын, жабдық­тар мен жиһаздарды сатып алу ісіне барынша отандық өндірушілерді тарту қажет. Жалпы, Мемлекет басшысының жаңа форматтағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау үшін бар күшімізді жұмылдыруымыз керек», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы «Самұрық-Қазына» қорына 1 қыркүйекке дейін 98 мектепті, ал қалған 119 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беруді жүктеді. «Белгі­ленген мерзімдердің бұзылуына ешқан­дай жол беруге болмайды. Бұл ретте жұмыстың сапасы ақсамауға тиіс» деді.

Өңір әкімдеріне 15 наурызға дейін мектеп құрылысына арналған жер учаскелерін рәсімдеуге қатысты барлық мәселені шешу керектігі айтылды.

«Биыл пайдалануға берілетін мектептерге баратын жолдар мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын 1 тамызға дейін аяқтау қажет. Ашылғаннан кейін бірден нақты жоспарлы оқу үдерісін ұйымдастыру үшін салынып жатқан мектептерді алдын ала педагог кадрлармен қамтама­сыз ету керек.  Ұлттық жобаны іске асыру барысын маусым айында қайта қараймыз. Егер жұмыс тәсілі өзгермесе, жауапты тұлғаларға өте қатаң шаралар қолданылатын болады», деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.

 

Жұмысқа селқос қарауға болмайды

Отырыста қазіргі су тасқынының жағдайы, сондай-ақ көктемгі маусымға және ықтимал төтенше жағдайларға дайындық шаралары да талқыланды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бүгінде республикада су тас­қы­ны жағдайы тұрақты екенін айтты. Бұл ретте ведомство жергілікті ат­қару­шы ор­ган­дармен бірге су тасқыны кезе­ңіне да­йындық бойынша қажетті іс-шара­лар кешенін өткізген. «Көктем» рес­пуб­­ликалық командалық-штаб­тық оқу-жат­тығу аясында басқару орган­дары­ның да­йындығы тексерілді. Халықты құлақ­­тандыру пысықталды, зардап шеккен аза­мат­тарды жинау пункттері дайындалды.

Премьер-министр бұған дейін су тасқынына қарсы барлық іс-шараны сапалы іске асыру қажеттігі туралы бірнеше рет тапсырма берілгенін атап өтті. Алайда мемлекеттік органдар мен әкімдіктер тиісті шараларды толық көлемде қабылдаған жоқ. «Салдарынан 218 іс-шараның 92-сі осы уақытқа дейін орындалмады. Жұмысқа бұлай селқос қарауға болмайды. Төтенше жағдайлар министріне жоспарланған іс-шаралардың орындалмауына жол берген орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын», деген О.Бектенов жекелеген өңірлерде қар шығаруға арналған қаражат тек ірі қалалар мен облыс орталықтарына бөлінетінін айтты. Ауылдық елді мекендерде қар шығару жұмыстары назардан тыс қалып келеді. Елді мекен көшелерін су басып қалу және жолдарды шайып кету фактілері қазірдің өзінде тіркеліп отыр. Жалпы, 217 елді мекенде тасқын қаупі сақталған.

«Бірталай шаруа негізінен әкімдік­тердің нақты жұмысына байланысты. Арықтарды, жауын-шашын кәріздерін тазарту, уақытша бөгеттер салу және елді мекендерде топырақ үйінділерімен бекітуді қамтамасыз ету керек. Төтенше жағдайлар министрлігі жыл сайын «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында су тасқыны кезеңіне әзірлік барысын тексереді. Барлық өңір су тасқынына толық дайынбыз деп баяндайды. Сайып келгенде тұрғындар және су басқан ғимараттар мен инфрақұрылым зардап шегеді. Яғни, бұл оқу-жаттығулар формалды түрде өткізілетінін, ал дайындық қағаз жүзінде ғана қалатынын көрсетеді. Біз пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет», деді Үкімет басшысы.

Бұл орайда О.Бектенов төмендегі маңызды міндеттерді жүктеді:

  • Халықты су тасқыны қаупі, су басу және эвакуациялау кезіндегі іс-қимыл ережелері туралы кеңінен хабардар ету жұмыстарын бастау;
  • Халықпен нақты кері байланыс орнатып, олардың көмек туралы өтініштерін бірден қарау;
  • Жолдар мен көпірлердің жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізу.

Отандық өнімге тапсырыс артады

Үкімет отырысында 9 ақпанда өткен кеңесте Премьер-министр берген тап­сыр­­малардың орындалу барысы да талқыланды. Онда Премьер-ми­нистр­дің орынбасары – Ұлттық экономи­ка министрі Нұрлан Байбазаров бюджет шығыстарын оңтайландыру мақ­сатында өнім­сіз позицияларды анықтау үшін қо­сымша тексеріс жүргізіл­генін баянда­ды. Тексеріс кезінде мемлекеттік орган­дардың әкімшілік шығысын қысқар­ту (форумдар мен зерттеулер, іссапар­лар), аса маңызды емес жобалар мен іс-шара­ларды қайта қарау (әкімшілік ғимараттар салу, жөндеу жұмыстары) ұсынылады.

Оңтайландыруға 300 млрд теңгеден астам қаражат ұсынылады, ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын және экономиканың негізгі секторларын қар­жы­ландыруға бағытталады. Министр Прези­денттің экономиканы кешенді ырық­­тандыру туралы Жарлығының жоба­сы әзірленгенін де айтты. Онда эконо­микалық үдерістерге мемлекеттің арала­суын кезең-кезеңімен азайту бойын­ша жүйелі шаралар көзделген. Жар­лық­тың жобасы үш бағытты көздейді:

  • Нарықтық бәсекелестікті дамыту;
  • Тиімді жекешелендіру;
  • Квазимемлекеттік секторды кешенді реформалау.

Үкімет басшысының айтуынша, республикалық бюджет шығыстарын оңтайландыру бойынша ұсынылып отырған шаралар қолдау тауып жатыр.

«Үнемделген қаражатты оңды-солды шашпай, экономикалық өсімді ынта­ландыруға бағыттаймыз. Бұл жұмысты жалғастыру керек. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде осы жұмыстың нәтижелерін ескеру қажет», деді ол.

О.Бектеновтің айтуынша, мемлекеттік реттеу теңге­рімді болып, нарықтың тиімді жұмы­сын қамтамасыз етуге және барлық қатысу­шының мүддесін қорғауға бағытталуға тиіс. «Кәсіпкерлік субъек­тілері еркін бәсеке­ге түсетін нарық құрған дұрыс. Сон­дай-ақ ұлттық мүд­делер мен қауіпсіз­дікті ескеру маңызды», деген Үкімет басшысы, отын-энер­гети­ка ке­шені, көлік, байланыс және өзге де тауар нарығындағы нарықтық бәсе­ке­лес­тікті дамыту шарасына ерекше назар аудар­у керектігін ескертті. Ол жұ­мыс­керлерге еңбекақы төлеу қорынан бірың­ғай төлемге қатысты әдіснама және техни­калық мәселелер бар екенін де еске салды.

«Қаржы министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроға­рыш өнеркәсібі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика министрліктері­мен бірге бірыңғай төлемді қол­дану критерийлерін қайта қарап, есептеу және төлеу механизмін оңайлатуы, қол­дану аясын кеңейтуі қажет», деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр 14 ақпанда 50 ірі өнеркәсіп, кәсіпорын мен ұлттық компания басшыларымен кездесу өткізілгенін айтты. Оларға алдағы жылдары жаңа өндіріс­терді құру, сондай-ақ жергілікті тауар­ларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды айтарлықтай арттыру бойын­ша нақты міндеттер қойылды. ERG компаниясы қа­зірдің өзінде ыстық брикеттелген темір зауытын, «KazMinerals» жаңа мыс бал­қыту зауытын салумен айналысып жа­тыр. «Қазфосфат» пен «ҚазАзот» жаңа өн­дірістер есебінен тыңайтқыштар шығаруды 2 есе арттыруды жоспарлап отыр. Алматы және Қостанай өндірістік алаңдарында автокомпоненттер өндірісі басталады.

Барлық кәсіпорын 16 наурызға дейін келесі кезеңге жаңа өндірістерді құру бойынша орта мерзімді даму жоспарларын және отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алуды арттыру жөнінде жаңа бағдарламалар ұсынады. Премьер-министрдің пайымдауынша, ұлттық экономиканы жедел дамытуда бұл бағыт өте маңызды.

«Бізде отандық өнімге сұра­ныс­ты арттыру есебінен айтарлықтай өсу резерв­тері бар. Кәсіпорындармен жоспарлы және белсенді жұмыстың нәтижесінде отандық өндірушілерді тапсырыстармен барынша жүктеп отыруға тиіспіз», деп түйіндеді сөзін Олжас Бектенов.