Бокс • 01 Наурыз, 2024

Өңір спортын өркендету парыз

114 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы Жазғы Олимпиада ойындарының өзінде жамбылдық боксшылар бірнеше медаль жеңіп алды. Жамбыл бокс мектебімен еліміздің барлық өңірі санасатын. Жалпы, қазіргі Жамбыл спорты қай бағытта дамып жатыр? Неден ұттық, неден ұтылдық? Тарқатып көрейік.

Өңір спортын өркендету парыз

Бір жылда – 1 655 жүлде

Дерекке жүгінсек, өткен жыл өңір спортшылары үшін табысқа толы болған. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Тәшметов келтірген мәліметке зер салсақ, жамбылдық 805 спортшы түрлі деңгейдегі ұлттық құрамалардың мүшесі екен.

«2023 жылы облыста спорт­тың олим­пиадалық және олим­пиадалық емес түр­лерін дамыту дирекциялары ашылды. Қа­зіргі уақытта облыс бойынша басқармаға қарасты 53 спорт ме­­кемесі жұмыс атқарып жатыр. Спорт мекемелерінде 29 862 спорт­шыны 1 222 жаттықтырушы тұрақты түрде жаттықтырып жүр. Қазіргі таңда облыста спорттың 83 түрі қамтылған. Өңір спортшы­лары бүгінге дейін түрлі рес­пуб­лика­лық және халықаралық жарыстарда 1 655 медальға ие болды. Оның 623-і – алтын, 480-і – күміс, 552-сі – қола медаль. 2023 жылы жамбылдық 1 спортшы Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері, 15 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 64 спортшы ҚР спорт шебері нормативін орындады. Ал 9 жаттықтырушы «Қазақстан Респуб­­ликасының Еңбек сіңірген жаттық­тыру­шысы» атағына ие болды», дейді басқарма басшысы.

Жыл ішінде 623 алтын жүлде бұйыр­ғаны, әрине, жақсы. Бір қара­ғанда нәтиже көңіл тоғай­тады. Алайда спорт саласын өр­кендетуге қыруар қаржы бөліне­тінін ескерсек, жамбылдық спорт­шы­лар­дың толайым табысқа же­туі заңдылық та секілді.

Былтыр өңір спортының барлық шы­ғынын өтеу үшін 14,2 млрд теңге қар­жы қарастырылыпты. Ұқсата білгенге әлбетте, аз қаражат емес. Ал бұқаралық спорт­ты дамыту мақсатында өңірде аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Жалпы көр­сеткіш те жаман емес. Әйтсе де кем­шілік те бар секілді.

«Бұқаралық спортты дамыту және балалар мен жасөспірімдерді дене шы­нықтыруға тартуға ба­сым­дық беріліп отыр. Спортты жан басына қаржыландыру қағидаларына сәйкес мемлекеттік тапсырыстарды енгізу арқылы бюджеттен 930,7 млн теңге бөлініп, 4-17 жас ара­лығындағы 8 100 бала мен жас­өспірім 19 спорт түрімен секцияларда тегін негіз­де шұғылдануға мүмкіндік алды. 2024 жылы 1 млрд 237 млн теңге бөлініп, 8 500 баланы қамту жоспарланып отыр. Тараз қаласы мен аудандарда бұқаралық спортты дамытуға 2024 жылға жалпы 344 млн теңге бөлінген. Өткен жылмен салыс­тырғанда қаржы көлемі 22,7%-ға немесе 100,9 млн теңгеге кеміген. Бұқаралық спортты қаржыландыру Жамбыл (17,1 млн теңге), Қордай (15,7 млн теңге) және Меркі (15,4 млн теңге) аудандарында тиісті деңгейде болмай тұр. Сонымен қатар 2024 жылға тек Шу ауданы мен Тараз қаласында ғана өткен жылы бөлінген қаржы көлемімен салыстырғанда өсім байқалады. Басқа ауданның барлығында 2024 жылға бөлінген қаржы көле­мі өткен жылға қарағанда тө­мен», дейді басқарма басшысы А.Тәш­метов.

Тұрғындарды бұқаралық спортқа баулу – мемлекеттік дең­гейдегі мәселе. Биліктің өзі тұр­ғындардың спортпен айналысуы­на барлық жағдай қарастырып отырғанда өңіріміздегі кейбір аудандардың кежегесі кейін тартып, қаражаттан қысастық көрсеткені жарамас. Жыл енді басталды ғой, бәлкім әкімдер бұл мәселеге тағы бір айналып соғып, қаражат көлемін ұлғайта жатар. Әйтеуір, өңір халқының 40,2 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады деген дерек көңілге медеу боп тұр.

 

Даңқың қайда, Жамбыл боксы?

Жамбыл спорты туралы сөз қозғала қалса, әуесқой боксты айналып өте алмай­тынымыз анық. Талай байрақты бәсе­келерде ел намысын абыроймен қорғаған былғары қолғап шеберлерінің есімі тарихта алтын әріппен жа­зылғаны анық. Бірақ бүгінде өңір­дің әуесқой боксында да мәселе бар секілді.

Өткен жылы құдайы көршіміз Өзбек-с­та­н астанасы Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатында 71 кг салмақ дәре­же­сінде бақ сынаған ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов қарсы­ластарының барлығынан айласын асырып, жеңістің биік тұғырынан көрінді. Бұл алтын жүлдені жамбылдық жанкүйерлер 24 жыл бойы асыға күтті. Соңғы рет 1999 жылы Болат Жұмаділов әлем­дік додада топ жарыпты. Ши­рек ғасырға жуық уақыт бойы жам­былдық былғары қолғап шебер­лерінің әлем чемпионы атағына қол жеткізе алмауы кімді де болсын ойландырса керек. Айтпақшы, сол додада 67 кг салмақтағы үкілі үмітіміз Дулат Бекбауов күміс медаль иегері атанды.

Спортқа аса бір қатты жағ­дай қарас­тырылмаса да, тәуелсіз­діктің алғашқы жылдарында боксшыларымыз жеңістің биік тұғырынан жиі көрінді. Алғашқы үш Олимпия ойындарында жам­былдық былғары қолғап ше­берлері жүлдені күреп әкелді. Алтанта Олимпиадасында Болат Жұмаділов күміспен күптелсе, Ермахан Ыбырайымов пен Болат Ниязымбетов қола жүлдені қор­жынға түсірді. Ал Сидней Олим­пиа­дасында Ермахан Ыбы­райымов алтыннан алқа тақса, Болат Жұмаділов екінші рет күміс жүлде иегері атанды. Афинада Бақтияр Артаев Олимпия ойын­дарында бүкіл спорт түрі бойынша жалғыз алтынды иеленіп, ел абыройын сақтап қалды.

Афинадан кейін бітті, тоқ­тады. Жам­былдық боксшылар төржылдықтың басты додасында жүлденің маңына жолай алар емес. Бейжің, Лондон, Рио, Токио. Осы қалаларда өткен байрақты бәсекеде алтын түгілі қола жүл­де түсімізге кірмейтін болды. Не­ден мүлт кетіп жатырмыз? Осы жылы Париж төрінде өтетін Олим­пия ойындарында жүлде бұйыра ма? 20 жылдан кейін осы олқы­лықты түзей аламыз ба? Үміткер – жалғыз. 71 кг салмақ дәре­жесінде бақ сынап жүрген Асланбек Шымбергеновтің әрбір қа­дамына көз тігіп қарап отырмыз. Парижде жүлдеге таласу үшін Шымбергенов жақын арада жолдама жеңіп алуы керек.

Байқайсыз ба, 1996-2004 жылдары өткен Олимпия ойындарында былғары қолғап шеберлері жүлдесіз қайтпапты. Ол кезде спортқа қазіргідей қаражат қа­рас­тырылмайтын. Кереметтей спорт кешендері жоқ еді. Суық залда шыныққан Ермахан мен Болаттардың (Жұмаділов пен Ниязымбетов) жеңісті жорығын жалғастыратын сайыпқырандар бүкіл жағдай қарастырылған қа­зіргі кезде табылмай тұрғаны таң­дай қақтырады. Бір кем дүние дегеніңіз осы емес пе?

Олимпия ойындарынан бө­лек, әлем чемпионаттарында да жамбылдық бокс­шылар жасындай жарқырап жүруші еді. Бір ғана Болат Жұмаділовтің өзі әлем чемпионатының үш медалін қор­жынымызға түсіргенін қалайша ұмыта­мыз?! Ұмыту мүмкін емес. 51 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен ол 1995 жылы Берлинде өткен аламанда күміс медальды мойнына ілсе, 1997 жылы Будапешттен қола жүлдемен оралды. Бұдан соң ол 1999 жылы Хьюс­тондағы жаһандық жарыста алтын медальға қол жеткізіп, мерейімізді тасытқаны қалай ғана жадымыздан өшсін? Болатпен қалай мақтансақ та жарасады. Әлем біріншілігінен бөлек, Олимпия ойындарында екі күміс, Азия чемпионатында екі алтын, бір қола жүлде иеленген Жұмаділовтің спортшы ретіндегі мансабы барлық боксшыға үлгі шығар.

Сидней Олимпиадасының чемпио­ны Ермахан Ыбырайымов та әлем бірін­шілігінде жасындай жарқырап еді. 1997 жылы 67 кг салмақта топқа түскен Ер­махан Будапештте күміс жүл­дегер, 1999 жылы 71 кг салмақта жарысқа қатыс­қан ол Хьюстонда қола жүл­дегер атанды. Бірақ Ер­махан Ыбы­райымов пен Бо­лат Жұмаділов кәсіби мансабын аяқтаған соң Жамбыл бокс­ы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген жоқ. Арада біршама уақыт өткенде 69 кг салмақ дәрежесіндегі Олим­пия ойындарының чемпионы, Баркер кубогінің иегері Бақтияр Артаев облыс боксының абыройын қалпына келтірді. Ол 2005 жылы Мяньянда өткен әлем біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізсе (69 кг), араға екі жыл салып Чика­года өткен жаһандық жарыста сол нәтижесін қайталады (75 кг). Бақтиярдың спорттық мансабындағы соңғы табыстары да осы жүлделер еді.

2011 жылы Әзербайжан астанасы Бакуде өткен әлем чемпио­натында Ғани Жайлауовқа (60 кг салмақ дәрежесі) қола жүлде бұ­йырды. Бұдан соң тағы да үзіліс басталды. Алматыдағы әлем чем­­пионатын есепке алмағанда (бұл додаға облысымыздан бокс­шы қатысқан жоқ), 2015 жылы Қа­тарда өткен әлем чемпионатында об­лысымыздан бір боксшы қатыс­­қанымен, жүлде бұйырмады. Сәтсіздік сериясы 2017 жылы бұ­зыл­ды. 75 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен жуалылық жампоз Әбіл­­­хан Аманқұл Гамбургтен (Гер­­ма­ния) күміс медальмен орал­ған.

Сонымен, әріге бармай, кейінгі бір­неше жылға ден қойып кө­рейік­ші. Есімізде қалғаны 2013 жылы Алматыда ұйым­дастырылған әлемдік сынға жам­былдық оғландар қатыспапты. Арада алты жыл өткен соң Ресей төрінде жалауы жел­біреген аламанда өңірімізден бірде-бір был­ғары қолғап шебері бақ сынамады. 2019 жылы бас­ты үміткеріміз 75 кг салмақ дәре­же­сіндегі Әбілхан Аманқұл жарақат алған еді.

Бұл мәселе баршамызды алаң­дататыны анық. Жай ғана мысал ретінде алайықшы. 1995-1999 жыл­дар аралығында бір ғана Болат Жұмаділов әлем чемпионатының үш бірдей медалін қоржынымызға салды. Төрт қана жылдың беде­рінде мұндай табысқа қол жеткі­зу нені білдіреді? Бір жағынан боксшының шеберлігін, екін­ші жағынан оны баптаған маман­дар­дың мық­тылығын аңғарта түспейді ме? 2013 жылы өткен әлем чемпионатына өңірімізден боксшы қатыспағанын айттық. Ендеше, салыстырайық. 2013-2019 жылдар ара­лығында қоржынымыз бір күміс жүлдені қанағат тұтты. Төрт жыл өткен соң Аслан­бек Шымбергенов топ жарды.

Олимпия ойындарына қайта үңі­лейік. Төртжылдықтың басты додасында жамбылдық боксшылар медаль алмағалы 19 жылдан асты. Рас, өңіріміздің былғары қол­­ғап шеберлері Олимпия ойын­­­дарына тұрақты түрде аттанады. Бірақ жүлдеге ілікпей қала береді. Неге? Осы сұрақ қой – бар­шамыздың жанымызға бататыны.

Жүйрік уақыт сырғып өтіп жатыр. Бірақ елге ғана емес, өзге мемлекеттерге де мықты боксшыларымен танылған Жам­былда әуесқой бокстың кері кеткені қын­жылтпай қойсын ба? Неге нәтижеміз күрт құлдырады? Қай жерден мүлт кетіп жатыр­мыз? Осы сұрақтар мазамызды ала береді.

 

Сметов абыройымызды сақтап қалды

Кейінгі екі Олимпия ойындарында дзюдошы Елдос Сметов өңір спортының абыройын сақтап қалды. Риода күміс, То­киода қола жүлде алмаса, Жамбыл облы­сы­ның спортшылары Олимпия ойындары­на турист ретінде барып қайтқан болар еді.

Облыс әкімдігі дене шынық­тыру және спорт басқармасының басшысы Арман Тәшметовтің баяндамасында өңірде олимпиа­далық спорт түрлерінің 27-сі қамтылғаны тайға таңба басқандай көрсетіліпті. Нәтижені қалтарыста қал­дыр­сақ, сөзсіз «бәрекелді!» дей салуға бола­тын-ақ цифр. Бірақ...

Осы бір «бірақ» деген сөз ті­лімізді тістете береді. Тәуелсіздік алғалы жам­былдық спортшылар Олимпия ойындарында бокс, еркін күрес, дзюдо секілді спорт түрлерінен ғана нәтиже берген. Қалған спорт түрлерінен қашан жүлде аламыз? Қаржы босқа кетіп жатыр ма?

Қалай десек те Жамбыл спортында ойландыратын мәселе де, көңіл қуантарлық табыс та аз емес. Паралимпиада мен сур­длимпиалық спорт түрлерінен жеткен табыстар көңіл тоғайтатыны анық. Олимпиадалық спорт түр­лерінен де біраз додаларда саң­лақтарымыз атой салып жүр. Ұлт­­тық спорт түрлеріндегі та­быс­­­пен қалай мақтансақ та жара­са­ды. Алайда Олимпия ой­ын­д­арындағы жамбылдық бокс­шы­лардың жүлдесіз үзілісі көңілге қаяу түсіреді.

Тәуелсіздік жылдарында жам­былдық спортшылар олимпиадалық спорттың бірнеше түрінен ғана төртжылдықтың басты додасында жүлде алғанын айттық. Отыз жылдан аса уақыттағы нәтижелер үшін басқарманың қазіргі басшысы А.Тәшметовті айыптай да алмаспыз. Бірақ Тәшметов біз айтқан олқылықтарды түзесе, нұр үстіне нұр болар еді. Ерік-жігері жетер-жетпесін уақыт көрсете жатар.

 

Жамбыл облысы