Табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұра алмай, қалың қарда қалған адамдарды құтқаруға ауыл азаматы Алмат Қазыбаев өзінің жеке техникасымен келіп, жолды ашып, үсікке ұрындырмай аман алып шыққанына саяхатшылар ризашылығын жаудырды.
Қиын-қыстау шақта қолұшын беруге даяр тұратын Алмат Тастанұлын Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев Алғысхатпен марапаттады.
«Ауа райының қолайсыздығынан жолда қалған саяхатшыларды қар құрсауынан шығару үшін техникасы бар азаматтар қажет болды. «Ердің ерлігі сын сағатта танылады» демекші, өзіңіздің жеке техникаңызбен қарлы бұрқасынға қарамай, басыңызды қатерге тіге отырып, қар құрсауында қалған адамдарды құтқаруға жолға шықтыңыз. Сіздің жауапкершілікпен атқарған жұмысыңыздың арқасында 18 адам отбасына аман-есен оралды. Бұл әрекетіңізбен өзіңіздің нағыз ер азаматқа тән батылдығыңызды көрсеттіңіз. Сізге төтенше жағдай күні адамдарды аман алып қалу жолында көрсеткен ерен еңбегіңіз үшін алғыс білдіремін», деді аудан әкімі.
Адамгершіліктің үлгісін көрсеткен ауыл азаматының бұл батылдығы мен табандылығы талайға өнеге дер едік.
Алматы облысы