Инновация • 22 Ақпан, 2024

Инновациялық жобалар жетістігі

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде отандық инновациялық жобалар елімізге ғана емес, әлемге танылып үлгерді. Мәселен, «Smart Data Ukimet» (SDU) ақ­параттық-талдау жүйесі 2023 жылғы беделді Future of Government Awards марапатында Open Source Adaption санатында ТОП-3 қатарына енді.

Инновациялық жобалар жетістігі

Дүниежүзінің 50 елінен 300 жобаның ішінде аталған жобаны Біріккен Ұлттар ұйымының даму бағдарламасы, Public Digital және AWS институты ерекше атап өтіп, оны басқа мемлекеттерге пайдалануға ұсынды. Бұл еліміз үшін үлкен жетістік қана емес, ол әлемдік инновацияға қосқан үлесімізді көрсетті. The Future of Government Awards цифрлық шешімдер мен технологиялар арқылы адамдардың өмірін өзгертетін практиктерді, топтарды және көшбасшыларды айрықша атайды. Аталған жүлде бар идеяны қайта пайдалану мен бейімдеудің маңызын көрсетіп, бастапқы ашық кодты шешімді жаңа тәсілдермен сәтті пайдаланған ұйымға беріледі. Әсіресе мұнда басқалардан үйреніп, бастапқы ашық кодты шешімдер тәжірибесіне сүйенетін Үкіметтің көшбасшылығына баса назар аударылды.

Айта кетейік, «Smart Data Ukimet» – 87 дерек базасы біріктірілген мемлекеттік деректер қоры. Онда ведомствоаралық сараптаманы өте жылдам құруға мүмкіндік беретін дерекпен жұмыс істейтін көптеген құрал бар. Аталған қор үлкен дерек бойынша шешім қабылдаудың технологиялық негізін жасады.

Сондай-ақ жақында «Отбасының цифрлық картасы» жобасы Дубайда өткен дүниежүзілік үкіметтік саммиттің әлемдік аренасында 1 300 өтінімнің ішінен «Инклюзивті цифрлық трансформация» санатында лайықты деп танылды. Бұл марапат мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту мен отбасылардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге арналған инновациялық тәсілдің маңызын айшықтады.

Отбасының цифрлық картасы – 40-тан астам мемлекеттік дерекқордан азаматтар туралы ақпаратты ескеретін бірегей скорингтік модель. Жоба 100-ден астам критерийге сүйене отырып, отбасылардың әл-ауқатының санатын анықтап, мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мерейлі марапат Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің еліміздегі Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасымен бірлесіп атқарған жұмысының табысты нәтижесі деп айтамыз.

БАӘ құрған GovTech Prize бастамасы мемлекеттік саладағы инновациялық шешімдерді тану мен ынталандыруда маңызды рөл атқарады. Бұл тәжірибе алмасуға және әлемдегі мемлекеттік органдар арасында озық дүниені таратуға ықпал етіп қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын жақсартады.