Білім • 26 Ақпан, 2024

Педагогикалық корпус

128 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Отандық педагогтер «TALIS» халықаралық зерттеуіне қатысады. Зерттеу мұғалімдер мен директорлардың әлеуетін тексереді. Осылайша, еліміздің педагогикалық корпусының әлеуеті анықталмақ.

Педагогикалық корпус

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осы жылдың ақпаны мен наурызы ара­лығында 50-ден астам елдің қаты­суы­­мен «TALIS-2024» төртінші циклі өтеді. Оған еліміздегі 378 мектептің 8 мың-ға жуық мұғалімі мен директор­ы қа­ты­сады. Мұғалімдердің еңбек жағ­дай­ла­рын және мектептердегі білім беру орта­сын бағалайтын зерттеудің нәтиже­лері 2026 жылы жарияланады. Талдау рес­­пуб­ликаның сегіз макроөңірі бойынша ұсы­нылады. Қазақстан бұл зерттеу­ге­ 2018 жылдан бері қаты­сып келеді. Әр алты жыл сайын эконо­ми­калық ын­ты­­мақтастық және даму ұйы­мы­ның қол­дауымен өткізіліп келеді. Педа­го­ги­ка­лық корпусының күшті және әлсіз тұс­та­рын анықтайтын «TALIS» ең ауқым­ды ха­лық­­аралық зерттеулердің біріне ай­налған. Мектептердегі педагогтер мен бі­лім беру ортасының жұмыс жағдай­ла­рын тәуел­сіз бағалау білім саласының өрісін кеңей­теді.

– Бұл циклдің ерекшелігі білім беру жүйесінің қазіргі мәселелері туралы жаңа сұрақтардың қосылуы: әртүрлілік пен теңдік, оқушылардың әлеуметтік және эмоционалдық оқуы, білім беру мақсатында технологияларды пайдалану және қоршаған орта мен тұрақты даму бойынша білім беру. Зерттеуге Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының, Республикалық білім мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығының, «Өрлеу» БАҰО сарапшылары және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушылары бірлесіп әзірлеген ұлттық мәселелер енгізіледі, – деді Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.

Зерттеудің нәтижесі қалай болары беймәлім. Дегенмен бүгінде еңбек жағдайы мен білім беруге байланысты бірқатар өзгеріс болып жатыр Оқу-ағарту министрлігі бұл бағыт бойынша бірқатар іс атқарды. Мысалы, Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп сапа құзыреттілік моделін пайдалану арқылы педагогикалық білім беруді қайта форматтау жұмысы жүргізіліп жатыр. Студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту мен практиканың жаңа форматын енгізу ісі де күн тәртібіндегі мәселеде тұр. Одан бөлек, министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылдан бастап білім берудегі өзгерістердің көшбасшыларын іріктеуді бастады. Қазір «Білім берудегі жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жоба­сы аясында іріктеуден сәтті өткендер іске сақадай сай тұр. Кадрлық резервке өткен үміткерлер отандық білім сапасын арттыру және педагог кадрларды кәсіби даярлауға баса назар аудару қажет.

– Өткен жылдың басында Оқу-ағар­ту министрлігі еліміздегі білім сапасын одан әрі арттыру үшін 5 негізгі ба­ғытты айқындады. Олардың ішінде менедж­ментті нығайту және кадрлық резерв­ті қалыптастыру да бар. Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша біз «1000 өзгерістер көшбасшысы» жобасын іске қос­тық. Бұл – отандық білім жүйесін дамы­тудың жаңа кезеңі. Сегіз айдың ішін­де сіздер іріктеуден өтіп, жеке, кәсіби, бас­қа­рушылық, аналитикалық дағдылар мен құзыреттеріңізді дамыттыңыздар. Енді сіздер нағыз көшбасшылар ретінде елі­міз­дегі білім беру жүйесінің сапасын арт­тыруға өз үлесіңізді қосуларыңыз керек. Ең бастысы – балаларымыз бен педа­гог­терімізге жайлы және қауіпсіз орта қа­лып­­тастыру, – дейді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Жобаның алғашқы кезеңіне барлығы 8 068 өтінім берілген. Үміткерлер құзыреттілікті бағалау, үш деңгейлі оқыту, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесу сынды сынақтардан өтті. Үміткерлерді іріктеу және білік­ті­лігін арттыруды «Педагогикалық шебер­лік орталығы» өткізді. Барлық бес кезең­нің қорытындысы есепке алынып, Респуб­ли­калық кадр резервіне 208 кандидат кірді. Осы тізімге іліккен Астана қаласының А.Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицей директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Мұқашев білім саласындағы бағытымды анықтау үшін жобаға қатыстым дейді.

– Жобаға қатысу менің бас­қару тәсі­лімді түбегейлі өзгертті. Бала­лары­мызға қо­лайлы жағдай жасау және ұжыммен бір­ге қай бағытта дамитынымыз туралы ойла­на бастадым. Ең бастысы, бұл жоба әріп­тес­терімнің болашаққа және өз күш­те­ріне деген сенімін арттырды, – деді үміт­кер.

Жасампаз жаңа буын еліміздегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге көмектесіп, жаңа мектептерді, оның ішінде жоғарыда жазылып тұрған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынып жатқан мектептерді басқаруға жіберіледі.