Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Бұрындары бұл мамандық иелері таң атқаннан күн батқанға дейін каналдарды жағалап жүріп, шаруаның егістік алқабына судың кедергісіз баруын, елді мекеннің топан судан аман болуын, тоғандардағы су мөлшерін қалыпта ұстап тұруын қадағалайтын.
Бүгінде, технология мен техника дамыған заманда бұл мамандарға артылар жүк жеңіл емес. Қазіргі маман су үнемдеу технологияларын енгізуге, қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін судың аз мөлшерін пайдалануға мүмкіндік беретін қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, гидротехникалық құрылыстарды салу және тозу мәселесін шешуге, өзен-көлдердің экожүйесін сақтауға қабілетті болуы керек. Ал бізде талапқа сай мамандар бар ма?
Гидротехникалық құрылыстарды жобалау және пайдалану бойынша салалық мамандардың тапшылығы мен олардың сапасы туралы айтылып келеді. Мұның бір себебі – су мамандары мәртебесінің жоқтығы. Атқаратын жұмысы көп, жалақысы төмен. Жас маманның жалақысы 100 мыңға жетпейді. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп.
Президенттің әр Жолдауына арқау болған су мәселесінің Қауіпсіздік кеңесінде көтерілуі біраз мән-жайды аңғартты. Бірқатар мәселе шешімін таба бастады. Су мәселесімен айналысатын жаңа министрлік құрылды, мамандар даярлайтын базалық жоғары оқу орны анықталды, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды, Су кодексі жетілдіріліп, талқылауға ұсынылды. Саланы дамытудың кешенді жол карталары әзірленді, шетелдік инвесторларды тарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Соның бірі – министрліктің Тараз қаласында су саласы бойынша мамандандырылған жоғары оқу орнын құру бастамасы. Бұл – дұрыс шешім әрі батыл қадам. Иә, бұл жоғары оқу орнын одаққа танымал бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының мұрагері ретінде М.Х.Дулати атындағы университеттің құрамындағы Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының базасында құру тиімді болмақ. Институттың оқу ғимараттары, жатақханалары, су саласына бейімделген зертханалары, спорт кешендері қаржы көздерін үнемдеуге мүмкіндік береді. Тараз қаласында орналасқан Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен арадағы ынтымақтастық оң әсерін тигізеді.
Бүгінгі күні Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институты су және ауыл шаруашылығы, құрылыс, жерге орналастыру, экология, энергетика сияқты салаларға 29 білім беру бағдарламасы бойынша бакалаврлар мен магистранттарды даярлайды. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы су бағыты бойынша білім беру қызметтерін ұсыну үшін Ташкент ирригация инженерлері және ауыл шаруашылығын механикаландыру ұлттық зерттеу университетімен қос дипломдық төрт білім бағдарламасы әзірленді. Ол биылғы оқу жылынан қолға алынды.
«Мелиорация және суармалы егіншілік», «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» бағыттарында докторанттар даярланып жатыр. Сондай-ақ ғылыми дәрежесі бар жас ғалымдарды даярлау мақсатында «Су шаруашылығы», «Су ресурстары және суды пайдалану» бағыттары бойынша диссертациялық кеңестер ашылды.
Студенттеріміз гидротехникалық құрылыстардың барлық түрі бар. Су ресурстары және ирригация министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарында өндірістік практикадан өтіп, осы мекемелерде жұмысқа тұру мүмкіндігіне толық ие.
Институтта «Erasmus+» бағдарламасы бойынша «Климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру және орнықты дамуды, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау мақсатында Орталық Азияның су секторы үшін адами әлеуетті дамыту» тақырыбындағы жоба жүзеге асырылып жатыр.
Саладағы проблемалардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта «Мелиоративтік жұмыстарды механикаландыру», «Гидроэнергетика», «Су шаруашылығының экономикасы», «Су дипломатиясы» сияқты білім беру бағдарламаларын ашу көзделіп отыр.
Жамбыл облысының өзінде су саласында атқарылатын шаруалар аз емес. Облыста суармалы жерлердің жалпы алаңын 179,2 мың га-ға дейін жеткізу, 31 мың га суармалы жерді қалпына келтіру бойынша алты жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 4 суқойманы (Тасөткел, Ынталы, Теріс-Ащыбұлақ, Қарақоңыз) қайта жаңғырту, 2025 жылға дейін республикалық бюджет есебінен жаңа үш су қоймасын (Ырғайты – 15,2 млн текше метр, Қалғұтты – 14,6 млн текше метр, Ақмола – 11,1 млн текше метр) және жергілікті бюджеттен үш суқойма салу көзделген (Андас-1, Андас-2, Андас-3).
Міне, су саласы бойынша біздің аймақтың өзінде ғана атқарылатын шаруалар мамандарға деген сұранысты арттыра түспек.
Жаңадан құрылатын жоғары оқу орнын құрудың негізгі мақсаты – кадр тапшылығы мәселесін шешу. Сондықтан біз батыл қадам жасауымыз қажет. Су мамандары қазіргі таңда 10 жоғары оқу орнында даярланады, осы мамандарды шоғырландырып, студенттерді тек базалық оқу орнында бір жерден оқытуды жүзеге асыру керек. Саладағы ғалымдарға жағдай жасап, жоғары жалақы тағайындау қажет. Сондай-ақ мемлекет су проблемалары бойынша технопарктер мен заманауи зертханаларды ашуға қолдау жасауы қажет. Бұл даярланатын мамандардың сапасына, профессор-оқытушылар құрамының әлеуетін арттыруға оң өзгерістер әкеледі.
Су бағытында оқитын студенттерге ерекше мәртебе беріп, шәкіртақысын көтеріп, оларды жұмыспен қамту жағын да ескерген жөн. Сонда ғана мемлекет тарапынан берілген білім гранттарын толық игеруге мүмкіндік болады. Қазіргі кезде ол 30 пайыз шамасында ғана игеріліп жатыр. Сонымен қатар кәсіпорындар мақсатты жолдамамен мамандар даярлауды қолға алуы қажет. «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасына су саласының түлектерін тартуымыз керек.
Мамандарды әлеуметтік қамтамасыз етуді кепілдендіру, біліктіліктерін жүйелі арттыру, жалақыны көтеру, сала еңбеккерлерін насихаттау арқылы ғана мұрап мәртебесін жақсарта аламыз.
Бізге жүйелі ойлау мен талдауды, IT технологияларды меңгерген, су ресурстары мен оларды басқару саласын түсінетін білікті мамандарды даярлау – маңызды қажеттілік. Судың тапшылығы экологиялық дағдарысқа әкелетіндіктен, біз инженер-гидротехниктер ғана емес, ақаба суларды тазарту үшін инженер-химиктер мен экологтер, білікті биологтер қажет болатынын ескеруіміз керек.
Сондықтан да арнайы мамандандырылған жоғары оқу орнын құру, онда аталған маман иелерін даярлау – заман талабы.
Кенжеғали ШИЛІБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты