Қоғам • 25 Ақпан, 2024

Ағайынның айтары бар

161 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясының мобильді қабылдау тобының ауылдарға сапары жалғасып жатыр. Мобильді топ мүшелері жуырда Еңбекшіқазақ ауда­нына қарасты Қайназар мен Қаракемер ауылдарында болып, елдегі ағайынның мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірін тыңдады.

Ағайынның айтары бар

Қабылдаулар барысында ауыл тұрғындары қарабастың қамы емес, халыққа ортақ өткір де өзекті мәселе­лер­ді көтерді. Мәселен, Қайназар ауы­лында коммуналдық мәселелердің көптігі айтылды. Тұрғындар жылдар бойы елді мекенге ауыл мәртебесін ала алмай жүргендерін жеткізді. «Соның кесірінен барлық мәселені өз бетімізше шешуге мәжбүрміз», дейді күйінген жұрт.

Рахат ауылдық окургінің тұрғыны Тасбай Жәнібеков ауыл маңындағы саяжай халқының белгілі статусы бол­мағандықтан, зиратқа тиісті жер бөлін­бей­тінін айтты. «Ауылда зират жоқ. Бұл мәселені көтеріп жүргенімізге 2 жыл болды. Соның салдарынан халық өзге ауылдардағы зиратқа жақынын жерлеп, сабылып жүр. Осы күнге дейін қолданған жерлер санитарлық нормадан асып кеткен. Енді біз онда адам жерлей алмайды екенбіз. Мәселенің қашан шешілетіні белгісіз. Бірақ өлім күтіп отырмайды ғой. Біз «әне-міне шешіледі» деген жаттанды жауаптан, шыны керек, шаршадық», дейді ауыл тұрғыны.

Ауыл халқының басым бөлігі жаңа мектептер мен спорт алаңдарын салу, ішкі жол құрылысы, көшелерді жарықтандыру, ауыл шаруашылығы, субсидия алу, ағын су, жайылым жер, ұялы байланыс пен интернет сапа­сының нашарлығы, дәрігерлік амбулаторияның жоқтығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыс­сыздық сынды тізе берсек, ше­шіл­генінен шешімін күткені көп әлеу­мет­тік мәселені көтерді.

Өткен жылы мұндай мобильді қо­ғамдық қабылдаулар аясында ама­нат­тықтар 18 ауыл халқымен кездесу өткізген. Биыл 20-ға жуық елді мекенді қамтымақ.

«Өткен жылы партияға тұрғын­дар­дан 3 546 өтініш түсті. Бұл мәсе­лелердің 65 пайызы қазіргі уа­қытта шешімін тапты. Алайда шалғайда орналасқан халық пар­­тияның аудандық немесе облыстық филиалына жол ұзақтығына байланысты әрдайым келе бермейді. Сондықтан біз тұрғындардың түйінді мәселелерін алға тартып келуін күтіп отырмай, өзіміз баруға тырысамыз. Мұндай кездесулер халыққа тиімді. Өйткені бұл мобильді қоғамдық қа­былдаудың басты мақсаты – шал­ғай орналасқан елді мекендердегі тұр­ғындарды қабылдап, олардың әлеу­меттік, қоғамдық және өзге де ортақ түйткілді мәселелерінің ше­шілуіне ықпал ету, бағыт-бағдар мен кеңестер беру», дейді облыстық партия филиа­лы төрағасының орынбасары Аслан Көбентаев.

Осы орайда топ өкілдері ауыл тұр­ғындары көтерген әрбір мәселені назарға алып, олардың заң аясында шешілуіне жұмыс істелетінін жеткізді. Кейбір сұраққа нақты кеңес­тер беріп, мәселені сол жерде шешуге ықпал етті.

Қоғамдық қабылдауға облыстық әкімдіктің жер қатынастары, цифрлық технологиялар, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, энергетика және ТҮКШ басқармаларының өкілдері де қатысты.

 

Алматы облысы