Қоғам • 22 Ақпан, 2024

Көлеңкелі кәсіптің кесірі

301 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көлеңкелі кәсіптен тапқан табыстың бәрі заңсыз екені даусыз. Бірақ бұдан бас тартпайтындар әлі де бар. Олар құқық қорғау органдарынан айласын асыра алмаса да, айылын жиюға асығар емес.

Көлеңкелі кәсіптің кесірі

Атырау облысы бойынша эконо­микалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Бекболат Әнесовтің мәліметіне сүйенсек, кейінгі үш жылда осын­дай санаттағы 85 құқық бұзу­шылық тіркеліп отыр. Осы кезеңде де­партаменттің тергеу өндірісінде 145 қыл­мыстық іс болған. Оның 107 істі тергеу аяқталып, 59-ы сотқа жолданған. Ал 48 қылмыстық іс қысқартылған. Қыл­мыстық істерден келтірілген шығын кө­лемі 10,9 млрд теңгені құрап отыр. Шы­ғынның 6,1 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылып, 9,4 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді. Жалпы қайтарылған сома – 15,5 млрд теңге.

Көлеңкелі кәсіпті қолға алғандардың арасында заңсыз ойын бизнесін ұйым­дас­тырушылар да бар. Үш жылда осы іске қатысты 7 қылмыстық құқық бұзу­шы­лық тіркелді. Оның ішінде екі дерек өткен жылы анықталған.

Мәселен, Құрманғазы ауданында тұратын әйел төрт жыл бұрын жеке кәсіп­кер ретінде тіркелген. Бірақ пайда­күнемдік мақсатында иелігіндегі ғи­маратта заңсыз ойын бизнесін ұйым­дас­тырып, букмекерлік кеңсе ашқан. Заңға қайшы әрекетін іске асыру үшін бірнеше теледидар орнатып, компьютерлік құ­рылғыларға интернет желісі бойынша «Mohio Keno Bet» құмар ойынын трансляциялайтын «Chashier Mohio» бағдарламалық өнімін жабдықтаған. Тіпті құмар ойынды сайтқа жүктегені анықталды. Агенттіктің жергілікті департамент қызметкерлері 2023 жылы 6 қаңтарда жедел іздестіру іс-шарасын жүргізіп, құқық бұзушының заңға қай­шы әрекетін әшкереледі. Ал сот кәсіп­кердің бас бостандығын бір жыл мерзімге шектеуге үкім шығарды.

«Атырау қаласында 2023 жылдың мамыр айынан осы кезге дейін заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі анық­талды. Мұнда покер ойыны ойнатылған нысанға тінту жүргізілді. Мекенжайдан 440 дана покер фишкасы, 294 дана ойын картасы, ойын төсеніштері, ұялы телефондар мен 2 млн 660 мың теңге ақша қаражаты, басқа да іс үшін маңызды заттар алынды», дейді Бекболат Әнесов.

«Магазин у дома» желісінің өкілі, кәсіпкер Ләззат Досмағамбетованың айтуынша, көлеңкелі кәсіптің кесірінен шағын және орта бизнестің иелері зардап шегіп отыр. Түрлі себеппен шағын дүкендерге тексеру жүргізіледі.

«Бірақ ірі көтерме саудамен айналысатындарды ешкім тексермейді. Олар қажетті құжаты жоқ тауарларды шағын дүкендерге жеткізеді. Шағын дүкендер мұндай тауарларды алуға мәжбүр болады. Тексеру кезінде жауапкершілікті дүкен иелері көтереді», дейді Л.Досмағамбетова.

Президенттің «Қазақстан Республика­сы­ның қаржылық тұрақтылығын қам­тамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» 2022 жылғы 14 наурыздағы Жарлығы бар. Соған сәйкес елімізден қолма-қол шетел валютасын және (немесе) ақша құралдарын 10 мың доллардың баламасынан асатын және Ұлттық банктің күні белгіленген бағамы бойынша есептелген сомада әкетуге тыйым салынады. Мұны әсіресе шетелге шығатын ел азаматтары мен шетелдіктер білуі керек.

Бірақ бұл талапқа көз жұма қарайтын өзге елдің азаматтары заңсыз табысты қалтаға басуды көздейтіні байқалады. Бұған Грузияның азаматының Х.Дос­панова атындағы Атырау халықаралық әуежайында 90 мың доллармен ұсталғаны дәлел. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметінің мә­лі­ме­тінше, бұл дерек 11 ақпанда тіркелген.

«Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы «Атырау-Кутаиси» бағытындағы №КС-7993 халықаралық әуе рейсіне тіркеу кезінде Грузия Республикасы азаматының қол жүгінде 10 мың доллар болған.

«Алайда шекаралық бақылау бөлім­шесі мен Атырау облысы бойынша Эко­­номикалық тергеп-тексеру депар­та­ментінің қызметкерлерімен бірге ке­ден­дік бақылау жүргізіліп, шетелдіктің жүгі тексерілді. Сол кезде Грузия Рес­пуб­ли­ка­сы азаматының чемоданынан 90 мың доллар табылды. Қомақты мөлшердегі валюта кедендік бақылаудан жасырылған. Шетелдіктен алынған 100 мың доллар «ДХЛ Интернейшнл Қазақстан» ЖШС уақыт­ша сақтау қоймасына қабылдау-тап­сыру актісімен орналастырылды», деп­ хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

 

Атырау облысы