Ел халқы Елбасының шешімін осылай бағалап отыр
Аз уақыттың ішінде қол жеткізген жүз жылдыққа татырлық жетістіктеріміздің басы-қасында қозғаушы, дем беруші болып Тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы жүр. Ол елімізге тап болған кешегі аумалы-төкпелі, өтпелі кезеңде, халқымыздың бағына орай, ел билігін өз қолына алды. Әрі осы сыни шақтан елін жаңылдырмай, сүріндірмей алып шықты.
Соңғы кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің ішкі және сыртқы саясатын жүргізудегі көшбасшылық рөлі туралы отандастар да, шетелдік сарапшылар да айтып, жазып жүр. “Ел Басы” туралы мәселе Парламенттің екі палатасында қаралып, мақұлданды. Елбасының мәртебесі туралы заң жобасы қос палата депутаттарының талқысынан өтіп, Елбасының бекітуіне жіберілді.
Бүкіл ел болып, Президенттің шешімін күттік. Енді, міне, Нұрсұлтан Әбішұлы өзіне жолданған заңдарға жауап беріп, өз ұстанымын депутаттарға немесе “Нұр Отан” партиясының Саяси бюросына ғана емес, бүкіл қазақстандықтарға мәлім етті. Елбасы ұсынылған заңдарға қол қоюдан бас тартты. Халықтың қошеметін, өзінің мәртебесін заң арқылы бекітудің жөні жоқ деп тапты. Елбасы өзіне де, халқына да сенеді. Елдің, халықтың үмітін ақтау үшін арнайы қарар қабылдаудың қажеті жоқ деп біледі.
Қызметтестермен, әріптестермен, жолдастармен өзара әңгімеде тап осындай шешім болар деп күткен едік. Жауап ойымыздан шықты. Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да өзінің парасаттылығын, көрегендігін, тәжірибелі-майталман саясаткер екендігін, мемлекеттік, тіпті жалпыадамзаттық категориялармен ойлайтынын танытты. “Мен әрқашан түрлі мақтау мен мадақтан биік тұруға тырысамын және осы ұстанымда қала беремін”, – деп атап көрсетті Елбасы өзінің халыққа арнауында.
Елбасының осы шешімі елімізге, бүкіл қазақстандықтарға абырой болды деп білеміз. Біз осындай кең және әріден ойлайтын дана басшымыздың барлығына ризашылық білдіреміз. Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет мүддесін, халықтың жағдайын бәрінен де биік қоятынын тағы да айғақтады.
Өз арнауында Нұрсұлтан Әбішұлы қоғамдық пікірде берік қалыптасқан “Ел Басы” мәртебесін заңдастыру туралы Парламенттің шешімін түсіністікпен қабылдайтынын және осы мәртебені қабылдау туралы тілек айтып хат жолдаған қазақстандықтарға шынайы алғысын білдіретінін айтты. Бірақ, Елбасының пікірінше, мұндай мәртебені тек заңдармен, декреттермен немесе өзге де құқықтық актілермен белгілеуге болмайды.
Бір айта кететін нәрсе – баспасөз бетінде қылаң беріп қалған Ұлт көшбасшысы туралы идеяны орынсыз деп есептеудің немесе ол халықты әрі-сәрі күйге түсіріп, елдегі тұрақтылыққа нұқсан келтіреді деп ойлаудың реті жоқ. Негізінде осынау идеяда де-факто болған жағдайды де-юре жағдайына келтіру, яғни заңдастыру керек деген мағына жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлы, шынында да, елімізде ғана емес, ТМД елдерінде, тіпті дүние жүзінде танымал болып табылатын көшбасшы. Бұл – отандастарымыздың ғана емес, шетелдік сарапшылардың да пікірі.
Елбасы өзінің арнауында елде әртүрлі пікірлер туғызған мәселе жөнінде, еліміздің жағдайы, алда тұрған ұлан-ғайыр міндеттер жөнінде өз ойын ашық әрі түсінікті етіп жеткізген. Ештеңені бүгіп қалған жоқ. Отбасының мүшелері туралы айтқаны да көңілге қонады. Елбасы өзі үшін де, отбасының мүшелері үшін де барша қазақстандықтардан бөлек ерекше артықшылықтар немесе жеңілдіктер талап етпейді. Бәрі де бұлжымас заңға бағынуы тиіс. Күйеу баласы туралы айта келіп, оның шектен шыққан қылығы Елбасы үшін де, оның отбасы үшін де орасан қасірет болғанын жасырмайды.
Ашықтық туралы бір кезде қайта құру тұсында көп айтылып еді. Қазір бұл мәселе тасада қалып жүр. Дұрысында ашықтық, жариялылық – демократиялық қоғамның айқын көрінісі. Осы жағынан да Президенттің арнауы бәрімізге сабақ болар үлгі іспеттес.
Біз, ұстаздар қауымы, жастарымызға үлгі болар істерге, тұлғаларға, олардың кісілік қылықтарына ерекше мән береміз. Сондай сөзімен де, ісімен де, болмыс-бітімімен де бәрімізге тірі үлгі болып келе жатқан бірден-бір тұлға – Елбасымыз болып табылады. Біз Президенттің ісі де, жолы да, бетке ұстаған бағыты да дұрыс деп есептейміз. Демек, Президентімізбен бірге біз ойлаған мақсатымызға жетеміз. Біздердей ұстаздарды елдегі істің жайы, ішкі және сыртқы саясаттың жүзеге асуы ғана қызықтырып қоймайды. Бұл арадағы жетістіктер біздердің және студент жастарымыздың көңіл күйін көтеріп, болашаққа сенімімізді арттырады. Сонымен бірге, біз үшін қымбат нәрсе – Елбасының осындай тосын шешімдері, таңдауы.
Ғалым ретінде, жоғары оқу орнының ректоры ретінде айтарым – елімізде бұрын да, қазір де оқимын, өсемін, жетілемін деген студенттерге, ұстаз деген, ғалым деген атымды ақтаймын деген оқытушыларға қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Елде білім мен ғылым саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Бізде интеллектуалды ұлт болып, интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеуге, сөйтіп, Президенттің тапсырмасын орындап шығуға қажетті алғышарттардың бәрі бар.
Орыс тілінде адам туралы сөз болғанда кейде “самодостаточный человек” деген сөз тіркесі қолданылады. Біздің философтар оны “толық адам” деп аударып жүр. Нұрсұлтан Әбішұлы – сондай толық адам. Ол кісіде адамға, атап айтқанда, көшбасшыға қажет қасиеттердің бәрі бар. Абай айтқандай, “ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек”, ерік-жігер, біліктілік, көрегендік, кемеңгерлік, елжандылық, табандылық. Біз тек Елбасына ойға алған істерінің барлығын орындауға ұзақ ғұмыр берсін деп тілейміз.
Қазыбай БОЗЫМОВ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор.
ОРАЛ.
БАСҚАША БОЛУЫ МҮМКІН ЕМЕС ЕДІ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы туралы Заңнамаға қол қоймауы көпшіліктің Президентке деген сенім-ілтипатын арттырғаны сөзсіз. Өйткені, Елбасы – ешбір заңдық күші бар атақ-дәрежесіз-ақ әр істе халық көңілінен шығып, әлем жұртшылығы мойындаған тұлға. “Отанды сүю – иманнан” дейді қасиетті хадис. Қазір бізге керегі имандылық, мұсылманшылдық, алдымен жүрек иманды болуы керек.
Біздің қазақ тарихында сөз бастаған шешенге, ел бастаған көсемге, қол бастаған батырға атақты қарапайым халық берген. Әне, Ақан серінің Құлагеріне ескерткіш орнаттық. Ақан сері кейін “Құлагерге ескерткіш қойыңдар”, деп кеткен жоқ қой, демек, халық өзінің жүрегінде жүрген асылын өзі бағалайды. Сол асылдар ең алдымен қазақты құрметтеп, ұлтына қызмет атқаруы керек. Сонда халқы да оны оң бағалайды.
“Халық қаласа, хан түйесін сояды” деген тәмсіл бар. Себебі, шешеннің әрбір қиыннан қиыстырған сөзі, бидің әділ шешімі, қайысқан жауға тайсалмай қарсы шығып, ұлтарақтай жер үшін шайқасқан батырды халқы небір атаулармен ұлықтап, мақтан еткен. Сондықтан халқын, елін сонау Кеңес өкіметі ыдыраған алмағайып кезеңнен аман-есен алып шығып, экономиканы нығайтып, бүгінгі әлемдік дағдарысқа да төтеп беріп, әлем қайраткерлерін мойындатқан Н.Назарбаевты халқымыз ешбір заң-зәкүнсіз-ақ “көсемім де”, “шешенім де”, “биім де”, “батырым да” деуі әбден ықтимал.
Жеңіс МЕЙІРМАН, ардагер ұстаз, Екібастұз қаласының құрметті азаматы.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы.