Жастар • 22 Ақпан, 2024

Швейцариядағы Рамазан

78 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Талаптының тоқпағы тасқа шеге қағады», деп халқымыз қалай тауып айтқан. Қазір талаптанған қазақ баласы шетел асып, білім іздейді. Рамазан Құрбанбаев Швейцариядағы «Cesar Ritz Colleges» университетінде қонақүй ісі мамандығының 4-курсында оқиды. БИЛ-дан шыққан білімді бозбала сол оқу орнының президенті болып сайланған.

Швейцариядағы Рамазан

Рамазан Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Жасы жиыр­ма­да. Білім-инновация лицейі­нің түлегі. Бүгінде Швейцария­дағы әлем танымал үздік универ­ситеттердің бірінде «Туризм, қо­нақ­жайлылық және қонақүй іс­тері» мамандығында оқып жатыр. Оқу орнына IELTS нәтижесі және атестаттағы білім көрсеткіші ар­­қы­­лы түскен. Швейцарияны таң­­­да­ған себебі – олардың білім деңгейі мен оқу жүйесі жоғар­ғы дәрежеде. Бір жағынан, Рама­зан­ның мамандығы туризм болған­дықтан, ел таңдаудан қателес­пеген. Бұл мемлекеттің туризм және қонақжайлылығын көп ел үлгі тұтады.

– Швейцарияға 2021 жылы жазда келдім. Мақсатым – қонақ­жай­лылықтың қыр-сырын үйрену еді. Ата-анам бұл шешімімен то­­лықтай келісіп, мені жан-жақ­ты қолдады. Жалпы, туризм ма­мандығы мемлекеттің басты құн­­дылығына айналуы керек. Сон­­дықтан да шетелде осы ма­ман­дықты оқып, өзге мәдениет­терді үйреніп, өз еліме еңбек еткім келеді, – деді Рамазан.

Туризмі дамыған мемлекеттің оқу жүйесі де бір жолға түскен. Мұн­да студенттерге барлық жағдай жасалған деседі. Мысалы, Рамазан университетте 3 жыл оқиды. Осы уақыт аралығында ол алты ай сайын екі рет тәжірибе­ден өтуге тиіс. Жоғары оқу орны өздері әлемнің кез келген еліне жұмысқа баруға, тәжірибеден өтуге көмектеседі. Сабақта зама­науи біліммен бірге тарихи білім де береді. Бір қызығы, универ­ситеттің 2 кампусы екі түрлі қалада орналасқан.

– Өзім студенттік өмірде бел­сен­дімін. Түрлі танымдық, спорт­тық клубтарға мүшемін. Сондай-ақ музыка, фото және үстел тен­нисі клубын аштым. Кейін үш мәрте студенттік комитеттің мү­шесі болып, түрлі позициялар­да жұмыс істедім. Іс-шаралар ұйым­дастырдым. Содан кейін мені президент етіп сайлады, – деді ол.

Білікті жерде білім алып жүр­ген Рамазанның жеке жағдайы да жақсы. Шетелдік оқу орнының көрсеткен ықыласына көңілі тола­ды. Жатақханадан орын бе­ріп, әр бөлмеге бір адамнан орна­лас­тырған. Бұл жақта француз тілін білу міндетті. Рамазан француз тілін елде жүргенде, мектептен оқып бастаған. Қазір де бар уақытын ізденіске арнап жүр. Тек білім алып қана қоймай, жұмыс істеп, тәжірибе де жинаған. Ол жағынан қиындық көрмепті. Себебі жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалып, жоғары жалақы төленеді.

– Осыған дейін даяшы, ресепшн, сатушы секілді түрлі жұмыс істедім. Кейде тіл жағы­нан қиналдым. Өйткені тұрғын­дар жергілікті диалектімен сөйлеген­де түсінбей қаламын. Мұнда заң бойынша аптасына жұмыс сағаты 40-45-тен аспауы керек. Сағатына орташа есеппен 23 франктан бастап төленеді. Негізі бұның барлығы жұмысшыға тиімді жағ­дай деп есептеледі, – деп ойын толықтыра түсті.

«Отаныңнан қанша шақырым ұзақтасаң, сонша шақырым рухани жақындай түсесің», депті Қадыр Мырза Әли. Расында да, қанша жерден үлде мен бүлдеге оранып жүрсең де, отаныңнан жырақта жүргенің білінеді. Швей­цариядағы қазақтар да бір-бірін аңсап, үнемі бас қосады. Оның ішінде бүгінгі кейіпкеріміз де бар. «Бұл жақта әр елдің асханасын таңдап жейміз. Өзіміз оқу орнынан тоя тамақтанамыз. Әр апта сайын түрлі елдің дәмді асы әзірленеді. Қазақша асхана жоқ. Сондықтан анда-санда жиналып, қазақша ет асып жейміз», деді ол.

Сондай-ақ ол мұндағы «Бір­лік» атты қазақтар қауымдас­тығы туралы да мол мағлұмат берді. Оның айтуынша, мұнда бір­шама қазақ қоныстанған.

Мысалы, ол тұратын қалада бір қазақ отбасы бар. Олар фармацевтика саласында жұмыс істейді. Осы қауымдастықпен қосылып, ұлттық мерекелер мен той-думандарды бірге атап өтеді.

Қазір шетелге білім алуға барып, қалып қойып жатқан жастар көп. Әрине, оларды сынамаймыз. Дегенмен білікті мамандар елге ауадай қажет. Рамазан да бұл ойымызға қосылады. Ол шетелде алған білімін елдегі жағдаймен байланыстырып, біраз өзгеріс енгізгісі келеді. Тіпті еліміздегі туризмге қатысты дамуға тиіс салаларды атап өтті.

– Біріншіден, біздің елге инфраструктураны дамыту керек. Қаншама керемет елді ме­кен­­дер бар, бірақ жету қиын. Екін­ші­ден, бір туристік мекен мен екіншісінің арасы алыс ор­на­­ласқан. Сондықтан турис­тер­дің жан-жақтан жиі келуі үшін транспорт түрлерін дамыту қажет. Үшіншіден, жергілікті халықты, әсіресе туристік аймақ­та тұратындардың туристерге үйренісуі маңызды, – деді ол.

Швейцариядан алар үлгіміз көп. Медицина, туризм, инфраструктура, экономика жағынан бізден әлдеқайда алда екені анық. Даму үдерісіне байланысты қоғамның өмір сүру салты да өзгеше. Рамазан мұнда барлығы уақтылы, тәртіппен жүреті­нін айтты. Мысалы, ол тұратын ша­­­­­һар­­дың түнгі мезгілі өте тыныш, тіпті үлкен қалаларда адамдар түнде аз жүреді. Жексенбі күндері барлық орталық, дүкен және дәріханалар жабық болады. Халықтың дені кемін­де 2 тілде сөйлейді. Жалпы, Швей­царияда ресми 4 тіл бар: неміс, француз, италия және румын тілі. Мемлекеттің 60 пайызы тау­лы жерде орналасқан. Соған қара­мастан инфрақұрылымы алдыңғы қатарда. Сондай-ақ ерек­шелігі – ел президенті жыл сайын ауысады. Бұл дерекке Рама­зан ерекше таң қалған.

«Мұндағы отбасылық дәстүр­лерді онша білмеймін. Дегенмен мен білетін ереженің бірі – қонаққа кешке барғанда түнгі 12 болмай қайтуы керек. Сондай-ақ жергілікті жұрт балаларымен ересек адам ретінде қарым-қатынас жасайды», деген қызық ақпарат айтты.

Осы тұста ескерер бір жайт бар. Неміс ғалымы Харс Йенсен «Елден ғалымдар, ақыл-ой иелері кетсе, сол елдің сәні – интеллигенция құриды. Ондай елде бизнесмендер билікке келеді, көшедегі кім көрінген саясаткер атанады. Ал әртістер мен спортшылар, базардағы алыпсатарлар депутат болады», дейді. Осы сөз көкірегі ояу азаматтардың көңіліне қонса дейміз. Қолынан іс келетіндер шетелден алғанын өз шекпеніне тақса дейміз. Біз бірақ дей береміз...