Пікір • 26 Ақпан, 2024

Отаншылдық асқақтайтын жыл

193 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр жүргізілген әлеуметтану зерттеулер қорытындысы ұлттық рәміздеріміздің танымалдығын арттыру аса маңызды екенін көрсетті. Мұны Президент жанындағы Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия да растап отыр.

Отаншылдық асқақтайтын жыл

Мемлекеттік рә­міз­дерді жаппай насихаттау жұ­мыс­тарын жүргізу – жауапты іс. Ұлттық рәміздердің идео­ло­гия­лық мәні зор екенін ескере отырып, оларды барлық дең­гейде дә­ріп­теп, танымалдығын арттыру мақ­са­тында патриотизмді насихаттау жөніндегі 2024 жылға арналған ті­зім де бекітілді.

Мұндағы басты мақсат – жастар­ға патрио­тизм идеясын насихаттау, тарихты, ерлікті қастерлеп, ел тұлға­ла­ры­н асқақтату.

Халқымыздың әйгілі перзенттеріне құр­мет көрсету – парызымыз. Солардың бірі – мемлекеттік Тудың авторы, суретші, дизайнер Шәкен Ниязбеков. Биыл Талғат Мұсабаевтың тұңғыш рет мемлекеттік Туды ғарышқа алып ұшқанына 30 жыл толады. Сондай-ақ жазушы-публицист, геральдика саласының зерттеушісі Ербол Шаймерденовтің туғаны­на  – 70 жыл. Қазақтың әйгілі кескін­демешісі, график-суретші, бейнелеу өнерінің негізін салу­шы­лар­дың бірі Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық мерейтойы.

Осыған орай «Туымыз – төрі­міз­де» атты жалпыұлттық акция, жастарды патриоттыққа бау­лу­ды көксеген «Отанды сүю – жүректен» қанатқақты жобасын іске асыруды, «Жетіс­ті­гім – тәуел­сіз­дігімнің жетістігі» атты түр­лі этнос өкілдерінің жастармен кездесуін ұйым­дастыруды қолға алдық. Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Көк тудың жел­бі­регені» атты патриоттар форумын, мемлекеттік Туды салта­нат­ты көтеру рәсімін, «Пат­риотизм дауысы» арқылы мемле­кет­тік Гимнді насихаттауды, Ш.Ниязбековті еске алуға арналған суретшілер арасында шы­ғармашылық байқау ұйым­дас­ты­руды жоспарлап отырмыз.

Енді барлық орта және арнау­лы білім беру мекемелерінде әр дүй­сенбі бір уақытта мем­ле­кет­тік Гимн орындалады. Білім беру мекемелерінде аптасына бір рет патриоттық рухты дәріп­теу­ге арналған сабақ өткізіледі. Білім беру меке­ме­ле­рін­де­гі «Жас ұлан» ұйымдары үздік оқушыларға мемлекеттік Елтаңба бейнеленген төсбелгілерді та­быс­тайды. «Туым – мақ­та­нышым!» атты пат­риот­тық диктант-конкурс ұйым­дас­тырылмақ.

Мәдениет саласындағы музей, кітап­хана, театр, клуб, филармония, халық шығар­ма­шы­лығы орталықтарында мемлекеттік рәміз­дерге арналған жүйелі пат­риот­­тық бағытта іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қа­тар телеарналар мен радио­ларда «Мемлекеттік рә­міздер күнін мерекелеуді қалай жос­­парлап отырсыз?» тақыры­бын­да блиц-сауалнамалар жүргізіп,  әлеуметтік желілерде бір уақытта мемлекеттік Тудың фотосын жариялап, «Туым – мақтанышым!» жалпыұлттық челлендж өткізіледі.

Ұлттық құндылықтар ұлтты құр­меттеуден басталады. Ұлтты құрметтеу – барша ұлттық құндылықтарды дәріптеу, құрмет көрсету, сақтау деген сөз. Ал ұлтсыздану ұлтты, мемле­кетті әлсіретеді. Қоғам дамуын тежейді. Бұл – тарихи шын­дық. Сондықтан тарих, замана ал­дындағы ұлы сынақ кезінде біз таңдауымызды жасадық. Әлем­дік озық құндылықтарды игере оты­рып, оны ұлттық құнды­лық­та­рымызбен байыту – жасампаздықтың жолы.

 

Руслан ХАМЗА,

Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталықтың атқарушы директоры