Спорт • 26 Ақпан, 2024

Депутаттар доп ойнады

125 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарасай ауданында Алматы облысының барлық деңгейдегі депутаттары арасында футболдандан «amanat cup» чемпионаты өтті. Турнирге қатысқан 10 команда өзара бақ сынасты. Халық қалаулыларының басын қосқан турнир «amanat» партиясының қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылды.

Депутаттар доп ойнады

Суретте: доп ойнаған депутаттар

«Барлық деңгейдегі мәсли­хат­тардың депутаттары мен қыз­мет­керлері, партия филиал­дарының өкіл­дерінен құралған 10 команда бас жүлде үшін бәсекеге түсті. Тар­тысты ойынның куәсі болдық. Әрбір ойын­да бәсекелестік жо­ғары болды. Біріншіден, бұл қа­тысушылар үшін жұмыстан тыс уақытта пайдалы бас­қосу әрі депутаттар арасында дос­тық қарым-қатынас орнату болса, екін­шіден, саламатты өмір салтын қалып­тастыруға бағытталған. Бұдан бөлек, көктемде волейболдан турнир ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – дейді облыстық партия филиалының төрағасы Қуат Байғожаев.

Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Қарасай аудандық мәслихат депутаттары жеңіп алса, екінші орынды Еңбекшіқазақ, ал жүлделі үшінші орынды Кеген аудандық мәслихат депутаттарынан құралған коман­далар иеленді.

Бұдан бөлек, 5 аталым бо­йын­ша үздік ойыншылар мара­патталды. Жалпы ойынның қорытындысы бо­йынша Қарасай аудандық мәс­ли­хат депутаты Бекжан Сүнбеков қар­сылас­тар қақпасына 13 гол соғып, турнирдің «Үздік сұрмергені» атанды. Ал 62 жас­тағы Еңбекшіқазақ аудандық мәсли­хат төрағасы Бекет Ахметов «Үздік ойыншы» аталымы бойынша марапатталды.

«Әдемі, әсерлі, қызықты ойын болды. Біз өте мықты қарсылас­тар­мен бақ сынастық. Ойын ко­ман­далық рухты көтерді. Чем­пио­нат саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға шақырады. Депутаттардың өзара ынты­мақтастығына ықпал етеді», – дейді Бекет Ахметов.

Сонымен қатар «Үздік қақ­пашы» ата­лымы Райымбек аудандық мәсли­хаты аппаратының қызметкері Рашид Зор­диновқа, «Үздік қорғаушы» – Қарасай аудан­­­­дық мәслихат депутаты Абы­лай Зуай­даға және «Үздік шабуылшы» – Кеген аудан­дық мәслихаты ап­паратының қыз­мет­­кері Ернұр Са­бырбековтің еншісіне тиді.

 

Алматы облысы