Екі ел де 2023 жылы Дүниежүзілік банктің қолдауымен Орталық Азияда тұңғыш рет әл-ауқат пен қаржылық тұрақтылықты жақсарту мақсатында тұтынушының төлем қабілетсіздігінің тетігін енгізген болатын. Алдын ала бағалау көрсеткіштері Өзбекстан жүйесінің келешекте нәтиже бере алатынын аңғартқан. Ал Қазақстан маңызды қосымша реформаларды жүргізу жөніндегі жұмыс қарқынын екі есе арттырмаса, тұтынушыларды шамадан тыс қарыздан құтқара алмайтын көрінеді.
«Қазақстан банктері негізінен өткен жылдардағы несиелеудің нашар практикасы салдарынан корпоративті кредит бойынша үлкен жоғалтуға ұрынды. Одан басқа да факторлар қосылып, өздерінің бизнес-моделін корпоративті несиелеуден тұтынушылық несиелеуге ауыстырды. Нәтижесінде, жеке тұлғалардың кредиті бірден артты: 2021 жылы – 41 пайызға, 2022 жылы – 31 пайызға. Несиенің дәл мұндай жедел өсімі тұтынушылық дефолттарға жақындатады. 2022 жылы тұтынушылық проблемалық несие 40 пайызға көбейді, 2023 жылдың 8 айында 31 пайызға артты. Қазір 1,5 млн Қазақстан азаматы тұтынушылық несиелерін төлеуді 90 және одан да артық күнге кешіктіріп алып отыр», деп жазады Дүниежүзілік банк мамандары.
Өзбекстанда жеке тұлғалардың несиесі 2019 жылы 64 пайызға ұлғайған. 2020-2022 жылдар аралығында тұтынушылық несиенің жыл сайынғы өсімі 37 пайызды құрапты. Өйткені экономика ашық саясатқа көше бастады, банктер несиелеудің жаңа сегменттерінде белсенділікті арттырды. Жағдайды ушықтырып алмас үшін 2023 жылы Өзбекстан Орталық банкі несиелеуге шектеу енгізген. Бірақ тура Қазақстандағыдай дефолт саны өсіпті: 2020 жылдан бері тұтынушылық несие үлесі үш есе өсіп, 2021 жылы 6,8 пайызға жеткен.
Сарапшылардың айтуынша, дефолттың дәл бұлай тез өсуі екі экономиканың да қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіреді. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, шамадан тыс қарыз үй шаруашылығының қолда бар кірісін азайтып, адамдардың әл-ауқатын айтарлықтай нашарлатып, әлеуметтік оқшаулану мен кедейлікті тудыруы мүмкін.
Тұтынушының төлем қабілетсіздігін бекіту, яғни өтеу немесе ішінара жеңілдету арқылы қарызды жою бірқатар әлеуметтік пайдалы мақсаттарға қолжеткізуге мүмкіндік береді дейді сарапшылар.
«Үлкен қарыздан құтылғаннан кейін борышкер мен оның отбасында қиындық азаяды. Белсенді жұмысқа қайта кірісуі оны экономикалық тұрғыдан қабілетті ете түседі. Кредиторлар болса борышкердің кепілде тұрған мүлкін саудалау арқылы өз кірісін оңтайландыра алады. Тұтынушылардың төлем қабілетсіздігінің жаңа қазақстандық жүйесі қазіргі заманғы қағидаттар бойынша қарыздарды өтеуді көздейді. Алайда бұл жүйе борышкер бірқатар талапты, негізінен қаржы институттарынан қарыздарды қайта алуға тыйым салуды сақтаған жағдайда қолданылады. Сонымен қатар қарызды өтеу банктер мен микроқаржы несие берушілерінен алынған қарыздармен шектеледі және салық қарызын немесе басқа қарыздарды қамтымайды. Ақырында, төлем қабілетсіздігі жүйесіне қол жеткізу бірнеше факторға байланысты», деп жазады.
Өзбекстанда борышкерлерге екі нұсқа ұсынылады. Олар өздерінің қаржылық жағдайына қарай қарызды өтеудің үшжылдық жоспарын ұсынады. Оны кредитор мақұлдауға тиіс. Егер кредитор ол жоспарды қабылдамаса, борышкердің сотқа жүгінуге құқы бар. Қарызды өтеу жоспары келісілмеген жағдайда алдағы тоғыз ай ішінде қарызды өтеу және жою процедурасы аяқталуы керек. Ол салықтан босатылмаған активтерді сатуды және борышкердің кірістерін тәркілеуді қамтиды (50 пайызға дейін).
«Өзбекстанның жеке төлем қабілетсіздігі жүйесі жақсы дамыған және тұтынушыларға өте қажет жеңілдік алуға көмектесетін қарызды өтеудің озық тәжірибесін қамтиды. Алайда билік негізінен жеңілдетілген соттан тыс процедураны енгізу немесе пайыздан гөрі қорғалған кірістің минималды мөлшерін енгізу арқылы қолданыстағы жүйені одан әрі жетілдіре алады. Керісінше, біздің елдегі жүйе тереңірек қайта қарауды, атап айтқанда, ешқандай мүлкі жоқ үмітсіз төлем қабілетсіз тұтынушыларға көмек көрсету тәсілін жұмсартуды талап етеді», дейді Дүниежүзілік банк сарапшылары.