Әкім журналистерге облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысы, «Qyzyljar» АЭА қадамдары, әлеуметтік және басқа мәселелер жөнінде толық ақпарат берді. Былтыр тек ауыл шаруашылығы ғана белгіленген межені орындай алмаған, қалған саланың бәрі де жоспарды асыра орындап, экономиканың даму қарқынын қамтамасыз еткен. Ал 2024 жылы 551,9 млрд теңгеге 11 инвестициялық жобаны іске асыру белгіленген.
Баяндамасын аяқтағаннан кейін Ғ.Нұрмұхамбетов журналистердің сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде қарғын суға қамдану мәселесінде Петропавл қаласы әкімдігінің салғырттық танытып отырғанын айттық. Өйткені жекеменшік үйлердің көп аудандарында ауладан шығарылған қар таудай болып үйіліп, тасылып әкетілмей тұр. Қала әкімдігі осы жұмыстарды атқаруға тендерге жариялап, компанияларды белгілегенімен, қар уақытында тасылмайды. Егер ертең күн күрт жылып кетсе, тау болып үйілген қардың суы үйлерге кіріп кетпей ме деген алаңдаушылық бар. Облыс әкімі бұл сұрақтың өте өзекті екенін мойындап, кездесуге өзімен бірге келген қала әкімі Серік Мұхамедиевке жолдады. Бірақ соңғының жауабы түсініксіз күйінде қалды, өйткені оның сөзі қар таситын компанияларды енді таптық дегенге саяды.
Жалпы, қала басшысының қар шығару жұмыстарына жүрдім-бардым қарайтыны көрініп жүр. Шаһарда тек жаяу жүргіншілерге арналған «Қазақстан Конституциясы» көшесі биыл дұрыс тазаланбағандықтан көк мұз болып, жаяуларды кібіртіктетіп тастаған.
Сонымен бірге облыстың мәдениет ошақтарында, әсіресе С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әмбебап, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер, И.Шухов атындағы қалалық кітапханаларда зиялы қауым өкілдері, оқытушылар мен мұғалімдер, курсанттар, студенттер мен оқушылар қатысуымен өткізілетін мәдени іс-шараларға жергілікті билік өкілдерінің, ішкі саясат, мәдениет басқармаларының өкілдері мүлде қатыспайтынын айттық. Сондықтан халықтың айтқан ұсыныс-пікірлері жергілікті биліктің құлағына жетпейді, мұндай іс-шараға қатысушылар үнемі наразылық білдіріп жататынын жеткіздік. Ғ.Нұрмұхамбетов бұл мәселені мүлде білмейтінін жасырған жоқ. Кездесуге қатысып отырған әкімдіктің аппарат жетекшісі Руслан Әлішевке тапсырма беріп, өткізілетін барлық іс-шараға билік өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Біз көтерген үшінші мәселе – Тіл басқармасын қайта ашуға арналды. Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі аймақта оны жауып тастау, мемлекеттік тілдің өрісін тарылтумен барабар. Ауыл шаруашылығы министрінің қызметіне ауысып кеткен бұрынғы әкім Айдарбек Сапаров бұл мәселені түзетпек болған еді, алайда үлгере алмай кетті. Қазіргі әкім бұл мәселенің оң шешілетініне уәде берді.
«Қазақстан дәуірі» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нұрсайын Шәріп ономастикалық мәселелердің оңалмай тұрғанын айта келіп, тым болмаса Абылайдың атына да Петропавл қаласында бір көше әлі күнге берілмей тұрғанына қынжылыс білдірді. Әкім бұл мәселелерге де өзінің оң қарайтынын, алдағы уақытта қолға алынатынын мәлімдеді.
Журналистердің бәрі де өзекті мәселелерді қозғады. Мектеп аулаларының жөнделуі, жаңа спорттық алаңдардың түзілуі, қаланың көріктендірілуі, ауруханалардың назардан тыс қалып келе жатқаны және басқа да мәселелер ортаға салынды. Соның ішінде облыстың муниципалды телеарнасының директоры Евгений Сазонов қаланың кейбір көшелерінде тротуарлардың жоқ екеніне назар аударды. Біз де осыдан бірнеше жыл бұрын қаладағы ең көрікті көшелердің бірі – М.Жұмабаев даңғылының жолын жөндегенде, жұмысшылардың жаяу соқпақ жасауды қалай «ұмытып» кеткеніне қайран қалып, жазғанбыз. Тіпті оның жоспарға енгізілмеуі мүмкін еместігін, алайда бөлінген қаражат біреулердің қалтасына түсіп кетуі мүмкін екенін де айтқанбыз. Облыс әкімі бұл мәселені сатылап жөндеу туралы қала әкіміне тапсырды.
Сөйтіп, БАҚ өкілдері облыс әкіміне күрделі мәселелерге қатысты сұрақтарын қойып, жеңілдеп қалды. Ал Ғ.Нұрмұхамбетов осы уақытқа дейін көңіл бөлмей келген біршама дүниені біліп, көптеген ақпарат алып, екі жақ та олжалы болды.
Солтүстік Қазақстан облысы