Денсаулық • 22 Ақпан, 2024

Сергіткіш сусынның зияны

332 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұрын маскүнемдікті қоғамның дерті санасақ, қазір жастар үйір болып жүрген энергетикалық сусындардың зардабы одан кем түспейді. Бұл – саламатты ұлт қалыптастыруға мүмкіндік бермейтін жағдай.

Сергіткіш сусынның зияны

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жуырда «вейп» деген атауы бар электронды шылымды тасымалдауға, сатуға заң шеңберінде тыйым салынды. Қоғам белсенділері мен ата-аналардың ұсыныс-тілегі билікке жетті. Осылайша, вейптен бас тартқан елдердің қатарына біз де қосылдық. Әйтпесе, құрамы күмәнді тауарлар балалардың оңай олжасына айналған еді. Емін-еркін сатып алатын. Осы сәтті бастаманың ізінше энергетикалық сусындардың сатылымына да белгілі бір деңгейде шектеу енгізілсе дейсің. Қатаң бақыламасақ та, мұндай сусындарды балалардың сатып алуына заңмен жол бермеуге болады ғой. Былтыр Шымкент қаласында энергетикалық сусындарды жасырын, заңсыз өндірген топтың ісі әшкереленді. Мұнымен біз ресми тіркеліп, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың өнімі пайдалы дей алмаймыз. Шетелден келетін тауарлардың сапасын, құндылығын, құрамын үнемі бақылап отыру қиын. Бірінің зиянды қоспалары екіншісінен көбірек болса ше? Біле алмайсың. Білген­нің өзінде сергіткіш қасиеті бар өнімнің денсаулыққа зияны болмаса, пайдасы бар дегенге еш ғылыми негіз жоқ.

Бұл расында мемлекеттік деңгейде реттеліп, шешілетін мәселе болғанымен дені сау ұрпақ қалыптастыруды ойласақ, күрделі ахуал дәрігерлерді ғана емес, әрқайсысымызды алаңдатуға тиіс. Сер­гіт­кіш сусындардың зияны жөнінде бұ­рын­­нан айтылып, жазылып та жүр. Өкі­ніш­ке қарай, оның бала денсаулығына аса қауіпті екенін көпшілік елеп-ескеріп жатқан жоқ. Балалардың зиянды заттарға жуымауын мектепте мұғалім, үйде ата-ана қадағалады делік. Ал түзде, мектептен үйге дейінгі аралықта ше? Біз, қазіргі аға буын бұрынғы жүйені көрдік, сонда да кеңес билігінің барлық саласы нашар болды деуден аулақпын. Мысалы, кадр даярлау, тәрбие, сатылап өсіру, социалистік заңдылық, оқу, медицина сынды бағыттар тәп-тәуір дамыды. Халықтың дұрыс тамақтануына қатысты мәселелер ғылыми түрде жақсы зерттелді. Зиянды өнім, зиянды сусын шығарылмады. Сапаға көңіл бөлді. Зауыт, фабрикадан шығатын өнім жіті, қатаң тексеріске түсетін. Өнімнің сапасын растау дегеніңіз зауыт басшылары үшін мұң еді. Талап қатаң. Шетелден келетін азық-түліктерге шектеу қойылатын. Аптасына бір мәрте бүкіл қоғамдық тамақтану орындарының ас мәзіріне балық өнімдерінен әзірленетін тағам қосылатын. Қазір әркімнің денсаулығы өз қолында дегенмен, санасы жетілмеген, кәмелетке толмаған балаларды зиянды заттардан арашалап қалу ортақ міндет деп түсінуіміз керек.

Жақында дәрігер танысымыздың сабақта алаңсыз отырған 16 жастағы ұлы жүрек талмасымен құлады. Абырой болғанда қасынан алғашқы көмек көр­сететін адам табыла кетіп, жедел жәр­дем қызметі уақтылы келген. Содан жасөспірім аман қалып, толық емделіп шықты. Кейінірек сұрастырсам, бала осыған дейін ешқандай созылмалы ауру­­мен есепте тұрмаған. Әке-шешесі жағынан тұқым қуалайтын аса қауіпті ауруға шалдыққандар жоқ. Бір кемшілігі, энергетикалық сусындарды жиі пайдаланады екен. Мұндай жайттарды тізіп шығар болсақ, жетіп артылады. Өкініштісі, осындайда дәрігерлер де сыр­қат­тың нақты неден туындағанын дәп басып, шорт кесіп байлам жасай алмайды.

Ашық ақпараттарда энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин адамның ойлау жүйесін жетілдіріп, физикалық қабілетін ынталандырады деп жарнамаланады. Ал шын мәнінде газды немесе газсыз, құрамында қант немесе тәтті заттектер, шөп сығындысы, таурин, амин қышқылдары бар бұл сусындар ағзаға кофеин, қант және басқа да зиянды қоспалар арқылы кері әсер етеді. Энергетикті алкогольді ішімдіктермен араластырып тұтынған кезде немесе шамадан тыс, үнемі пайдаланғанның салдары жүрек және жүйке ауруларын тудыруы ықтимал. Сол үшін де өндірушілер сусын қалбырына күніне екі құтыдан артық пайдалануға болмайтынын, жүкті әйелдерге, 16 жасқа дейінгі балаларға, жүрек ауруына шалдыққандарға, қан қысымы жоғарыларға және сусамыр, кофеинге аллергиясы бар сырқат адамдарға тұтынбауға кеңес беретінін жазған. Сол секілді спортшыларды жаттығу кезінде пайдаланбауға шақырған. Түсініп тұрғандарыңыздай, кәсіпкерлер кеңес берумен шектеледі, тыйым салмайды немесе тыйым салуға құқы жоқ.

Америкалық педиатрия академиясы энергетикалық сусындардың жүрек-қан тамырларына, жүйке жүйесіне зия­нын ескеріп, жасөспірімдердің пайдаланбауына кеңес береді. Ол аз десеңіз, Мэриленд штатындағы университеттің ғалымдары энергетикалық сусындарды үнемі пайдаланатын жастар мен есірткі пайдаланатындардың арасында байланыс барын анықтаған. Кейінгі жылдары бірқатар мемлекет, әсіресе Ресей мен АҚШ-та сергіткіш сусындарды көп мөлшерде пайдаланудың салдарынан студенттердің мезгілсіз қазаға ұшырауы жиілеген. 2010 жылдың желтоқсанынан АҚШ-тың кейбір штаттары құрамында кофеині бар энергетикалық сусындарды түгел дүкен сөрелерінен алып, сатуға тыйым салды. Еуропаның бірнеше елінде энергетикалық сусындарды тасымалдауға, сатуға шектеу қойылған. 2018 жылы Ресейдің кейбір облыстары энергетикалық сусындарды кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салу туралы заң қабылдады. Заң талаптарын бұзған азаматтарға тағайындалған айыппұлдың көлемі де әжептәуір. Жеке басының тыныштығын ойлаған кәсіпкерлер қомақты айыппұл төлегеннен заңды сақ­тауға тырысатыны анық. Көрші Өзбек­станда да 2018 жылдан бастап энер­гетикалық сусындарды кәмелетке толмағандарға сатуға және жарнамалауға қатаң тыйым салынған.

Біле білсеңіздер, осы ұтымды бастамалардан біз де құр қалған жоқпыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қарашасында Үкіметке елімізде кәмелетке толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу мәселесін қарастыруды тапсырған. Әзірге біз энер­гетикалық сусындарға қатысты талаптар күшейіп, балалардың болашағына алаңдап отырған ата-аналардың көптен күткен шешімі қабылданар деп үміттеніп отырмыз. Басқа не шара, қолдан келетіні – осы.

 

Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,

журналист

 

Қызылорда