Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
153 өндіріс. Аз ба, көп пе?
Құрылыстың ажарын ашатын бір дүние бар. Ол – түрлі түсті бояу. Есік пен терезе, еден мен төбенің түсін беретін лак пен бояу, құрылыста әрлеу немесе коррозиядан қорғау үшін ғана емес, көркемдік-эстетикалық жағынан да маңызы ерекше.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Өнеркәсіп комитеті берген мәліметке сүйенсек, Қазақстанда лак, бояу немесе эмульсия шығаратын шамамен 150-ден астам компания бар. Бұл – химиялық өндіріс бойынша халық сұранысының үш пайызын ғана қанағаттандырады. Елдегі осы өндірісте танымал өндірушілер қатарына «Alina Paint», «Концерн Бакарасов», «Алматы бояулары», «Smash ltd», «Белый дом», «Nanotech Paints», «Мустанг-декор», «Тиккурила», «Радуга», «Лакра», «Brozex», «Скиф», «Казкомплекстрой», «БСФ», «Gamilon kz», «ЛКП АЛРИ» және «Саған colour», т.б. жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жатады. Айта кетейік, бұлардың басым көпшілігі Алматы облысында орналасқан.
Тағы бір нақты ақпарат, бізге импортталатын тауардың (бояу) басым көпшілігі Ресей мемлекетінен (39%) келеді. Одан кейінгі орында Польша (10%), Германия (8%), Италия (6%), Түркия (5%) тұр. Бір қызығы, әлемдік сауда нарығында жетекші рөл алатын қытайлықтардың бояуы соңғы орында (4%). Тұтынушылар тарапынан сұраныс соншалықты көп емес.
Жоғарыда айтқандай, елдегі бояу өндірісіндегі зауыттар мен цехтар көбіне-көп шикізатқа тәуелді. Әсіресе химиялық қоспалардың барлығы дерлік шет мемлекеттерден келеді.
Қауіпсіздік бояу бағасынан төмен бе?
Озық технологиялар арқылы өнім шығаратын «Алматы бояулары» ЖШС жылына 5 мың тонна лак-бояу мен 6 мың тонна термопластик өндіреді. Зауыт Талдықорған қаласында орналасқан. Кәсіпорынға қажетті инфрақұрылымның барлығы тартылған. Тек өндіріс басшылығы мемлекеттің отандық тауар өндірушілерді барынша қолдау керектігін айтады.
– Біздің өнімдердің барлығы жаңа технологиялардың көмегімен өндіріледі. Сонымен қатар сапа менеджменті жүйесіне сәйкес сертификаттарымыз бар. Бізге тек қазіргі нарықтық сауда жүйесіндегі өзіміздің дүкен сөрелерінде отандық өнімнің сатылуына жағдай жасау керек, – дейді зауыт директорының орынбасары Римма Салықова.
Орынбасардың айтуынша, тағы бір мәселе – шикізат тапшылығы. Сапалы әрі уақтылы бояу әзірлеу үшін жақын аймақтардан жеткілікті деңгейде шикізат керек.
– Біз барлық шикізатты мейлінше жергілікті өндірушілерден алуға тырысамыз. Алайда Германия, Ресейден келетін химиялық шикізаттар бар. Өйткені олар бізде өндірілмейді. Амал жоқ, шетелге қараймыз. Сол үшін біз ұдайы жергілікті өндірушілерді аталған шикізаттарды өндіруге ұсыныс айтып келеміз. Мысалы, Қазақстанда еріткіш су (растворитель) өндірілмейді. Ал оған сұраныс жоғары. Біз оны Ресейден алып келуге мәжбүрміз. Неге сол қоспаларды өндірмеске? Екіншіден, мемлекеттік сатып алулардың талаптары қиын. Біз кейде сайтқа кіріп, өзіміздің отандық өнімді орналастыра алмай жатамыз. Ал мемлекеттік сатып алудағы талапты білесіз, ең төмен бағадағы өнімдер алынады. Әрине, оның сапасына да ешкім кепілдік бермейді. Ал біздің өнімдер өте сапалы әрі бағасы да орташа. Аса қымбат деп айтуға келмейді, – дейді ол.
15 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан «Алматы бояулары» кәсіпорны өз жұмысшыларын әрдайым арнайы курстардан өткізіп, шеберлігін шыңдап отырады. Маусымдық кезеңде 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтитын зауыт қыс айларында жұмыс күшін азайтатынын мойындап отыр. Өйткені құрылыстың қызар шағы – көктем мен жаз айлары. Тауарға сұраныс та сол уақытта көбейеді.
– Бізде зауытқа сұраныс көп түсетін мезгілде 100-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Білесіз, жолдарды көбіне-көп көктемде сырлай бастайды. Қыста жұмыс болмайды. Енді осы жүз адамды үздіксіз жұмыспен қамтып отыру үшін, әрине, сұраныс керек. Сұраныс болу үшін мемлекеттік сатып алуларға қатысуым қажет. Сол үшін жергілікті өндіріске басымдық берілсе екен дейміз. Неге десеңіздер, бізде жұмыс істеп, отбасын асырап отырғандар баршылық. Жалпы, жыл сайын Қазақстандағы барлық жолға кететін бояу көлемі 5 мың тоннадан асады. Біз ол көлемді емін-еркін игере аламыз. Бірақ отандық өнімге сұраныс жоқ. Әлгінде айтып кеттім, бізде сертификаттар да бар. Технолог мамандарымыздың тәжірибе жинақтау мақсатымен Аустрия, Германия, Түркия, Ресейде оқуына жағдай жасадық. Біз алғаш жұмысты аустриялықтармен бастағанбыз. Батыста бірінші өнімнің бағасына емес, сапасына назар аударады. Бізде керісінше. Шетелде арзан деген түсінік жоқ, арзан деген сапасыз деген сөз. Мысалы, олар жолға қажет бояулардың бірінші бағасына емес, сапасына мән береді. Өйткені жол қателікті кешірмейді. Қауіпсіздік маңызды. Тағы қайталап айтамын, біздегі тапсырыс аясында барлық бояуды барынша арзан беру керек. Жолға сапалы бояу қолдану керектігін білсе де мән бермейді. Әзірге қауіпсіздік бағасы бояудың бағасынан төмен болып тұр. Мен екі негізгі мәселені айттым. Басқа анау айтарлықтай қиындықтар жоқ, – деп түйіндеді сөзін Р.Салықова.
Құйылмалы бояу көп
Осы кәсіптің басы-қасында жүргендердің айтуынша, Қазақстанда дайындалатын бояудың көбісі құйылмалы. Дұрысы, шетелден әкеліп, арнайы ыдысқа құйылып, отандық өнім болып сатыла береді.
– 2020 жылы күзде өз кәсіпорнымызды іске қостық. Бірақ сол уақыттағы пандемия кесірі, одан кейінгі Ресей мен Украина арасындағы жағдай біздің өндіріске әсер етпей қоймады. Сонда да жұмысты тоқтатқанымыз жоқ. Алдағы көктемде зауыт жұмысы тіптен қарқын алады деп ойлаймын. Соған мақсат қойып, жұмыс жүргізудеміз. Жылына 2 500-5 000 литр бояу шығарамыз деген жоспарымыз бар. Өнімнің негізгі шикізаты – су мен кальций карбонаты. Бұл – өзімізден табылатын заттар. Ал арнайы химиялық қоспалар мен түс беретін заттарды шетелден алдырамыз. Зауыттың құрал-жабдықтары Канада елінен келген. 10-нан астам адам жұмыс істейді, – дейді «Баумастер Интернэшнл» ЖШС басшысы Серікбай Шәпиұлы.
Зауыт басшысының айтуынша, бұл өндіріспен жұмыс істеу қиын. Егер мемлекет тарапынан қолдау болса, әр өңірден кемінде 10-нан аса шағын цех салуға болады. Ал қазірге бояу дайындайтын цехтардың көбісі тек сырттан келетін дайын өнімді шағын ыдысқа құйып, арнайы баспадан шыққан қағаз қаптамасын орап, сатылымға шығара береді.
Айта кетейік, аталған кәсіпорын алдағы уақытта жол үсті белгілеріне қажетті және көлік шамымен шағылысатын арнайы бояу түрлерін де дайындамаққа бел буып отыр.
Өңірде алғаш рет...
Лак-бояу өндірісіне қатысты компаниялардың басым көпшілігі Алматыда орналасқан дедік. Ал кейбір өңірлерде мұндай жоба енді қолға алынып жатыр. Соның бірі – Қызылорда облысы. Жаңа жылдан бастап қызылордалық тұрғын Айдос Амангелдиев мемлекеттік қолдау арқылы құрылысқа қажетті су-эмульсиялы бояуын шығара бастады.
– «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы» арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант ұттым. Қаржы көлемі – 5 млн теңге. Бұған Алматы қаласынан арнайы қондырғы мен жабдығын алып, ғимарат жалдау арқылы шағын цех аштық. Эмульсияға қажетті шикізат пен түрлі қоспаны да Алматыдан алдырамыз. Қазір тапсырыс аясында жұмыс бастап кеттік. Өнім әзірге қала орталығы мен облысқа қарасты аудандарға тарайды. Қосымша жергілікті құрылыс компанияларымен де келісім жүргізіп жатырмыз, – дейді «Дос групп» жеке кәсіпкерлігінің иесі А.Амангелдиев.
Айдос құрған цех үш түрлі эмульсия дайындайды. Біріншісі – ішкі бөлмелерге, енді бір түрі – үй сыртын әрлеуге арналған. Сондай-ақ қабырға немесе төбеге жағылған эмульсия кірлеген уақытта жууға арналған түрі де бар екен. Кәсіпкер алдағы уақытта жол белгілеріне және үй жағдайына қажет түрлі түсті бояу өндірісін де іске қоспақшы.
Тәуелсіздіктен бері қарай отандық кәсіпкерлердің үлесі артқанын білеміз. Дей тұрғанмен де дәл осы химиялық өнім шығару бағытында кенже қалғанымыз өтірік емес. Бояу шығаруда баяулық бар. Ал бұған ынталы топқа мемлекет дем берсе, істі дөңгелететіндер де жоқ емесін байқадық.