Рудныйдың көшелері баяғы ескі атауынан күні бүгінге дейін арыла алмай келе жатқаны рас. Кеңес қайраткерлерінің музейі іспеттес қаланың қақ ортасында Ленин даңғылы жатыр. Одан әрі Топорков, Корчагин, «40 лет Октября», «50 лет Октября», Комсомол даңғылы, Калинин, Свердлов, Киров, «Пионерский», «Молодая гвардия», Чернышевский, Морозов, Котовский, Орджоникидзе, Таран, Крупская, Бабушкин, Халтурин деп кете береді. Тек Ыбырай Алтынсарин мен Бейімбет Майлин атында ұзындау екі көше бар. Ал бір шетте жатқан Абай, Жамбыл, Амангелді, Сарыарқа, Арман сияқты шолақ көшелердің кірер жолы бар да, шығар жері жоқ, сәл жүрсеңіз тұйыққа тірелесіз. Сорақысы сол, «Азиатская», «Казахская» деген қысқа көшелер де бар. Бұл көшелерде өскен баладан «Ахмет пен Міржақып туралы білесің бе?» деп сұраудың өзі ұят.
Тәуелсіздік жылдары өңірге 36 мыңға жуық қандас көшіп келген екен. Соның ішінде Үшқұдықтан шыққан ұлы көшпен Рудныйға келіп орныққан 18 мыңға жуық ағайынның орны бөлек. Бұрын Үшқұдық шахталарында жұмыс істеген қандастардың дені – қазір «Сарыбай-Соколов» кен байыту комбинатының кеншілері. Біразы түрлі салада табысты еңбек етіп жатса, біразы бизнес ашып, өнім шығарып, Рудныйдың маңайында мал бағып, түйе өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Тәуелсіздікке дейін қаладағы 2–3 пайызға жетер-жетпес қазақтың үлесін 38 пайызға жеткізген де – негізінен осы қандастар. Алыстан атамекенді аңсап жеткен ағайын мемлекеттік тілдің тамырына қан жүгіртіп, қалада қазақ мектептері мен балабақшаларына деген сұранысты арттырды. Осылайша, қандастар өңір демографиясының ғана емес, мемлекетшілдік пен елдіктің, отансүйгіштік пен ұлттық рухтың да доноры өздері екенін көрсетті.
Мұның сыртында, Рудныйда 90-жылдары Торғай өңірінен көшіп келген бірсыпыра ел отыр. Осыдан 22 жыл бұрын Рудныйға қоныс аударған кәсіпкер Жанат Байдоллаеваның айтуынша, Торғайдан көшіп келген азаматтар көше атауларын өзгертетін уақыт жеткенін 2012 жылдан бері айтып келеді. Бұл мәселені тұрғындар 2018 жылдан бастап тағы көтере бастаған. Алайда қала басшылығы біресе пандемия деп, біресе мораторий жарияланды деп, созбаққа сала берген. Тұрғындардың ішіндегі Жалғасбек есімді белсенді азамат әкімдікке қайта-қайта барып жүріп, ақыры «қол жинап, арыз жазып келіңдер, онсыз еш нәрсе өнбейді» деген жауап алыпты. Осыдан кейін әлеуметтік желіде чат ашып, топ құрып, оған қала тұрғындарын кіргізеді. Осылайша, қол жинау басталады.
«Кәсіпкермін, дүкенім бар. Осы елге жаны ашиды-ау деген өзім танитын кәсіпкерлердің дүкендерінің алдына «Қала көшелерін өзгертуге келіссеңіз, дүкенге кіріп қол қойыңыз» деген мазмұнда хабарландыру ілдік. Сонымен бір күнде мыңнан аса дауыс жиналды. Әлеуметтік желідегі тобымызға мыңнан аса адам тіркелді. Арамызға неше түрлі адам кіріп кетті. Іле учаскелік полиция инспекторлары келіп, қағаздарымызды алып кетеді. Сонымен Жалғасбек әкімдікке 788 адамның қолын тапсырып үлгереді. Бұлай кедергі жасамағанда тұрғындардың қолын әрі қарай жинай беретін едік. Қаншама адамның қолы есепке кірмей қалды. Бір дүкендер тығып алып қалған, менде 130-дай дауыс қалып кетті. Қол қоямыз деген жұрт одан кейін де толассыз ағылып келіп жатты», дейді Ж.Байдоллаева.
Әкім бастамашыл көпшілікті шақырып бірнеше рет кездескен. Бірақ бұдан жағдай ушыға түспесе, еш нәтиже болмаған. Виктор Ионенко әуелі көпшілікті алдағы уақытта көшелерді кеңейтеміз. Сіздер ұсынып жатқан атауларды сол әдемі көшелерге берсек қайтеді деп алдарқатып шығарып салғысы келген. Тұрғындардың атынан сөйлеген Ж.Байдоллаева: «Біз кішкентай бала емеспіз ғой. Неше жылдан бері алданып келе жатырмыз. Осы Рудныйда 78 көше бар екен. Соның 7–8-інің ғана қазақша атауы бар. Оның өзі – кілең 10–20 шақты ғана үйі бар шолақ көшелер. Мысалы, Абай атамыздың есімін 20 шақты үйі бар келте көшеге беріп қойған. Оның өзін адам іздеп таппайды, бір шетте жатыр. Абайға ондай көше лайық емес қой. Рудныйда 128 мың халық тұрады екен. Соның 38 пайызы – қазақ, қалғаны – өзге ұлт өкілі. 38 пайыз қазақ болса, біз сізге осы қаладағы көшенің тең жартысын өзгерт деп жатқан жоқпыз. Ең құрығанда үш көшеге біз сұраған тұлғалардың есімін беріңіз. Мән-мағынасы кеткен «50 лет Октябряның», Лениннің, Корчагиннің не керегі бар. Балаларымыз олардың кім екенін де білмейді», деді.
Ақыры әкім 10 адамдық бастамашыл топ құрыңдар, одан кейін ономастикалық комиссиямен кездесеміз деп шығарып салады.
«Бір аптадан кейін қайта шақырды. Бұл жолы тағы алдап соқты. Былай етейік, сіздер үшеу сұрадыңыздар ғой, жетеу қылайық деп, алты көшенің атын беретін қылды да, арасына М.Сургутановты қосып жіберді. Біз әуелі үш көше сұрап барғанбыз. Сосын жарайды алты көше беріп отыр, өздері ұсынған бір адамын өткізе қойсын, бұл да бір саясат шығар деп келістік. Содан халыққа әлеуметтік желілер арқылы сауалнама жариялаймыз деді. Әкімдік Ленин көшесін тиіспей алып қалып, сауалнамаға «50 лет Октябряны» А.Байтұрсынұлына, «40 лет Октябряны» М.Сургутановқа, одан кейін «Восточная» деген түкпірдегі бір көшені Сарыбай атауына ауыстыруға қарсы емессіз бе?» деп, үш-ақ көшені жіберіпті. Жан-жаққа көшіп кеткен бұрынғы тұрғындар ашқан «Мы из Рудного» деген сайт бар. Әкімшісі шетелде тұрады екен. Әкімдіктің сауалнамасы осы сайтқа да жарияланыпты. Онда отырғандар неше түрлі қарсы пікірлерді қардай боратып тастапты. Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Сөздері сүйектен өтеді енді. Біз өзіміздің топта отырған халықты даурықпаңыздар, қарсы жазбаңыздар, бірдеңе айтып қойып жүрмеңіздер деп сабырға шақырып, ұстап отырдық. Содан жан-жақтан шабуыл басталды. Бізді ашындырғаны, әкімдік сауалнаманы қайдағы бір жеке сайтқа не мақсатпен шығарады. Бұл барып тұрған арандатушылық қой», дейді Ж.Байдоллаева.
Жанат айтқандай, өзге тілді жекелеген басылымдардың бұл мәселені қайта-қайта қозғап, кәдімгідей ушықтырып, елді дүрліктіріп жібергені рас. Әдетте, мұндай маңызды мәселелерді алдымен мәслихат депутаттары қарап, таразылап, ойласып, әбден пісіріп алатын. Содан кейін ғана тұрғындармен кездесіп, көпшілікке байыппен түсіндіретін. Ал Виктор Ионенконың бірден әлеуметтік желіге сауалнама жариялауы отқа май құйғандай жағдайды одан әрі өршітіп жіберді. Қала әкімі мұндай ұшқары шешімді білместіктен қабылдады ма, жоқ әлде қандастардың қарқынын басу үшін қасақана істеді ме, бұл жағы жұмбақ.
«Виктор Ионенконың кезекті бір шақыртуымен әкімдік ғимаратына кіргеніміз сол еді, қалалық полиция бөлімі басшысының орынбасары, білдей бір подполковник Виталий Цой «Оппозиционерлер келді ме?» деп қалды. Мұндай сөзді қатардағы полиция қызметкері айтса, ерен санамас едім. Мен бұрылдым да: «Сонда сіз оппозиционер деп халықты айтып тұрсыз ба? Халықты осылай өздеріңіз ашындырасыздар. Сіздер биліктегі адамсыздар. Сонда сіздерше біз бүлікші болып тұр екенбіз ғой. Сіз осы сөзіңізге заң алдында жауап бересіз!» деп едім, «Кешірерсіз, әзілдеп едім. Кешірім сұраймын!» дей берді. Мұндай әзіл бола ма? Әлде әкімдік әзілдесетін жер ме? Сол жерде ашынған халық шулап кетті. Әкім кездесуде тағы түлкібұлғаққа салып, өткенде айтқан сөзінен айнып, басқаша сөйледі», дейді Ж.Байдоллаева.
Бұл кездесуде В.Ионенко: «Екі апта бұрын қаланың 778 тұрғыны тарихи тұрғыдан көнерген көше атауларын өзгерту туралы өтініш жасаған. Қалалық ономастикалық комиссия екі мәрте бас қосып, мәселенің мән-жайын жан-жақты талқылады. Бастамашыл топтың өкілдерімен кездесіп, шешім қабылдады. Бірқатар көшенің атауы идеологиялық тұрғыдан ескіргені рас. Тұрғындардың пікірін білу үшін сауалнама жүргіздік, халықтың 48–49 пайызы қолдайды, ал 51–52 пайызы қарсылық білдірді. Қазір анық ештеңе айта алмаймыз. Тағы қайталап айтамын, біз барлық тұрғынның пікірін білген соң ғана дұрыс шешім шығара аламыз. Біз үшін қала тұрғындарының пікірі маңызды. Егер көпшілік қаласа, көше атауларын өзгертеміз. Бірақ көше атауын өзгерту қазір өзекті мәселе емес. Ешбір шұғыл әрекет жасалмайды. Ең бастысы, қала тұрғындарының бірлігін сақтау керек. Егер тұрғындардың көпшілігі қолдап шықса, комиссия жұмысын жалғастырады. Ал олай болмаған жағдайда жұмыс тоқтайды», деді.
Содан көпшілік әкімдіктің сайтында жарияланған сауалнамаға ғана жауап береміз деп келіскен. Бірақ сауалнама жарияланған сайт кенеттен жұмыс істемей қалды. Жұрт екі күн сарылып күтті. Сайттың қашан іске қосылатынын сұрап Рудный қалалық әкімдігіне өзіміз де хабарласып едік, «Біз бағдарламашы емеспіз, ол жағын анық білмейміз» деген жауап алдық.
Ертеңінде бастамашыл топтан «Екі күннен бері сайт жұмыс істемейді деп еді. Енді бүгін мынадай деп жауап беріп отыр» деген хабар алдық.
Қандастар әкімдіктен «Рудный қаласы көшелерінің атын өзгерту мәселесіне қатысты облыс тұрғындарының пікірін зерделеу мақсатында биыл 20 ақпанда әкімдік сайтында қала тұрғындары арасында онлайн сауалнама басталды. Алайда бұл мәселеге резидент емес тұрғындардың қатысуына байланысты дауыс беруді тоқтату туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ бұл сауалнама тұрғындардың пікірін зерделеу мақсатында жүргізілгенін және оның нәтижелерінің заңды күші жоқ екенін еске саламыз» деген жауап алған. Әкімдік осылайша не істеп, не қойғанын өзі білмей отыр. «Біз құрған чатта мыңнан аса адам бар. Ол кісілерге не айтарымызды білмей қалдық. Қиын сияқты бұл мәселе», дейді тауы шағылғандай болған Ж.Байдоллаева.
Бастамашыл топтың өкілдері ұлт мүддесі жолындағы күрес осымен тоқтап қалмайтынын айтады. Себебі Рудныйға келіп жатқан көш әлі тоқтаған жоқ. Бастысы, көш тоқтамасын, көш тоқтамаса көше қайда барар дейсіз? Рудныйдағы ағайын көп ұзамай дегеніне жетер деген сенімдеміз.
Қостанай облысы,
Рудный қаласы