Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ми тамырларының аневризмасына өте білікті, тәжірибесі толысқан мамандар ғана операция жасай алады. Себебі бұл заманауи медициналық жабдықтарды қажет ететін ең күрделі хирургиялық араласулардың бірі саналады. Мамандардың айтуынша, мұндай күрделі операциялар ақылы түрде жүргізілсе, оның құны шамамен 10 млн теңгеден асады екен. Науқас операцияға квота бойынша келіп, хирургтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында операцияны тегін жасаған.
Теміртаудан келген пациенттің айтуынша, 2023 жылдың жазынан бері басы қатты ауырып, көруі әлсіреп, сол көздегі қозғалыстың шектелуі мазалаған. Сондай-ақ жоғары қабағы түсіп кетіпті. Дәрігерлер МРТ және селективті церебральды ангиографияға түсіріп, пациентте мидың көптеген аневризмаларын, сол жақ ішкі ұйқы артериясының кавернозды-параклиноидты сегментінің 50,3-48,2 мм көлемдегі фузиформды аневризмасын, оң жақ ішкі ұйқы безінің параклиноидты сегменті артерияларияларының 16,5-14,5 мм көлемдегі кездейсоқ фузиформды аневризмасын анықтаған.
Өте көлемді аневризма бар пациенттің клиникалық және неврологиялық статусын ескергенде, аневризманың жарылу қаупі өте жоғары болыпты. Сондай-ақ аневризманың эмболизациясы кезінде тамырдың окклюзиясының қаупі жоғары еді. Консилиум кезінде осының барлығын қаперге алған Ұлттық нейрохирургия орталығының Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің дәрігерлері операцияны екі кезеңде жүргізу туралы шешім қабылдайды.
Операцияның бірінші кезеңі былтыр қарашада өткен. Ол кезде дәрігерлер сол жақ ортаңғы ми артерияларының фронтальды және париетальды тармақтары мен М3-М4 сегменттері арасында протективті экстракраниалды микроваскулярлық анастомоз жүргізген. Бұл – сол жақ ішкі ұйқы артериясын микро спиральмен өшірудің рентгендік-тамырлы әдісі. Операциядан кейін пациенттің жоғары қабағының түсіңкірегені (птоз) қайтып, неврологиялық статус жақсарған.
Бірнеше күн бұрын пациентке операцияның екінші кезеңі – оң жақ ішкі каротид артериясының параклиноидты сегментінің фузиформды аневризмасының рентгендік эндоваскулярлық эмболизациясы телескопиялық ағынды қайта бағыттаушы стенттерді қолдану арқылы жүргізілді.
Пациент қазір өзін әлдеқайда жақсы сезінеді. Операция нәтижесіне риза.
– Маған операция жасаған барлық дәрігерге алғыс айтамын. Қарағандыда маған операция жасалмады. Жағдайым ауыр болған соң осы орталыққа жіберді. Мен осы жерде ем қабылдағаныма ризамын. Қазір бәрі жақсы. МӘМС жүйесінің арқасында барлық емшара, тексеру-зерттеулер, операция тегін жасалды. Бәріне алғысым шексіз, – дейді пациент Нақыпбек Данбаев.
Операцияны Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің жетекші нейрохирург дәрігері Шыңғыс Нұриманов жасаған. Нейрохирург дәрігер Ш.Нұримановтың айтуынша, көп жағдайда аневризма байқалмайды. Әрі адам кез келген уақытта өліп кетуі мүмкін екенін білмей, жылдар бойы өмір сүре алады екен.
– Аневризма жарылғанға дейін адам қолайсыздық пен мазасыздық белгілерін сезінбейді. Сондықтан ауруды ерте сатысында анықтау үшін адам кем дегенде бір рет МСКТ, яғни мультиспиральды компьютерлік томография жасату қажет, – деп кеңес айтты нейрохирург-дәрігер.
Ми тамырларының аневризмасына операция жасау мамандардың жоғары біліктілігін және заманауи медициналық жабдықты қажет ететін ең күрделі хирургиялық араласулардың бірі саналатынын айттық. Бұл күн сайын МӘМС шеңберінде жасалып жатқан күрделі операциялардың бірі ғана.