Құқық • 21 Ақпан, 2024

Зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоя алатын заң қабылдауымыз маңызды - Динара Зәкиева

135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балалар омбудсмені әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы жаңа заң жобасы қабылданғаннан кейін не өзгеретінін түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоя алатын заң қабылдауымыз маңызды - Динара Зәкиева

Фото: Dinara Zakiyeva\Facebook

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік органдармен, депутаттармен және ҮЕҰ-ның қатысуымен әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды.

«Жыл басында Мемлекет басшысы зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі ең маңызды қағидат — қоғамда бұл зұлымдыққа нөлдік төзімділікті дамытуды атап өтті. Осы постулаттың іске асырылуы зорлық-зомбылық үшін жазаның бұлтартпаушылық қағидатын қамтамасыз ететін осы заң жобасы бола алады», деп жазды Динара Зәкиева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұл ретте, омбудсмен қабылданған заң жобасында қандай кешенді тәсілдер көзделгенін түсіндіріп берді.

Ең алдымен, бұл тәсілдерге: зорлық-зомбылықты алдын алу шаралары; отбасын қолдау орталықтарын әр ауданда ашу; балаларды психологиялық қолдау орталықтарын ашу; қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға көмек көрсетуді ұйымдастыру құзыретін бекіту; агрессормен психологиялық жұмыс (ҚР ҚК ерекше талаптар институтын енгізу аясында); зорлық-зомбылыққа, буллингке тап болған балаларға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу құзыретін бекіту жатады.

«Екіншіден, аталған тәсілдер аясында зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке жатқызу, балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдату: атап айтқанда, азаптау (мақаланың жаңа редакциясы); денсаулыққа ауыр, орташа зиян келтіру үшін; кәмелетке толмаған адамды ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру үшін; бала зорлау үшін бас бостандығынан тек өмір бойына ғана айыру; «Балаға жыныстық сипатта тиісу» бабын енгізу; балаға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстарды тергеу әрекеттері кезінде қамауда ұстау; балаларға қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялауды енгізу (МӘМ, лагерьлер); баланы автобустан мәжбүрлеп түсіріп тастау үшін жауапкершілік енгізу; буллинг үшін жауапкершілік және т. б қарастырылады», деп толықтырды Динара Зәкиева.

Балалар омбудсмені аталған заң жобасының жекелеген нормалары әлі де талқыланатынын ескертіп, зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің ешқалай түсіндірілмейтінін және ақталмайтынын еске салды.

«Балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоя алатын тиімді және жұмыс істейтін заң қабылдауымыз маңызды», деп қорытындылады омбудсмен.