Қонақтар алдымен Петропавлда жұмыс істеп, игілікті нәтижелерге қол жеткізіп жүрген компаниялар өнімінің көрмесімен танысты. Жасыратыны жоқ, меймандар провинцияда қоныс тепкен фирмалардың өніміне іскерлік көзқараспен қызығушылық танытты.
Көрмеден кейін форум жұмысы жалпы отырыспен жалғасты. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңір дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі 1,4 млрд доллар көлеміне жетті, оның 84 пайызы өңдеу өндірісіне тиесілі болды. Ал экономикаға құйылған барлық инвестицияның 40%-ы ауыл шаруашылығына бағытталды. Соңғы үш жылда өңірімізге 2,2 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылды. Былтыр тікелей шетел инвестициясының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2,6 есе өсіп, 282 млн долларға жетті. Бүгінде өңір экономикасының 15 пайызы өнеркәсіпке тиесілі. Былтыр өндіріс көлемі 1,4 млрд долларды құрады. Мұның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі басым. Бүгінде облысқа құйылған инвестицияның 40 пайызы ауыл шаруашылығына бағытталып отыр. Өңірде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде еліміздегі әрбір екінші тауарлы-сүт фермасының біздің өңірден ашылғанын мақтан етеміз. Біздің алдымызда аграрлы экономикадан аграрлы-индустриалды экономикаға көшу міндеті тұр. Өңірдің инвесторлармен серіктестік әлеуеті жоғары. Сіздерді әр салада бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», деді облыс әкімі.
Сонымен бірге ол өңірге кейінгі 3 жылда шетелдік 15 компания келіп, экономиканы дамытуға инвестиция құйғанын айтты. Ал инвесторларға 2019 жылы құрылған «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының жеңілдіктері мол екенін еске салды. «Qyzyljar» еліміздегі ең жас АЭА болса да, оның аумағында төрт бірдей аса ірі компания өнім шығарып жатыр. Атап айтқанда, ауылшаруашылығы техникаларын құрастыратын «Claas» концерні, «Казтехмаш» ауыл шаруашылығы құрылыс зауыты, тіркеме мен басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын «Reimann» фирмасы және Петропавлдың электртехникалық зауыты.
«Қазір 4 ірі компания өз жұмысын бастап кетті. Мұның үстіне 16 компания жалпы құны 632 млн доллар болатын жобаларды жүзеге асырып жатыр. Нәтижесінде, аймақта 3 мың жұмыс орны пайда болмақ. Кейінгі үш жылда құрылыс көлемі де артып, 70 пайызға өсті. Облыс орталығының жаңа бас жоспарының аясында жаңа нысандар бой көтеріп, ескі ғимараттар жөнделіп жатыр», деді Ғауез Торсанұлы.
Әкімнен кейін сөз алған Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов кейінгі жылдары Солтүстік Қазақстанда инвестиция тарту айтарлықтай өскенін атап өтті.
«Өткен жылы «Qyzyljar» АЭА-да негізгі капиталға құйылған қаржы көлемі 17 пайызға өсті. Инвесторлар үшін мұнда қолайлы жағдайлар жасалған, салықтық жеңілдіктер мен әріптестіктің оңтайлы жолдары қарастырылған», деді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин министрлік тарапынан аталған саланы қолдау шаралары жайлы баяндама жасады. Биыл пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға республика бойынша барлығы 85 млрд теңге бөлінсе, соның 10 млрд теңгесі Солтүстік Қазақстан облысының шаруаларына бағытталған.
«Басым бағыттар бойынша салынған қаржының бір бөлігін өтеу де көзделген. Ел Үкіметімен ірі жобалар бойынша келісімге келген стратегиялық инвесторлар жер, табыс, қосымша құн салығынан босатылады. Өткен жылы елдің ауыл шаруашылығына тартылған қаржының 17 пайызы Қызылжар өңіріне бағытталып, 200 млрд теңгеге жеткен. Өңірдегі жобаларға жеңілдетілген несие беру тәжірибесі ел бойынша қолданысқа енгізіліп жатыр. Былтыр өңірде тауарлы-сүт фермаларын салуға 100 млрд теңге бөлінсе, биыл да осынша көлемде қаражат қарастырылып отыр», деді Аманғали Бердалин.
Мінбеге көтерілген италиялық «Prosol» компаниясының өкілі Сырым Абылғазиев өңірде ашылатын өндіріс орнының жоспарын таныстырды.
«Prosol» компаниясы биотехнологиялық өнімдерді терең өңдеумен айналысады. Зауыт солтүстік Италиядағы Милан қаласының маңында орналасқан. Қазір Қытай және Америка нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Өндірісті кеңейту үшін «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында зауыт құрылысын салуды қолға алдық. Онда белсенді жем-азықтық ашытқы өндіріледі. Солтүстік Қазақстан – логистикалық жағынан өте тиімді аймақ. Әлемде биотехнология арқылы мал азығының қоспаларын шығаратын 4 зауыт қана бар. Өзім осы саланың маманы болғандықтан, келешекте мұндағы зауытты да бұл қатарға қосқым келеді», деді Сырым Абылғазиев.
Кейінгі жылдары Ресейден келіп жатқан өндіріс орындары да көп. Солардың бірі – «Бейкертон» серіктестігі. Компанияның көрші елде түрлі тағам өнімдерін шығаратын үш зауыты бар. Қызылжар өңірінде салынатын зауытта ұзақ сақталатын нан өнімдері мен донаттар (пончик) өндіріледі. Сол сияқты «Уралкран» компаниясы да арнайы экономикалық аймақта өндіріс орнын ашқалы жатыр. Онда жүк көтеру крандары құрастырылып, сервистік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейтін болады.
Форумның екінші бөлігінде жергілікті және шетелдік құрылыс саласының өкілдері жобаларын таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті. Жиын соңында облыс әкімі бүгінгі форумға келген елордалық әріптестерге, барша инвесторларға, Қытай, Ресей, Италия компанияларының өкілдеріне алғысын білдірді.
«Біз инвесторларға қолдау көрсетіп, жаңа идеялар мен тың жобалардың жүзеге асуына жәрдемдесуге дайынбыз. Өңірдің логистикалық орналасуы да бизнес үшін тиімді. Ал өңірдің ең басты байлығы – адам капиталы», деді жиынды қорытындылаған өңір басшысы.
Форум барысында қала әкімдігі «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы өкілдері мен инвесторлар арасында құны 128 млрд теңгені құраған 14 меморандумға қол қойылды.
Солтүстік Қазақстан облысы