Үкімет • 27 Ақпан, 2024

Күн тәртібі бекітілді

115 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата бюросы өтіп, 29 ақпандағы отырыстың күн тәртібі бекітілді.

Күн тәртібі бекітілді

Соған сәйкес алдағы бей­сенбіде сенаторлар «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқы­лымда қарайды. Бұл заң кәсіп­керлік қызмет саласын­дағы заңнаманы жетілдіру және бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында әзірленген.

Құжат нормалары мемлекет­тік бақылау мен қадағалау нысан­дарын ретке келтіруге, кәсіп­керлік қызметті жүргізуге және дамытуға арналған жағ­дай­ларды жақсартуға, Мем­лекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыруға арналған.

Сонымен қатар Сенат отырысында «Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң қаралады. Конвенция – жерүсті және жерасты суларын әділ және тұрақты басқаруға ық­пал етудің жаһандық құқық­тық тетігі. Олардың бөліктері әртүрлі мемлекеттерде кездесе­тінін атап өткен жөн.

Сондай-ақ «2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде меди­циналық бұйымдар (меди­циналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң да Палата отырысының күн тәртібіне шығарылды. Аталған құжат тиісті саладағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

Бұдан бөлек, бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.