Руханият • 25 Ақпан, 2024

«Өзге» ұғымындағы өркениеттер қақтығысы

197 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанада түркиялық ғалым, Түркияның мемлекет және қоғам қай­­рат­­кері Ибраһим Калынның қазақ тілінде жарық көрген «Мен, өзге және өзгесі» кітабының таныстырылымы өтті. Автор өз ең­бе­гінде шы­ғыс пен батыс әлемінің қарым-қатынасына шолу жа­­­сап, бір-біріне ықпал етуші екі өркениетте қалыптасқан көз­қа­­рас­­тарды сараптайды.

«Өзге» ұғымындағы өркениеттер қақтығысы

Іс-шараға Түркия Респуб­ли­касының Төтенше және өкі­летті елшісі Мұстафа Капуджу, Парламент Сенатының Әлеу­мет­тік-мәдени даму және ғылым коми­тетінің және Түркия-Қазақ­стан достық тобының төрағасы Нұртөре Жүсіп, Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Иса мен Ринат Зайытов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы, профессор Мұхитдин Шімшек, «Отандастар қоры» КеАҚ басшысы Абзал Сапарбекұлы, Назарбаев универ­ситетінің қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Юлай Шамилоғлы, Еуразия ғылыми-зерттеу иниститутының директоры Суат Бейлур, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Байғабылов, сондай-ақ Қазақстан мен Түркияның дипломаттары, ғалымдар мен зерттеушілер, БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шараның шымылдығы кітап авторының Түркиядан жолдаған бейнесәлемдемесінен басталды. Айта кету керек, Ибраһим Калын – түрік ғалы­мы, мемлекет және қоғам қайрат­кері, дипломат. Ислам тарихы, Батыс пен Ислам әлемі қарым-қатынасы, Түркияның сыртқы саясатына қатысты бірқатар ғылыми еңбектердің авторы. Осы жылдарда ол Түркия Республикасы Президентінің ресми өкілі, Президент жанындағы Қауіпсіздік және сыртқы саясат комитеті төрағасының орынбасары және Президенттің бас кеңесшісі төрағасының орынбасары қызметін атқарса, былтырдан бастап Түркияның Ұлттық барлау қызметінің басшысы қызметін атқарып келеді. Ибраһим Калын өз еңбегін қазақ тіліне аударып, оқырмандарына жеткізуге атса­лыс­қан ғылым ордасына зор алғысын білдірді. Сонымен қатар ол еуроцентристік көзқарастан ада болып, қос өркениеттің тарихына жаңа көзқарас орнатуға болатынын жеткізді.

Еліміздегі Түркияның Төтен­ше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу тығыз жұмыс кестесіне байланысты арамыздан табыла алмаса да, оқырмандарына деген құрметін білдіріп жіберген бейнеүндеуі үшін авторға және кітаптың таныстырылымына қызығушылық танытып келгендерге алғысын білдірді. Оның ай­туынша, Ибраһим Калын – академиялық және мемлекеттік салада да танымал тұлға. Жауапты қызметте жүрсе де үнемі елдік тақырыпта ғылыми еңбектер жазуды тоқ­татпаған. «Кітаптың алғаш­қы басылымы 2016 жылы жарық көрді және бұған дейін бір­неше тілге аударылды. Автор өзі­нің жұмыстарында өзге деген ұғымды шексіз ұғым ретінде қарас­­тырмайды, бары жаңаша тал­дап көрсеткен. Яғни «мен» және «өзге» деген ұғымдардың ара­сын бөліп тастау және шексіз түр­де қолдану да дұрыс емес. Себебі бұл дұшпандық сезімдерді оятуы мүмкін. Кітаптың қазақ тілін­де де жарық көруі қуантады. Өзі­нің табиғатына сай ұлттың өзін­дік болмысын анықтауға, шығар­маларды болашақ ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік беретін ана тіліндегі ғылыми еңбектердің болуы маңызды», дейді өкілетті елші.

Сенаттың Әлеуметтік-мәде­ни даму және ғылым коми­тетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп түркітілдес елдердің бауыр­лас­тығы осындай еңбектерді мұқият зерделеу арқылы нығая түсетінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, мәдениеті мен рухы, тілі мен тұрмысы жағынан жақын бауырлас елдер ретінде бүгінгі іс-шара – Қазақстан мен Түркия қатынастарын одан әрі нығайтудың маңызды бөлшегі. Кітаптың орта тұсында айтылған кейбір деректер оқырман ретінде қызықтыра түскенін айтқан депутат: «Өткен ғасырдың басында Ақмола уәлаятындағы Науан хазірет Осман империя­сының соңғы сұлтаны Абдул­ха­мидке хат жазған. Ол хатта Нико­лай­дың қазақтарды шо­қын­дыра бас­тағанын айтып, құтқаруға пәрмен беруін өтінген. Бір жарым айдан кейін хат Абдул­хамидке жеткен. Хатты алған сұлтан Николайға хабарласып, қазақ­тарды шоқындыруды тоқтатуды сұрайды. Осы сәтті пайда­ланып Науан хазіретінің хаты Түркия архивтерінде сақ­тал­ды ма, сақталса табуға әрекет жаса­сақ», деген ұсынысын жет­кізді.

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі «мен» және «өзге» деген бірімен-бірі қабыспайтын бөлініске автордың жаңаша көзқараспен қарағанына тоқталды. Оның айтуынша, осы тұрғыдан алғанда шығыс пен батыстың, соның ішінде батыс пен мұсылман әлемінің байланысына кең тарихи шолу жасалған. Жалпы, шығыс пен батыстың, соның ішінде түркі әлемінің батыспен қарым-қатынасы мыңдаған жылдарға созылатынын жеткізіп: «Бірақ автор жалпы түркілік тұрғыдан емес, мұсылмандық тұрғыдан бүкіл тарихи кезеңдердегі пікір қайшылықтары мен қақты­ғыс­тарға кең шолу жасайды», дейді. Ал профессор Мұхитдин Шімшек бүгінге дейін он рет басылып шыққан кітапты басынан аяғына дейін екі рет оқып шыққанын және әр оқығанда үлкен әсер алғанын айтты. «Өзге» ұғымы үнемі болды және солай бола беретінен айтқан ол: «Бірақ мәдениеттің шарықтау шегіне жетуге және одан әрі дамыту үшін «өзге» ұғымынан асып өту керек. Себебі «мен» деген ұғымды түсіне алу үшін «өзгені» қабылдай алуға тиіспіз. Бұл ұғымды қабылдамайынша келіспеушілік пен күрес тоқтамайды. Гео­сая­си қақтығыстардың орын алып жатқан кезеңінде бұл тұжы­рым­дамаға бұрынғыдан да бетер мұқ­таж­быз», деді.

Бұдан кейін сөз алған оқыр­ман­дардың ой-пікірі де осыған ұқсас. Он тараудан тұратын ғылы­ми еңбекте Ислам мен Батыс әлемінің арасындағы өзара қарым-қатынастың қалың қат­па­ры, қалтарысы көп тарихы зер­деленген. «Өзге» ұғымын дұрыс түсінбеудің салдары гео­саяси қақтығыс күн сайын қайта­ланып отырған бүгінгі жағдайда қайшылықтарды өршітпесе, сөндірмейді. Сан ғасырлық тайталас пен күрестің себебін іздеген ғалымның пайымынша, екі кеңістіктің қарама-қарсылығы келесі тараптың өзгені танымай тұрып, өзін тануына ықпал етуінен бастау алып отыр.