Кейінгі кездері руханият ордасына мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлініп, оқырмандарға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, материалдық жағынан да, моральдық жағынан да жағдайлар жасалып келеді. Жасөспірімдерді еңбекке әрі өнерге баулу мақсатында кітапханалар ішінен түрлі үйірме мен шеберхана ашылып, жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі – Батыс Қазақстан облыстық Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының Өнер бөлімінде 2022 жылы ашылған «Қолөнер – дәстүр тірегі» атты үйірме.
Жас оқырмандардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін талантты, он саусағынан өнері тамған қыз балаларды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулумен қатар, ерекше қасиеттерін ерте кезеңнен анықтауға ықпал ететін, ұлттық құндылықтарды дамытуға негізделген бұл үйірмеде 10 мен 15 жас аралығындағы жеткіншектер дәріс алады. Бірінші жартыжылдықта бөлімге келіп түскен қолөнер саласына қатысты әдебиеттермен танысып, іс машинасының құрылысын, тігістердің бірнеше түрін үйренеді. Әрі қарай жұмыстары күрделеніп, құрақкөрпе, қазақтың ою-өрнектері бейнеленген бұйымдар жасаумен жалғасын табады.
Бұл үйірмені ашудағы мақсат – болашақ ұрпаққа рухани құндылықтарды, ұлттық қолөнерді насихаттау. Ол үшін жетекшілермен бірге әр ата-ана баласының дамуына, жетістіктерге жетуіне атсалысудан аянбауы керек. Баланың бос уақытын тиімді пайдаланып, талантын ашуға жауапкершілікпен қараса, шығармашылық қабілеті шыңдалған жастың болашағынан зор үміт күтуге болады. Қазір инновациялық даму кезеңінде барлық бала телефон, интернет арқылы небір түрлі пайдалы-пайдасыз ақпараттарды саналарына сіңіріп жатыр. Қолындағы смартфонында ақпараттың тым көптігінен бала өзінің бағытын таба алмай қалуы да мүмкін. Сабақты ине сәтімен демекші, болам деген жасты бетінен қақпай, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларымыз жолында тәрбиелесек, келешек ұрпағымыз ұлағатты боларына сенім мол.
Айнұр ШӘРІПОВА,
Х.Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы