Сенат • 22 Ақпан, 2024

Ауылға арналған бағдарламаның нәтижесі көңіл көншітпейді – сенатор

130 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай урбанизация 70%-ға жетуі мүмкін. Қазақстандағы қала халқының үлесі де өсіп келеді. Сенатор Жанболат Жөргенбаев өзінің депутаттық сауалында ауылда өмір сүруге арналған кешенді жағдай жасау қажеттігі туралы айтты, деп жазады  Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Ауылға арналған бағдарламаның нәтижесі көңіл көншітпейді  – сенатор

Фото: zhanbolatzhorgenbaev

Сенатор еңбек нарығы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан өңірлер де, мегаполистер де бүгінде мұндай көші-қонға дайын емес екенін айтты. Депутат басты мақсат – ауылдық аумақтардың әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіру негізінде еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.   

- «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2019-2023 жылдары республикалық бюджеттен 524 млрд теңге бөлініп, 1,5 мыңнан аса ауылдық елді мекенде 5 мыңнан астам жоба іске асырылды. Әйткенмен оның нәтижесі көңіл көншітпей отыр. Шекара маңындағы ауылдардағы бюджеттік инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталған бөлек бюджеттік бағдарлама ашу керек. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамада белгіленген ауылдық үстемақыдан тыс мемлекеттік шекараға 50 км жақын орналасқан ауыл қызметкерлері үшін лауазымдық жалақыға 50%-ға дейінгі мөлшерде үстемақы белгілеу мүмкіндігін қарастыру керек, - деді Ж.Жөргенбаев.