Тағзым • 28 Ақпан, 2024

Сұлу сөздің сүлейі

173 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елорданың «Жастар» театрында Қа­зақстанның халық жазушысы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығына арналған «Сұлу сөздің сүлейі» атты әдеби-сазды кеш өтті. Тағылымды іс-ша­ра­ға ғалымдар, ақын-жазушылар мен өнер майталмандары қатысты.

Сұлу сөздің сүлейі

Кеш шымылдығы әнші Сәулежан Тақзия­ның орындауындағы Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнімен ашылды. Серілік салтанатында санаттас әрі аттас Сәкен ағасының әні жазушының жанын дәл суреттеп, болмыс бояуын анық көрсететіндей көрінді. Бәлкім, осы себептен көрермен қауым әнмен бірге әуелеп, әншімен бірге шырқап отырды.

Әдеби-сазды кеш әрі қарай автордың «Жаралы гүлдер» пьесасының желісімен қойылған режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбайдың «Тырау-тырау, тырналар» драмасына ұласты. Соғыс жылдарындағы қайғы-қасіретті көрсеткен қойылым үзіндісі көпшіліктің көңілін толқытты, жүрегін тебірентті.

Ал айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан Сәкен Жүнісовтің қаламгерлік, қайраткер­лік портретін, өнегелі ғұмырын өлеңмен өрнек­теді. «Құлагерді жоқтаған Ақан болса, Ақан­ды жоқтатпаған Сәкен сері!» дейді ол.

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып сөз алып, Сәкен Жүнісовтің санқырлы­лығына ерекше тоқталды.

«Ол кісіні көзіміз көрді. Қанаттас інісі болып қатар жүрдік. Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық театрда өткен мерейто­йында Сәкен ағаның италия тілінде шырқаған ариясына таңданбаған, тамсанбаған адам қалмады. Ал оның драматургиядағы, аударма саласындағы өнімді еңбегі әлі де үлкен зерттеулерді талап етеді. Сондықтан елі барда осындай ердің есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Ол қазақ халқымен бірге жасайды», деді ол. Ақын одан кейін жазушыға арнаған өлеңін оқыды.

Ал ақын, манасшы Баянғали Әлімжанов Сәкен Жүнісовтің шығармашылығына тоқталып, оның биік деңгейдегі азаматтық болмысын баса айтты.

«60-жылдары қазақ әдебиеті аспанында небір жұлдыздар жанды. Алайда сол жұлдыздардың ішінде ең жарығы Сәкен ағам еді. Ол кісі әдебиетке жарқ етіп, «Жапандағы жалғыз үймен» келді. Одан кейін «Ақан серінің» екі томын және «Аманай мен Заманайын» берді. Бұл – қазақ әдебиетінің қазынасына қосқан ағамыздың ең үлкен тартуы. Сәкенді замандастары тентек дейді. Бірақ ол – есті тентек еді. Сөзге тоқтайтын уәлі азамат еді. Бірде Сейітжан Омаров дейтін жазушымен Сәкен Жүнісов сөзге келіп қалады. Табиғатынан момын Сейітжан ақсақал еш дауыс көтермейді. Тек қана «Әй, Сәкен... Табиғаттың заңы бойынша мен сенен ертерек кетемін ғой. Сонда әкең Нұрмаққа айтармын, Сәкен мені ренжітті деп», дейді. Осы сөзден кейін ағамыз қатесін түсініп, бірден кешірім сұраған екен. Кейін осы оқиғасын өле-өлгенше өнеге болсын деп айтып жүрді жарықтық», деді Б.Әлімжанов.

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Қуаныш Оспанов кітапханада Сәкен Жүнісов атындағы мәжіліс залы ашылатанын хабарлады. Ақжолтай жаңалық­қа Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалының директоры Дәу­лет­керей Кәпұлы үн қосып, кітапханаға әйгілі фотограф Шүкір Шахай түсірген жа­зу­­шы­ның жиырма суретін сыйға тартатын болды. Сонымен қатар Сәкен Жүнісовтің 90 жыл­ды­ғына орай ұлттық академиялық кітапха­нада ғылыми конференция да өтетінін хабарлады.

Кеш соңында қаламгердің қарындасы Роза Жүнісова ақ тілегін айтып, жиылған қауым­ға алғысын білдірді. Салтанатты іс-шара­ның өтуіне мұрындық болған Жазу­шылар одағы Астана филиалы мен Астана қаласы әкімдігі өнерпаздарды ықылас гүлімен құттықтады.