Сараптама • 27 Ақпан, 2024

Гендерлік теңдіктің тежегіші

320 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Гендерлік теңдік – әлемде және елімізде де өзекті тақырыптың бірі. Жыл сайын Давоста өтетін Әлемдік экономикалық форум­дағы панельдік талқылау да осы мәселеге арналады. Мәселен, соңғы өткен Давос форумында «Әйелдер өмірден бәрін ала ала ма?» (Can women have it all) деген өзекті сұрақ талқыға түсіп, бел­гілі сарапшы, заңгерлер, мемлекеттік қызметкерлер, білім сала­сының өкілдері осы мәселеге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Гендерлік теңдіктің тежегіші

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Гендерлік теңсіздікті азайту – экономикалық өсімнің маңызды қозғаушы күші. Әлем ғалымдары экономикадағы гендерлік үлес­тің арасалмағы туралы жиі мәсе­ле қозғап келеді. Мәселен, Швей­царияда әйелдердің тек 15 пайы­зы толық күн жұмыс істейді екен. Нәзік жандардың қалған 85 пайызы экономикалық тұрғыда белсенді емес, яғни жұмысқа орналаспаған, үй шаруасымен айналысады немесе зейнет жасында. Сондықтан жоғарыда айтылған панельдік талқыда әйел­дерді жұмысқа көбірек тарту үшін қандай жаңа саяси шешім мен бизнес үлгілерін іске асыру керек деген сұрақтың жауабы қарастырылды.

Швейцарияда басқа елдермен салыстырғанда әйелдердің жұмыс орнындағы құқықтары қорғалған. Мәселен, 2022 жылы 15 және одан жоғары жастағы халықтың белсенділік деңгейі Швейцарияда 67,1 пайызға жетті, бұл – Еуропадағы ең жоғары көрсет­кіштің бірі. Дегенмен әйел­­дердің еңбек нарығына қаты­су деңгейі (61,9%) ерлерге қа­ра­ғанда (72,4%) төмен. Ал қазіргі кезде саясаткерлердің алдында тұрған өзекті мәселе – аналарды жұмыс күшіне тарту және балалы бола тұра жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету.

Осы елдің экономика жө­нін­­дегі мемлекеттік хатшысы Мари-Габриэль Инейхен-Флейш әйелдердің жұмыс күшін­де­гі төмен көрсеткішінің үш себе­бін атап өтті. Олар: халық ара­сын­дағы қате түсініктер мен сте­рео­типтердің болуы, заңда­ғы кем­шіліктер және салық мәсе­леле­рі. «Сонымен қатар әйелдер­ді жі­герлендіру өте маңызды. Өйт­кені әйелдерге қарағанда ерлер­дің мансапта биікке ұмтылу құл­шынысы мықтырақ, олар өз қа­рым-қабілетіне әйелдерге қара­ған­да аз күмәнданады. Швейца­рия елі 55 жастағы және осы жас­тан асқан әйелдердің де жұмыста қалуын қолға алды», дейді ол.

Швейцариядағы жұмыс кү­шін­дегі гендерлік теңсіздіктің себебі – әйелдердің білімі жоқ­тығынан емес, бұл мемлекеттің әйелдері сапалы білім алады, бі­рақ мәселе – алған білімін қол­дана алатын мүмкіндіктердің аздығында. Сонымен қатар үлгі тұтатын мықты әйелдердің аз болуы да – басты себептердің бірі.

Коста-Рикада да гендерлік тең­дікті тежейтін ең өзекті мә­се­ле – мәдени ерекшеліктер. Яғни халықтың сана-сезімінде қалыптасып қалған әйелдерге қатысты теріс түсініктер мен стереотиптер. Қоғам белсендісі Синтия Кастроның келтірген мысалы – қоғамда әйел міндетті түрде балалы болуы керек, ал ба­ла тумаса, халықтың сыны­на ұшырайды. Коста-Рика елінде әйелдер бір аптаның ішінде үй ша­руасына 37 сағат бөлсе, ерлер 15 сағатын ғана жұмсай­ды. Соны­мен қатар көптеген мекеме­де жұ­мысқа қабылдауда біржақ­тылық басым. Яғни жұмысқа үміт­кердің есіміне, жынысына, бет әлпетіне немесе ұлтына қа­рап шешім қабылдау әлі де сақталған.

АҚШ-та әйелдер ерлердің алып жатқан жалақыларының 70–80 пайызын алып отыр. Имам Хамза Юсуфтың ойынша, бұрын физикалық күш тірі қалу үшін керек болса, қазіргі заманда оның қажеттігі төмендеп, білімнің маңыздылығы артып келеді. Ер мен әйелдің тең екенін Хамза Юсуф Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) мен Хадиша ананың мысалы ретінде атап өтті. Хадиша – өз заманының мықты кәсіпкер әйелі, сол ға­сыр­дың «CEO»-сы. Хадиша ана­ның көмегі Ислам дінін таратуда үлкен үлес қосқаны көп жайттан хабар береді. Қазіргі гендерлік теңсіздіктің орын алып жатқанының тағы бір себебі – адамдардың әйел мен еркектің қарым-қатынасы туралы дұрыс түсінігі болмағандығынан. Сон­дықтан гендерлік теңдік, оның өзектілігі туралы халықтың білі­мін арттыру маңызды.

Ал америкалық саясаткер Тим Райан өмірде жұмыс пен отба­сына бірдей көңіл бөлу, бәрі­не үлгеру мүмкін емес деп ойлайды. «Өйткені кез келген адам жеке өмірі мен мансап арасында екеуінің біреуіне басымдық беруге міндетті», дейді ол. Барлық сарапшы өмірлік жар таңдауда дұрыс шешім қабылдау және үй шаруасын тең бөлу маңызды екенімен келіседі. «Алайда өз ше­шімімен үй шаруасына, балалар­дың тәрбиесіне қараймын деп жұмыс істемейтін әйелдерді кемсіту, олардың таңдауымен санаспау, келіспеу дұрыс емес. Әр адамның таңдау құқы бар және балаға да көңіл бөлу аса маңызды», дейді олар.

«Әйелдер өмірден бәрін ала ала ма?» деген шешуші сұраққа барлық сарапшы: «Егер тең мүмкіндік пен қолдау көрсететін жұбайы болса, ерлермен жарысып кетпей, өмірде дана шешім қабылдайтын болса, әйелдер өмірден бәрін ала алады» деген ортақ қорытындыға келген.

 

Наргиза СМАНОВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы