Пікір • 22 Ақпан, 2024

Инвестициялық тартымды аймақ

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұған дейін тасада қалып келген тұстарды атап өтіп, еліміздің одан әрі дамуы үшін қажетті бағыттарды айқындап берді.

Инвестициялық тартымды аймақ

Президент мемлекеттің әртарапты дамуы үшін маңызды мәселелерді көтеріп, Үкімет пен аймақ басшыларының, тиісті министрліктердің алдына жаңа міндеттер қойды. Қ.Тоқаев экономикаға жеткілік­ті қаражат салынбауы қиындыққа соқ­тыруы мүмкін екенін, сол себепті Үкіметтің жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажеттігін айтты. Бұл тұрғыда жаңадан құрылған Инвестициялық штабтарға жүктелетін міндет пен сенім жүгі ауыр. Өңірлердегі әкімдердің қызметіне бағаның инвестиция тартуына қарап берілетіні де көңілге қонымды, әйтпесе қолда бар ақшаға сеніп, бар қаражат көлеміне қарай қимылдайтын әкімдер жоқ емес. Сондай-ақ мекеме басшыларынан шетелге жасаған іссапарлары­ның қорытындысы сұралатыны – мағына­сыз жүріс-тұрысты шектеп, нәтиже­ге жұмыстануды қадағалауға жасалған қадам. Бұған дейін алыс-жақын шетелдерге қаншама іссапар болды, бірақ нәтижесі белгісіз.

Ақтау қаласындағы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында өңірге инвестиция салу мақсатында келіп, кәсіпорындарын ашқан бірқатар шетелдік компания бар. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, инвесторлар келу қарқыны арта түседі. Себебі теңіз жағасында орналасқан, туристік тартымдылығы жоғары, өзіндік өндірістік әлеуеті бар Маңғыстауға шетелдік инвесторлардың қызығушылығы қашанда бар.

Аймақтың инвестициялық әлеуеті жоғары екенін оның стратегиялық орналасуы және қолайлы бизнес ортасы ретінде айқындалуы көрсетеді. Өңірдің табысы инвестициялық қызметтің тиімділігімен тікелей байланысты. Өйткені инвестиция­лар – жалпы аймақтық өнімге әсер ететін маңызды фактор. Өңірдің стратегия­лық жоспарына сәйкес, бұл бағыттағы бірқатар жоба өндірістік қуаттылықты ұлғайтуға, жалпы экономиканың бірқатар саланы дамытуға ықпал етумен қатар, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативтік ықпал етеді.

 

Айгүл ЕСТУРЛИЕВА,

Ш.Есенов атындағы  Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры