Жастар • 23 Ақпан, 2024

NEET жастарға грант беріледі

135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

NEET санатындағы жастарға грант беру «Zhas Project» шағын гранттар конкурсы арқылы жүзеге асады. Өтінімдерді қабылдау 25 наурыздан басталады. Биыл аймақтағы әлеумет­тік жобаларды қолдауға 14 грант бөлінеді.

NEET жастарға грант беріледі

Бұл жоба Мәдениет және ақ­парат министрлігі мен Аза­маттық бастамаларды қолдау орталығының тапсырысымен іске асады. Әр өңірде оның амбас­садоры – жер-жердегі жас­тар ресурстық орталығы.

«Қазақстанның Экологиялық қоры» қоғамдық қоры – жоба­ның биылғы операторы. Жо­баның бұл жолғы басты ерек­шелігі – NEET санатындағы жас­тарды ынталандыруға ба­ғыт­­талғандығында.

«Zhas Project» әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы NEET санатындағы 18 жастан 35 жасқа дейінгі жас отандастарымызды қолдауға бағытталған. Конкурстың ережесімен zhas­-­­p­roject-karaganda-kos­tanai.kz веб-порталында танысуға болады. Әлеуетті қатысушылар веб-ресурста жеке тіркеуден өтуі, сауалнаманы толтыруы және қажетті құжаттарды тіркеуге тиіс. 24 наурызға дейін ақпарат­тық-түсіндіру науқаны өтеді, ал өтінімдерді қабылдау 25 нау­рыздан басталады», дейді «Қа­зақстанның Экологиялық қоры» қоғамдық қорының президенті Айгүл Әбдуалиева.

Конкурсқа өтінім беру үшін жеке куәліктің көшірмесін, электрондық үкімет порталын­дағы жеке кабинеттен облыс аумағында тіркелгенін растау, қатысушының осал мәртебесін растайтын құжаттарды тіркеу қажет.

«Қатысушы NEET санатына жататын, өтінім берген уақытта тұрақты немесе уақытша 3 ай тіркеуде болған, жасы 18–35 ара­лығындағы ел азаматы бо­лу­ға тиіс. Былтыр 23 өтініш түс­ті, оның 14-і қолдау тапты. Биылғы конкурсқа Қарағанды және Қостанай облыстарының тұрғындары қатыса алады», деді қор басшысы.

Шағын гранттар конкурсына қатысу туралы қосымша ақ­па­ратты Сall-орталықтан алу­ға болады. Конкурстың қоры­тын­дысы осы жылдың қара­ша айын­да өтетін форумда жарияланады.

Жастарға жігер сыйлайтын «Zhas Project» жобасы 2022 жы­лы Алматы, Жетісу, Қара­ға­н­ды, Маңғыстау, Түркіс­тан және Ұлытау облысында қанат­қақты режімде басталған еді. Был­тырдан бастап еліміздің бар­лық өңірінде іске асырылып келеді. NEET жастары арасында кәсіпкерлік деңгейін арттыруды көздейді.

 

Қарағанды облысы