Президенттің айтуынша, әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексінде инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, бюджетке қажетті көлемде қаржы түсіру бойынша көкейге қонымды теңгерімді қамтамасыз ету керек.
Бұрынғы Үкімет қосымша құн салығының мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға көтеруді ұсынған еді.
Осы ретте Тұран университеті қаржы кафедрасының доценті Назия Мұсаханова қосымша құн салығы бюджет кірісінің ең тұрақты көзі дейді.
«ҚҚС әлемнің көптеген елінде қолданылады және өзінің әмбебаптығына байланысты бюджет қалыптасуын қамтамасыз етеді. ҚҚС мөлшерлемесі ұлғайса, бизнестің салық шығыны артып, елдің инвестициялық тартымдылығы нашарлауы мүмкін. Бұрынғы Үкімет мөлшерлеменің көтерілуінен түсетін ҚҚС бойынша қосымша түсім Ұлттық қордан түсетін трансферттердің түсімін алмастырады деген пікірде болған. Менің ойымша, ҚҚС мөлшерлемесін реформалау кезінде Еуроодақтың кейбір елдерінің тәжірибесіне сүйенсек орынды болар еді. Олар ҚҚС мөлшерін өзі қойғанымен, есептеудің белгілі бір ережесі бар. Мәселен, стандартты мөлшерлеме кем дегенде 15% болуы керек. Бұл ретте жеңілдік мөлшерлемесін қолданатын бірқатар тауарлар болса, ал кейбір өнім түрлерінде нөлдік мөлшерлеме бекітілген. ЕО елдерінің түгелге жуығы резиденттер мен резидент еместердің ҚҚС төлеуін ажырататындықтан, салық жеңілдіктерін елдегі ресми тіркелген бизнес өкілдері пайдалана алады. Тұруға рұқсат алып, кеңсе ашқан резидент еместер үшін де инвестиция тарту мақсатында төмендетілген мөлшерлемелер белгіленеді», дейді Мұсаханова.
Егер Еуропадағы орташа ҚҚС мөлшерлемесі 20–21% болса, Ұлыбританияда 0% –5,5% аралығында екен. Елімізге тиісті ҚҚС-тың тек фискалдық ғана емес, реттеушілік әлеуетін тиімді іске асыруды қамтамасыз ету керек дейді сарапшы. Сараланған салық салуды енгізген елдердің тәжірибесінде қиындықтар жоқ көрінеді.
«Салық жүйесі дамыған Еуропа елдерінің өзінде ҚҚС-нан жалтару арқылы жаппай алаяқтық орын алған. Франция бюджетінің мұндай әрекеттерден жыл сайынғы шығыны – шамамен 19 миллиард, Германияда – 17–18 миллиард, Ұлыбританияда шамамен 16,5 миллиард еуроны құрайды екен. Бүгінде салықтың бөліп төлеу жоспары мен жеңілдетілген мөлшерлемесі жұмысты қиындатып жіберді. ҚҚС бойынша жеңілдіктерді қайта қарау – салық төлеушілердің барлық санаты үшін электрондық шот-фактураны міндетті түрде қолдану және ҚҚС шот-фактура жүйесін пайдаланудың мүмкіндігін кеңейту керек. Қазақстанның шетелдерден айырмашылығы – әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жекелеген топтары үшін ҚҚС бойынша жеңілдік мөлшерлемесі жоқ (пандемия кезіндегі уақытша шараларды қоспағанда). Бұл тәжірибе көптеген Еуропа елінде және Ресейде қолданылады. Меніңше, ҚҚС сараланған мөлшерлемесінің жүйесін әзірлеуге болады. Мәселен, тізімге балаларға арналған заттар, минералды су, сүт алмастырғыш, балалар автокреслосы, қоғамдық көлік қызметі сияқты әлеуметтік маңызы бар тауарларды қосу керек. Еуразиялық экономикалық одақ аясында (ЕАЭО) ҚҚС мөлшерлемесін біріздендіру болмай тұр. Қазіргі уақытта ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде жанама салықтардың мөлшерлемесі сәйкес келмейді. Жанама салықтарды алу «тағайындалған ел» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Тауарларды импорттау кезінде импорттаушы елде қолданылатын мөлшерлеме қолданылады. Бірыңғай ҚҚС мөлшерлемесін енгізу ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеден және салық органдарының өзара іс-қимылының басым бағыттарының біріне айналуы тиіс деп ойлаймын», дейді Назия Мұсаханова.
Сарапшы бизнес жүргізу үшін тең жағдай жасалса, ҚҚС төлеу тәртібін жеңілдету жанама салықтарды бірыңғай кедендік аумақта тиімді әкімшілендіруге ықпал етер еді деген ой айтады. Әрине, біздегі салық жүйесін ҚҚС бойынша реформалау кезінде отандық экономиканың ерекшеліктерін, даму және дайындық деңгейін ескере отырып, шет мемлекеттердің тәжірибесін қолдану артық болмайтын секілді. ҚҚС-ны тиімді басқаруда блокчейн механизмі мен жасанды интеллект жүйесін жетілдіру тағы бар.