Фото: muftyat.kz
Форумға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, халықпен тығыз байланысып жұмыс істеп жүрген елімізге танымал уағызшылар, Республикалық қалалар мен облыстардың бас имамдары, РАНТ мүшелері қатысты.
«Имам – қоғамды тәрбиелеуші тұлға, ағартушы ұстаз. Отаншыл, аманатқа адал, адамгершілігі мол иманды ұрпақ тәрбиелеуде имамның атқаратын рөлі ерекше. Аллаға шүкір, халқымыздың рухани дамуына, қоғамда отбасы құндылығының артуына ағартушы ұстаздар мен дін қызметкерлері үлкен үлес қосып келеді.
Бұл ретте жамағатқа даналық жолмен насихат айтудың маңызы айырықша. Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранда «Нахыл» сүресінің 125-аятында: «Раббыңның жолына даналықпен әрі жанға жағымды уағыз-насихат айту арқылы шақыр! Сондай-ақ Алла жолында күресу немесе сөз таластыру керек болғанда әрдайым сөз бен іс-әрекеттің ең жақсысын таңда...» деп әмір еткен.
Бүгінгі Республикалық уағызшылар форумында дін қызметкерлеріне «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» құжаты таныстырылды.
Басты мақсатымыз – бабалар салған сара жолмен дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеп, салиқалы өмір салтын қалыптастыру. Алла Тағала игі бастамаларымызға береке, халқымызға амандық, кең байтақ жерімізге тыныштық пен тұрақтылық нәсіп еткей», деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.