Қоғам • 29 Ақпан, 2024

Жаңа толқын, жасампаз буын

168 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әділетті Қазақстан құруда білікті әрі білімді жас кадрлардың рөлі ерекше. Қалай дегенмен де бұрынғы сарынға үйреніп қалған кейбір мемлекеттік қызметкерлер ескі сүрлеуде сүрініп жүр. Сондықтан қазіргі саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалардың атқарылуына кедергі болады. Ал бұған жаңа леп беретін қоғамдық топ – Президенттік жастар кадр резерві.

Жаңа толқын, жасампаз буын

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұл бастамаға жол салған – 2019 жылдың 27 тамызында жарық көрген «Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығы. Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылды, кейін конкурс жарияланып, қорытындысымен 300 резервист іріктеліп алынды. Қолы таза, білімі терең жастар ескі жолмен жүрмей, жаңа талаптарды орындауда Пре­­зиденттің алға қойған басты қағи­дат­тарымен еңбек етуге ниетті.

Кадр резервіне іріктеу екі жылда бір рет өткізілетіндіктен 2021 және 2023 жылдары елу-елуден жүз адам іріктелді. Өткен жылғы конкурсқа қатысуға 6 404 адам өтініш берген, ол бір орынға 128 адам деген сөз. Шешуші сайыста 100 адам іріктеліп, ол Ұлттық комиссияда мұқият қаралып, қорытындысында екі адамның бірі ғана таңдалған. Қарап отырсаңыз, сынақ көп, оған дайындық пен білім керек, бастысы Президент сая­сатын орындауға жас кадрлардың күш-жігерін жұмсауға талпынысы бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев билік өкілдері әрдайым халықпен бірге, яғни азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет екенін ұдайы айтып жүр. «Кез келген мәселені уақытылы шешіп отыру – негізгі міндет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» дәл осындай құндылықтар орнығуы керек», деді Мемлекет басшысы өткенде Прези­дент­тік жастар кадр резервінің фору­мында.

Бұрынғы жасақталған кадр резервінің ішінен тағайындалған министрлер мен облыс әкімдерінің орынбасарлары бар, жалпы 270 адам мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы түрлі лауазымға тағайындалған. 33 кадр резерві саяси лауазымдарда, 5 адам «А» корпусының әкімшілік қызмет­те­рін атқарып келеді. Бұл деректер Пре­зи­дент­тік кадр конкурстарында жеңімпаз болған, озық ойлы жастарды ескі билік әлі де қатарларына қосуға құлықты емес екендігін көрсетеді. Орталық орган­дар­да­ғы саяси қызметшілер саны 428 және жергілікті органдардағы 313 адамды қосқанда 741 болады екен, сонда өткен 4-5 жыл көлемінде резервистердің 4,4 пайызы ғана саяси билікке тартылған, яғни 22 адамға шаққанда біреу ғана. «А» корпусындағы 101 қызметкер қатарында тек 5 резервист жас бар, бұл жерде де жиыр­ма адамға бір кадр келеді.

Жалпы, ескінің бәріне топырақ шашу­ға болмайды, өткеннен сабақ алу керек. Өткен ғасырдағы кадр саясатында бас­шы жергілікті халықтан болғанда, оның орынбасары орталықтың өкілі болатын, керісінше, басшы басқа жақтан келсе, орынбасары жергілікті жерден та­ғайындалатын. Бұл жүйенің рөлі бір-біріне тежеу болуында еді. Сол сияқ­ты орталық бекітетін министрліктер, агент­тік, комитет басшыларының және өңірлерде облыс әкімдерінің бірінші орынбасарлары, жергілікті басқармалар мен мекемелердің, аудан әкімдерінің орынбасарлары Президенттік жастар кадр резервінен тағайындалу тәжірибесін енгізген жөн.

Тағы бір қуанарлық жайт, жастар кадрлық резервтерін жасақтаудың жергі­лік­ті жерлерде жүргізілуі. Прези­денттің 2023 жылғы 15 маусымдағы Жарлығына сәйкес «Облыстар, республикалық ма­ңызы бар қалалар, Астанада аймақтық кадр резервтерін жасақтау туралы ере­жесі» бекітілді. Құжатқа сәйкес биыл 1 наурыздан бастап конкурс өткізіледі. Об­лыстарда 15-18 адамнан, Алматы қаласында 10 адам іріктеліп алынбақ. Дегенмен 2 миллионнан астам халқы бар, мыңдаған мемлекеттік қызмет­кер жұмыс істейтін ірі мегаполисте бар болғаны он адамның резервке алынуы өте аз деп есептеймін. Бұл конкурсты күзде қайталап, адам санын көбейткен дұрыс. Өйткені бұл Президенттің кадр сая­сатын іске асырудағы мардымсыз іс болып қалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында мем­ле­кеттік қызметте «командамен көшу» үрдісі әлі тыйылмай отырғанын өткір сынға алды. Осыған орай Президент Әкімшілігі, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке бұл мәселені қатаң бақылауға алуды, мұндай әрекеттерге батыл тосқауыл қоюды тапсырды.

Жас кадрларды іріктеу аясында кан­ди­дат­тардың мәтіндік және сандық ақпа­ратпен жұмыс істеу, ситуациялық тапсырмаларды шешу қабілеттері, сондай-ақ құзыреттері бағаланады және олар бірқатар әңгімелесуден өтеді. Бірақ бұл жердегі бір кемшілік – талап­кер­лер­дің қазақ тілінен емтихан тапсырмауы. Қанша жерден қазақ тілінің өркендеуін әңгіме қыл­ғанмен, оның қажеттілігін билік пен қоғам әрдайым шегелеп отырмаса, одан нақты қоры­тын­ды шықпайтынын түсі­нетін уақыт жетті.

Іріктеуден сәтті өткендер мемлекеттік қызметтің және квазимемлекеттік сек­тордың жауапты лауазымдарына конкурс­тан тыс тағайындау құқығымен үш жыл мерзімге резервке алынады, ал жергілікті жерлерде бұл мерзім – екі жыл. Сонымен қатар квазимемлекеттік органдарда шо­­ғырланған білімді және тәжірибелі жас­тарды мемлекеттік қызметке тартуды олардың бұрынғы айлығы мен әлеуметтік қорғау пакетін сақтай отырып жүргізу керек. Бұл істен мемлекет тек ұтады. Сондықтан да қазір бізге әділетті Қазақстанның жауапкершілігін терең түсінетін жастар керек.

 

Атамұрат ШӘМЕНОВ,

қоғам қайраткері