Қазақстан • 01 Наурыз, 2024

Теңелдік

162 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін көңілді көктемнің лебі аңқыған ырысы мол наурыз айының алғашқы таңы атты. Наурыздың өзі «жаңа күн» деген сөзден шыққаны әмбеге аян. Осы жаңа күннен бастап еліміз бір уақыт белдеуіне көшті. Мамандардың айтуына қарағанда, мұның тиімді тұстары көп. Мысалы, қазір әлемнің 175 елі бірыңғай уақытта тіршілік етеді, оның небәрі 22 мемлекеті әртүрлі уақытпен жүреді. Бұл да бекер нәрсе болмаса керек.

Теңелдік

Үкіметтің «Қазақстан Респуб­ликасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» қаулысына сәйкес Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Абай, Жетісу, Ұлытау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергі­лікті уақытты 1 сағат кейін шегерді.

Бірыңғай уақыт мәселесі ға­лым­дар мен сарапшылардың қызу талқысынан өтті. Бұған де­йін елімізде UTC+5 және UTC+6 деген екі түрлі уақыт белдеуі қолданылып келді. Елдің көп бөлігі (батыс өңірлерді қоспағанда) UTC+6 аймағында орналасқан. Ғалымдардың айтуынша, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақыты­на сәйкес келмейді және биология­лық ритмдер мен адам денсаулығы­на кері әсері бар. Осы мәселені кешенді пысықтау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі жанынан Парламент депутаттары, ғылыми институттар, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен тиісті жұмыс тобы құрылды. Сөй­тіп, елімізде уақытты есептеу мәсе­лелері бойынша жұмыс тобына кір­ген ғалымдар мен сарапшылар бірың­ғай уақыт белдеуін құру­ды ұсын­ған еді. Жұмыс тобына ғылы­ми институттардың, меди­­циналық жоғары оқу орын­дары­­ның, орталық және жергілікті мем­ле­кеттік орган­дардың өкілдері, Пар­ла­мент депутаттары және т.б. кірді.

Жыл бойы медицина, физио­­ло­гия, география, метрология сияқ­­ты түрлі бағытты ұсына­тын жұ­мыс тобының мүшелері ел аумағында қолайлы уақыт бел­деуін белгілеу мәселесін зерт­теді. Жұмыс тобы UTC+5 бірың­ғай уақыт белдеуіне көшу Қазақ­станның көптеген өңірі табиғи уақыт­қа барынша жақын уақытты пайда­ланатын ең дұрыс және оңтай­лы нұсқа деген пікірге тоқайласты.

Сонымен, енді күнделікті жұмысқа бұрынғы уақыттан бір сағат кейін барасыз. Оқушы, студенттер де солай. Мамандардың айтуынша, ел экономикасына өте тиімді. Әсіресе көлік қатынасы саласында айтарлықтай оң өз­герістер болатыны айтылады. Мәселен, «Air Astana», «SCAT» және «Qazaq Air» авиакомпаниялары авиабилеттерді сату жүйелеріне барлық қажетті өзгеріс енгізді, сондай-ақ жо­лаушыларға тиісті хабарламалар жолданып жатыр. Бұған қоса бүгіннен бас­тап Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің жедел штабының негізінде «жедел желі» жұмыс істейді. Сондай-ақ рейстің өзекті мәртебесін нақтылау үшін жолау­шылар әуежайдың анықтамалық қыз­меттеріне және «Air Astana» авиакомпанияларының Call-ор­талықтарына жүгінуге тиіс.

Осыған орай, Көлік минис­тр­­лігі көршілес темір­жол әкім­шіліктерімен және «Қа­зақстан темір жолы» ұлттық компания­сы акционерлік қоғамының қызметтерімен бірлесіп, жолаушылар көлігінің қозғалыс кестесіне өзгерістер енгізу жұмыстарын жүргізді. Теміржол қатынасына қатысты барлық өзгеріс ресми сайттар мен интернет-ресурс­тарда жария­ланды. Ал әуе қа­тынасы бойынша авиакомпания­лар тарапынан жолушыларға қолайлы жағдай жасау үшін ресми сайттарында және әлеуметтік желілерінде қажетті ақпараттық қолдау көр­сетіліп жатыр. Бұған қоса көпшілік «Жолаушылар тасымалы» АҚ-тың 1433 нөмірі немесе Telegram ботының көмегімен тегін ақпарат ала алады.

Ал ел ішінде, әсіресе әлеу­меттік желілерде жұртшы­лық сағатты қалай өзгерту туралы жиі сұрап жатыр. Бұл қалай жүзеге асырылады? Яғни сағатты ауыс­тыру кезінде гаджеттер мен техниканы қалай дайындау керек деген сұрақ туындайды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігі халық­тың жаңа уақыт белдеуіне уақ­­­ты­лы көшуі үшін әмбебап нұс­қаулықты ұсынады. Бұл – автоматты жаңарту. Гаджеттер мен техникадағы параметрлерде уақыт автоматты түрде интернет байланысы қосылған кезде уақыт өзгереді. Тек ондай функциясы жоқ техника болса ғана оны қол­мен өзгертуге тура келеді. Яғни уақытты бір сағат кері шегеріп қойсаңыз болғаны.

Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері арқылы ресми хаттар жөнелтіліп, Қазақ елінің уақыт бірыңғай уақыт белдеуіне көшкені туралы ақпарат жаһанға тегіс тарады.