Қоғам • 21 Ақпан, 2024

«Күміс» зейнеткерлер

183 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде егде жастағы жандарға арналған «Күміс университет» жобасы 2021 жылдан бастап іске асты. Ол заманауи IT-технологияларды, шет тілін, құқықтық және қаржылық сауаттылықты, кәсіп түрлерін үйретеді. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша 32 университетте 1500 ізденуші түрлі бағытта білім алады. Жақында оқыту бағдарламасы негізінде әдістемелік ұсынымдар қайта бекітілді.

«Күміс» зейнеткерлер

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұл ерекше модель Фран­ция, Англия, Қытай және Жа­пония сияқты елдерде 60 жыл­дан бері сәтті жүзеге асқан. Егде жастағы адамдарға екін­ші мамандық алуға көмек­тесетін халықаралық қозға­лысқа Қазақстан универ­ситет­тері «lifelong learning» тұ­жы­рымдамасы шеңберінде қо­сылған. Яғни өмір бойы оқы­ту деген мағынаға саяды. Өт­­кізілетін курстар сан­дық да­ғ­­­ды­лар, шет тілдері, кәсіп­кер­­­­­лік, құқық, мә­дениет, дін және физикалық бел­сен­ділікті қам­­­титын көптеген сала­дан тұ­ра­­ды. 50 жастан ас­қан­дар бел­­сен­ді өмір салтын ұста­нып, өздерін жан-жақты да­мы­­та­­ды. Осы жобаның оқы­ту бағ­дар­­ламасы бойынша әдіс­темелік ұсыным қайта бекі­тіл­ді. Бекітілген әдістемелік ұсы­ным­дар еліміздің жоғары оқу орын­дарында жұмыс жос­парын қалыптастырып, күміс білім беру бойынша оқы­та­ды. Аталған бастаманы бар­лық ректор қолдады. Зей­нет жа­сы­на жақындаған және зей­неттегі жандарға демеу бе­ріп, қаржылық сауаттылығын арттыру – игі бастамаға айналып, жемісін де берді.

– Қазір отандық жоғары оқу орындары арасында «Кү­міс университет» деген жоба бар. Аталған жоба былтыр Ш.Уә­лиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін­де қанатқақты режімде іске қо­сыл­ды. Демек университетте зейнет жасына таяған және зейнет жа­сын­дағыларға арналған орта­лық ашылды. Ол жерде өмір­де түр­лі жағ­дайға тап болған егде жас­та­ғы азаматтарға көмек, қол­­дау ұсынылады. Жоғары оқу орын­дарының алғашқы мис­сия­сы – білім беру, екіншісі – ғы­­­лым және соңғысы – өңір­дің әлеу­меттік дамуына үлес қо­су. Аталған іс-шара универси­тет­тердің үшінші миссиясына жа­тады, – деген еді Саясат Нұр­бек Астанадағы электрондық коммерция мектебінің жұмыс қорытындысына арналған іс-шарада.

Мысалы, Қ.Сәтбаев универ­си­теті жасы егде тартқан аза­мат­­­тар­­дың мүмкіндігін ашу­­­ға ба­­рын салып жатыр. Олар бі­рін­ші қадамды «Тір­ші­­лік қауіп­­­­сіздігінің негіз­де­рі», «Қар­­жылық сауатты­лық деңгейін арттыру» бағ­дар­ла­масын жасау мен IT факуль­теті іске қосудан баста­ған. Ал бола­шақта ге­­ронтово­лонтерлік қыз­метті әр­түр­лі салаларда жүзеге асыру үшін егде адамдардың бойына қажетті қабілеттер мен практикалық дағ­дыларды қа­лыптастыруға ар­на­лған «Кү­­­міс заманның ерік­ті­лері» атты факультет ашу жос­пар­ла­нып отыр. Өзгеше формат­тағы сабақтар аптасына 2 рет өткізіледі. Бір сабақтың ұзақ­тығы 1 академиялық сағат­ты құ­­райды. Бір оқу курсының ұзақ­­тығы 2 айдан аспайтыны – қа­­ты­сушыларға ыңғайлы. Тіпті са­бақ кестесі тың­даушылардың өтініш-тілек­теріне қарай жасалады. Кейде жоба-жоспарлар университеттің бағыттары мен әлеуетті тыңдау­шылар­­дың сұранысына қарай толық­­ты­рылуы мүмкін. Көбіне тың­дау­шылар тобы 12 адамнан аспайды. Сабақтар дәрістер, семинарлар, экскурсиялар, тренингтер түрінде өтеді. Жағ­дайға байланысты күндізгі фор­­матта немесе қашықтықтан оқы­тылады. Бір ерекшелігі – оқу аяқталғанда сертификат беріледі.

– Өзімді дамыту үшін осы жобаға қатысып жүрмін. Түр­лі бағыттардың қыр-сырын үйре­ніп, танымымды біршама кеңейттім. Шетелге шыққанда ағылшын ті­лі­нен қиналған едім. Қазір үй­ре­ніп қалдым. Осы тұрғыда пай­да­сы тиіп жатыр. Одан басқа пси­хо­ло­гиям­ды реттеп, спортпен айналысып, сергек жүрмін. Ба­сында тек денешынықтыру саба­ғына қатыстым. Сосын тігін тігуге қы­зы­ғып, оны да үйрендім. Қазір әдемі киімдерді өзім тіге бе­ремін, – дейді зейнеткер Әми­на Мұсабекова.

Бұл жобаның жалғасы ре­тінде егде жастағы жұмыс­сыз­дарды жұ­мыспен қамту мүм­кіндігі қа­рас­­тырылған. Соның арқасын­да олар жеке көмекші, жас мамандар тәлімгері, әлеу­меттік қызметкер, әлеу­меттік жұмыс бойынша кеңес­­ші болып жұмысқа орналаса алады. Еске салайық, «Күміс жас» жо­басы да іске қосылған еді. Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұны да­мы­тып, қатысушылар аясын кеңейтті.

– Бұған дейін «Күміс жас» жобасы 60 жастан асқандарға қарастырылған. Биылдан бас­тап оны 50 жасқа дейін төмен­деттік. Сөйтіп, жобаға қатысу­шылар аясы кеңейді. Жалпы, жұмыссыздардың дені – үйде бала күтімімен отырып қалған немесе түрлі себептермен еңбек ету мүмкіндігі болмағандар. «Күміс жас» жобасының мақ­саты – зейнет жасына жа­қын­даған жұмыссыз азаматтарды қолдау. Біз оларға жеке көмек­ші, әлеу­мет­тік қызметкер, атау­лы әлеу­меттік көмек бо­йынша немесе еңбекпен қамту орта­лықтарында консультант болуды ұсынамыз. Әлеуметтік сала бойынша жұ­мыс­қа орналастырамыз, – деген еді қазіргі Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Мысалы, былтыр 50 жас­тан асқан 15 166 адам «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа орналасты. Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау ми­нис­трлігінің мәліметінше, был­тырғы жоспар бойынша жалпы 14 295 адамды жұмысқа орна­ластыру керек еді. Сандар сөйлеген дерекке қарасақ, жос­пар толықтай орындалған. Жұ­мысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан (2103 адам), Қы­зылорда (1121 адам), Ал­маты (1099 адам), Қа­ра­­ған­ды (1092 адам) және Ақ­төбе (1056 адам) об­лыс­та­­­рын­да тір­­келген. Айт­пақ­­шы, жо­баны қаржы­лан­ды­ру жүйесі бар. Ең­бек мо­­биль­­­­­ді­лігі орта­лығы жұ­мыс беру­­­шінің жұ­мысқа кір­­гендер­ге ең­бек­­ақы төлеуге жұмсаған шы­ғын­дарының бір бөлігін өтеуге суб­­­сидия береді. Бірақ бәрі жоба шеңбе­рін­де болуы шарт. Ескере кету керек, бұл жобаға 50 жастан асқан және зейнеткерлік жасқа дейінгі жұ­мыссыз азаматтар ғана қаты­сады. Жобаға қа­тыс­қысы ке­летіндер мансап ор­талығына өтініш беруі қажет.

– Жұмыстың бірінші жы­лын­­дағы субсидиялар мөл­ше­­рі жала­қы мөлшерінің 70 пайы­зын, жұмыстың екінші жы­­лында – 65 пайызын, жұ­мыс­тың үшінші жылында – 60 пайызын құрайды. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұ­мыс бе­руші зейнеткерлік жасқа тол­­маған адамды кемінде 1 жыл мерзімге, сондай-ақ зей­нет­ал­ды жастағы адамды зей­нет­кер­лікке шыққанға дейін тұрақ­ты жұмыс­пен қамтуға мін­детті, – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрілігі Ха­лықты жұмыс­пен қамту депар­та­ментінің директоры Асқар Ниязов.

Біздің қоғамдағы «Үшінші жастағы университет» немесе «Күміс университеттерді» жаңа­шылдықтың жаршы­сы дейміз. Жаңа білім алып, дағ­дыларды игерген жұртшы­лық қоғамдық өмірге белсене атсалы­сады. Бұл адами ка­пи­талдың сапасын бірқа­лыпта ұстауға көмектеседі.

Жоғарыда келтірген «Life­long learning» немесе поэ­­тикалық тұрғыда айтар болсақ «өмір бойы оқып өту» тұжырымдамасы адам­ға ғұ­мыр бойы жаңа білім, кәсіби және жеке машықтарды қа­лып­­тастыратын үдеріс. Үздік­сіз оқыту тұжырымдамасын ежел­­­­гі философтар, нақтырақ айт­­­­сақ, Сократ дамытты. Бірақ олар жұ­мырбасты пенденің өзін және әлемді тануына көбірек үңіл­­ді. Не десек те, адам баласы дү­ние есі­гін ашқаннан бас­тап үне­мі жаңа­­шылдық іздеп өтетіні анық.