Білім • 27 Ақпан, 2024

200 мың долларлық білім

76 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтаудағы №13 гимназияның 11-сынып оқушысы Диляра Сапар Шанхайдағы Нью-Йорк университетінің грантын ұтып алды. Оқу ақысы – 208 000 доллар.

200 мың долларлық білім

«Times Higher Education University Rankings» зерттеуінше Нью-Йорк университеті әлемнің үздік жоғары оқу орындары рейтин­гін­де 30-орында тұр. Университет 19 мамандық бойынша білім береді. Тапқырлығымен дараланған Диляра бизнес және экономика саласын таңдап отыр. Бұл университетке биыл 50 мыңға жуық үміткер құжат тапсырған. Ал бакалавр бойынша тек 1 400 студент оқуға қабылданады. Олар­дың жартысы Қытай елінен болса, қалған бөлігі АҚШ-тан. Ал 70-ке­­ жуығы өзге елдерден келіп оқиды.

Үздік аттестатқа үміткер қызы­мыз шетелдік оқу ордаларының білім грантына үміткер ретінде өз мүм­кіндігін сынап көргісі келген. Оның көкейінде 10-сыныпқа дейін шетелге түсу туралы ой мүлдем бол­маған. Бірақ жас талаптарды шекара сыр­тына оқуға жіберетін компания АҚШ, Гонконг, Италияға оқуға кетіп жатқан қаншама қазақ баласы тура­лы айтқанда, ойы түбегейлі өзгер­­ген. Сол сәттен бастап шетелге барып білім аламын деген шешім қабыл­­данып, мақсат қойылған. Сөйтіп, компа­­нияның дайындық барысы тым қым­бат болғаннан кейін, өз бетінше дайын­­далуды жөн көрген.

– Орта мектеп, қарапайым отбасы әлемдік оқу орнына түсуге кедергі емес. Мақсатты айқындап, өз өмірімізге өзіміз жауапты екенімізді неғұрлым ерте түсінсек, соғұрлым өзімізге жақсы. Біздің болашағымыз – тек біздің таңдауымыз. Неге екенін білмеймін, бірақ тек америкалық университетке түскім келді. Басқа елдерді тіпті қарастырғым да келмеді. Мақсатқа қарай жүретін дайын жолдың болмауынан, оқуға түсу барысы біраз қиынға түсті. Сонда да мойымай, барлығын өзім зерттеп, мүлде білмейтін үдеріске басымды сұқтым. Әлемдік бақталастық жоғары болғандықтан өзімнің оқуға тусу пайызым аз екендігін іштей біліп жүрдім. Сонда да үмітім сөнбеді. Ақпанның 16-сы түнгі екі жарымда жауабы поштама келген екен. Мен таңертең 7.30-да көрдім. Мек­тепке дайындалып жатқанда ноут­­бугымды ашып порталға кіріп қалып едім, «Сongratulations» деген құт­тықтау сөзін көрдім. Сол кез­­дегі қуанышымды сөзбен ай­тып жет­­кізе алмаймын, – дейді та­лап­ты қызы­мыз.

Диляра көпбалалы отбасыдан шыққан. Қарапайым орта мектепте оқиды. Оның ата-анасы әрқашан білімге жетелеп, қабілеттерін ашып отырған. Өзінің айтуынша, қыз­дарының армандарына ешқашан қарсы шыққан емес. Тіпті шетелге оқу орнына түсемін дегенінде де
барынша қолдаған.

– Диляраға 8-сыныптан бері жетекші болып келемін. Мектептің қоғам­дық өміріне белсене араласатын өнерлі, табиғатынан дарынды оқушы. Өзіне берген тапсырманы бұл­жытпай өз уақытында орындап, өткі­зіп отырады. Сыныпты қоғамдық жұ­м­ысқа қатысу жағынан үнемі алдыға тартып, барлығын ұйым­дас­­тырады. Азаматтық көз­қарасы қа­­лыптасқан, өңір жұмыстарына бел­­сене араласады. Диляра – барлық пән­­нен де бірдей қабілетті, жан-жақ­ты оқушы. Болашақтан көп үміт күт­тіретін жастарымыздың біре­гейі,– дейді сынып жетекшісі Гүлназ Орын­ға­лиқызы.

Белгілі бір бағыт-бағдар болмаса бұл – қиын іс. Қаншама ауыл баласы шетелде оқуды былай қой­ған­да, өзіміздің университеттерге оқуға түсу­ді «тар жол, тайғақ кешу» көреді. Ал Диляраны аппақ арманы алға жетелей түскен. Ол америкалық университеттерге түскен қазақтардың сұхбаттарын көріп, ютуб каналдарға жазы­лып, олармен әлеуметтік желі арқы­лы танысқан. Қалай дайындалғандары туралы жүз шақты бейнежазба көріп, ақыл-кеңес алған. Ең алды­мен емтихандарға дайындалып, қоғам­дық өмірде белсенді болып, өзін тұлға ретінде жақсарта бастаған.

Бір қызығы, ол тек осы оқу орнына емес, Түркияның үш бедел­ді университеттеріне де құжат тап­сыр­ған. Алдымыздағы наурыз айында Назар­баев университетіне де тапсыратын ойы бар. Тіпті «Шетелге оқуға түсу» саласындағы компанияларға жұмыс­қа тұрып, жас талаптарға жол көрсетпекші.