Аймақтар • 27 Ақпан, 2024

Ауылға 78 маман келді

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бес жыл бұрын жұмысын бастаған «Кеген ауда­ны­ның жастар ресурстық орталығы» аудандағы жас­тар саясаты мәселелерін жүзеге асырумен ай­­на­­­­лысып келеді. Бүгінде аудан халқының үштен бі­рін жастар құрайды. Яғни таулы өңірдегі 14 пен ­35 жас ара­лығындағы он мыңға таяу жастың еліміздің әлеу­­мет­тік-экономикалық дамуына қосар өзіндік үлесі аз емес.

Ауылға 78 маман келді

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел жастарына зор үміт артып, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын сезінетін аудан жастары әр салада белсенділік танытып келеді. Өткен жылы өңір жастарының тең жарымының белсене қатысуымен 130-ға жуық түрлі тақырыпта іс-шара өткізілді. Сондай-ақ 167 жас тұрақты жұмыспен қамтылды», дейді «Кеген ауданының жас­тар ресурстық орталығының» жетекшісі Тоғжан Қанатқызы.

Орталық жетекшісінің айтуынша, «Дипломмен – ауылға!» жобасымен былтыр 78 маман 27 млн теңге көтерме жәрдемақы алған. «Тұрғын үй сатып алуға берілетін несие бойынша 30 жас маманға 155 млн теңге несие берілді. Жастар еңбек жасақтарын ұйымдастыру тәжірибесі де ұтымды жалғасып келеді. «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру мақсатында 45 жас жұмысқа тартылды. Мұның барлығы – жастарға жасалған қамқорлықтың айқын көрінісі, ал еңселі ғимараттың есік ашуы қуанышымызды тіптен еселей түсті», дейді ол.

Аудан жастарының мерейін асырып, қуанышын тасытқан жағымды жаңалық – аудан орталығы Кеген ауылынан бой көтерген «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратының пайда­лануға берілуі еді. Жалпы құны 260,1 млн теңгені құрайтын нысан­ның лентасын қию рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, аудан жастарының алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Кең де сәулетті етіп салынған орталықта жастар жұмысқа орналасу, өз кәсібін бастау, мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес ала алады. Жаңа алаңда тегін бизнес-тренинг, шеберлік сабағы мен кездесу, көрме, үйірме және басқа да іс-шара ұйымдастыру жоспарланған.

 

Алматы облысы