Сараптама • 22 Ақпан, 2024

Сарапшылар даму жоспарына неге қарсы?

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ашық НҚА» порталында жарияланған Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының жобасы Президент қойған мақсатқа сәйкес келмейді». «Парасат» кәсіпкерлер альянсы, «Байтақ» және «Қазақстан халық партиясы» өкілдері осылай дейді. Құрамына Сенат пен Мәжілістің 15 депутаты кіретін альянс үйлестіру кеңесі өкілдері жоспардың баламалы нұсқасының тұжырымдамасын ұсынды.

Сарапшылар даму жоспарына неге қарсы?

Фото: kz.kursiv.media

«Ұлт жоспарында мемлекет көтерген мәселелердің ше­­шімі жоқ. Мәселен, қуатты ин­дус­триялық база құру және эко­­номиканы еселеу. Жалпы, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнда жаңа экономикалық бағытты айтып отыр. Өкінішке қарай, біз оны жоспардан көре алмадық. Бизнес пен Үкіметтің өзара әрекеттесуі сияқты мәселелер де нақты көрсетілмеген. Жос­пар­дың өзі осы айдың 5-і күні ғана талқылауға шықты. Ол 19 ақпанға дейін жалғасты. Бұл – тым қысқа уақыт. Тағы бір уәж, құжат қоғам мен биз­нес­тің қатысуынсыз әзір­ленді. Сөй­тіп, маңызды құжатты да­йындау ісінде әлі де ескі тә­сіл­дер жалғасып жатыр», дей­ді «Парасат» кәсіпкерлер альян­­сы басқарма төрағасы және «Қазхимөнеркәсіп» АҚ төрағасы Олег Пак.

Айтуынша, елдегі ресурс­тар­ға не­гізделген экономика мәсе­лесін шешу де жос­парда қа­растырылмаған. Ши­кі­зат экспортын екі есе ұлғай­ту ар­­қылы экономиканы есе­леп көтеру мүмкін емес. Сон­дықтан мұны «экспортқа бағытталған, қосылған құны жоғары өнім өндіру» арқылы жү­зеге асыру керек дейді. Жиында Үйлестіру ке­ңесінің мүше­лері даму жос­парының өз­дері дайындаған нұс­қасын қабыл­дап, Үкіметке ұсынуға уәде берді.

«Транспарент тариф» қа­уым­­­дастығының төрағасы Петр Своик биыл елі­мізде нақты ұлттық және инфра­құ­­­рылымдық жоспардың жоқ­­­тығын, ал бұрынғы Үкі­мет әзірлеген жобалар па­ке­ті кү­­шін жойғанын айтты. Ол жаңа ұлттық жоспарды «сту­дент­тік эссе» деп атады. Са­рап­шы Мемлекет басшы­сы­ның ел жағдайын жақ­сар­ту­да «көп­теген дұрыс ойлар айт­қанын» тәптіштеді. Мә­селен, кедейлік тұзағы, әлеу­меттік-экономикалық реформалар және экономиканың олигополияға емес, халыққа ба­ғыт­талғаны туралы ұсыныс-ойларын жеткізді.

Баламалы жоспар жобасын «Байтақ» жасылдар партиясы да қолдады. Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев ұлттық жоспарда осыдан бір жыл бұрын қабылданған еліміздің 2060 жылға дейінгі көміртегі бей­та­рап­тығына қол жеткізу стратегиясына басымдық беру­ді ұсынды.