Қаржы • 22 Ақпан, 2024

Қазақстан – Өзбекстан: Несие жүгі қалай жеңілдеп жатыр?

153 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік банк мамандары Қазақстан мен Өзбекстандағы тұтынушылық қарыз мәселесіне назар аударды. Олардың айтуынша, пандемиядан кейін қарыздың осы түрі күрт көбейді. Басы артық қарыз бен тұтынушылық дефолт қызыл сызыққа таяп қалған.

Қазақстан – Өзбекстан: Несие жүгі қалай жеңілдеп жатыр?

Екі ел де 2023 жылы Дүниежүзілік банктің қолдауымен Орталық Азияда тұңғыш рет әл-ауқат пен қаржылық тұрақ­тылықты жақсарту мақсатында тұтыну­шының төлем қабілетсіздігінің тетігін енгізген болатын. Алдын ала бағалау көрсеткіштері Өзбекстан жүйесінің келешекте нәтиже бере алатынын аңғартқан. Ал Қазақстан маңызды қосымша реформаларды жүргізу жөніндегі жұмыс қарқынын екі есе арттырмаса, тұтынушыларды шамадан тыс қарыздан құтқара алмайтын көрінеді.

«Қазақстан банктері негізінен өткен жылдардағы несиелеудің нашар практикасы салдарынан корпоративті кредит бойынша үлкен жоғалтуға ұрынды. Одан басқа да факторлар қосылып, өздерінің бизнес-моделін корпоративті несиелеуден тұтынушылық несиелеу­ге ауыстырды. Нәтижесінде, жеке тұлғалардың кредиті бірден артты: 2021 жылы – 41 пайызға, 2022 жылы – 31 пайызға. Несиенің дәл мұндай жедел өсімі тұтынушылық дефолттарға жақындатады. 2022 жылы тұтынушылық проблемалық несие 40 пайызға көбейді, 2023 жылдың 8 айында 31 пайызға артты. Қазір 1,5 млн Қазақстан азаматы тұтынушылық несиелерін төлеуді 90 және одан да артық күнге кешіктіріп алып отыр», деп жазады Дүниежүзілік банк мамандары.

Өзбекстанда жеке тұлғалардың несиесі 2019 жылы 64 пайызға ұлғайған. 2020-2022 жылдар аралығында тұтыну­шы­лық несиенің жыл сайынғы өсімі 37 пайызды құрапты. Өйткені эконо­ми­ка ашық саясатқа көше бастады, банк­тер несиелеудің жаңа сегменттерінде бел­сенділікті арттырды. Жағдайды ушық­ты­рып алмас үшін 2023 жылы Өзбекстан Орталық банкі несиелеуге шектеу енгізген. Бірақ тура Қазақстандағыдай дефолт саны өсіпті: 2020 жылдан бері тұтынушылық несие үлесі үш есе өсіп, 2021 жылы 6,8 пайызға жеткен.

Сарапшылардың айтуынша, дефолт­тың дәл бұлай тез өсуі екі экономиканың да қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіреді. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, шамадан тыс қарыз үй шаруашылығының қолда бар кірісін азайтып, адамдардың әл-ауқатын айтарлықтай нашарлатып, әлеуметтік оқшаулану мен кедейлікті тудыруы мүмкін.

Тұтынушының төлем қабілетсіздігін бекіту, яғни өтеу немесе ішінара жеңіл­дету арқылы қарызды жою бірқатар әле­у­меттік пайдалы мақсаттарға қол­жет­кізуге мүмкіндік береді дейді сарап­шылар.

«Үлкен қарыздан құтылғаннан кейін борышкер мен оның отбасында қиындық азаяды. Белсенді жұмысқа қайта кірісуі оны экономикалық тұрғыдан қабілетті ете түседі. Кредиторлар болса борышкердің кепілде тұрған мүлкін сау­далау арқылы өз кірісін оңтайландыра алады. Тұтынушылардың төлем қабілет­сіз­дігінің жаңа қазақстандық жүйесі қазіргі заманғы қағидаттар бойынша қарыз­дарды өтеуді көздейді. Алайда бұл жүйе борышкер бірқатар талапты, негі­зінен қаржы институттарынан қарыз­дарды қайта алуға тыйым салуды сақ­таған жағдайда қолданылады. Соны­мен қатар қарызды өтеу банктер мен микроқаржы несие берушілерінен алын­ған қарыздармен шектеледі және салық қарызын немесе басқа қарыздарды қам­­ты­майды. Ақырында, төлем қабі­­лет­­сіздігі жүйесіне қол жеткізу бір­неше фак­торға байланысты», деп жазады.

Өзбекстанда борышкерлерге екі нұсқа ұсынылады. Олар өздерінің қаржылық жағдайына қарай қарызды өтеудің үшжылдық жоспарын ұсынады. Оны кредитор мақұлдауға тиіс. Егер кредитор ол жоспарды қабылдамаса, борышкердің сотқа жүгінуге құқы бар. Қарызды өтеу жоспары келісілмеген жағдайда алдағы тоғыз ай ішінде қарызды өтеу және жою процедурасы аяқталуы керек. Ол салықтан босатылмаған активтерді сатуды және борышкердің кірістерін тәркілеуді қамтиды (50 пайызға дейін).

«Өзбекстанның жеке төлем қабілет­сіздігі жүйесі жақсы дамыған және тұтынушыларға өте қажет жеңілдік алуға көмектесетін қарызды өтеудің озық тәжірибесін қамтиды. Алайда билік негізінен жеңілдетілген соттан тыс процедураны енгізу немесе пайыздан гөрі қорғалған кірістің минималды мөлшерін енгізу арқылы қолданыстағы жүйені одан әрі жетілдіре алады. Керісінше, біздің елдегі жүйе тереңірек қайта қарауды, атап айтқанда, ешқандай мүлкі жоқ үмітсіз төлем қабілетсіз тұтынушыларға көмек көрсету тәсілін жұмсартуды талап етеді», дейді Дүниежүзілік банк сарапшылары.