Мәдениет • 29 Ақпан, 2024

Әр халықтың өнерін әйгілейді

137 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Құрылғанына бірер айдың жүзі болған «Birlik» ан­самблі бүгінгі Алғыс айту күніне орай Астанадағы «Бей­бітшілік және келісім» сарайында тұңғыш концер­тін беріп жатыр. Мә­дениет және ақпарат министрл­ігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақ­концерт» мемлекет­тік академиялық кон­церт­тік ұйымының жанынан құрылған ансамбльдің тұ­сау­кесер концер­тінің бүгінге қойылуы да тегін емес. Кеше шы­ғар­машылық ұжым­ның дайындығынан білге­німіздей, ұйымдастыру­шылар­дың айтуынша, бұн­дай ансамбль біздің елде бұрын-соңды болмаған.

Әр халықтың өнерін әйгілейді

Атында тұрғандай, «Birlik» әлем халықтарының мәдениетін насихаттайды. Әр халықтың әні мен биін аспаптық сүйемелдеумен орындайтын халықаралық ұжым­ның құ­рамына елімізде тұратын этнос өкілдерінің арасынан үздік 20 биші мен музыкант іріктеліп алынған. Ұжымның ерекше әрі эксклюзивті би композицияларын қоюға Ресей, Татарстан, Өз­­­бекстаннан шақырылған көр­­некті шетел мамандары және Қа­зақстанның еңбек сіңір­ген қай­раткерлері атсалы­сыпты. Ал­ғыс айту күніне орай­ласты­рылған бүгінгі концертке қызу дайындықты кеше қоюшы режиссер Саян Мырза, хореографтар Анель Марабаева, Аида Бе­кишова, балетмейстер Жанатай Қожабеков жүргізіп жатыр.

«Birlik» ансамблінің ерек­шелігі біздің елде тұратын этнос өкілдерінің әртістерінен жа­сақ­талып отыр. «Отанымыздағы әр халықтың өнері мен мәдениетін, фольклорын, тіпті ұмытуға айналып бара жатқан құндылықтарын көрсетуді көздедік. Олардың әр­қайсысының әні мен биінен бөлек аспаптары – өз алдына бір төбе. Сонымен қатар еліміздегі этнос­тардан құралған ансамбль ар­қылы рухани тұтастықты әй­гі­легіміз келеді. Ансамбльде әнші­лер, би­шілер, әртүрлі аспапта орын­даушылар өнер көрсетеді. Өнер­паздарды біз небәрі бір жарым айдың ішінде іріктеп алдық», дейді концерттің қоюшы режиссері Саян Мырза.

Хореограф, Мәдениет қай­раткері Аида Бекишеваның ай­туынша, ансамбльде қазақ қыз­дарымен қатар өзге ұлт өкілдері де баршылық. «Атап айтқанда, орыс, кәріс, өзбек, тағы басқа этнос өкілдері бар. Бұлардың бәрі астаналық емес, басқа да ай­мақтардан іріктелді. Мәселен, орыстың қызы өзбек биін, украин қызы кәріс биін, татар, орыс қызы қазақтың биін билегенін тамашалай аласыздар. Тек қана би емес, әртүрлі жанр қамтылды. Ән, музыка, хор, этностардың ұлттық аспаптары. Бұйырса, барлығын он бес нөмірге сыйдыруды жос­парлап отырмыз. Шама келгенше қысқа-нұсқа қоюға тырыстық. Бір бұрыштан бишілер шықса, бір шеттен барабан, екінші жақтан арфа, ана жерде «Астана сазы» ойнап тұрады дегендей. Мысалы, татар биінің дайындығын Қа­заннан келген Татарстанның ең­бек сі­ңірген әртістері ұйым­дас­ты­рып кетті. Өзбектердің биін Ферғанадан келіп қойды. Че­шен-ингуштардың өнерін кірік­тіруге Алматыдан өздерінің мә­дени бірлестігінен «Баһор» биін билеуші ұжым атсалысуда. Жалпы айтқанда, мұнда біз ортақ Отандағы бауырластықты негіз етеміз», дейді ол.

Қай халықтың болсын төлтума сипаты ұлттық ән-күйі мен биінен көрінетіні белгілі. Ал соның бәрін бір арнаға біріктіріп, халыққа ұсынуда шығармашылық ұжымның еңбегі орасан екені айтпаса да түсінікті.

«Бұрын Қазақстан Ассамблея­сы күнінде өнерпаздарды бүкіл аймақтан жинап әуреге түсетін едік. Ол айтарлықтай қиындық тудыратын. Енді соның бәрі осы «Birlik» ансамблінің құрамынан табылады. Және барлығын жоғары деңгейде ұйымдастыруға тырыстық. Болашақта бұл ұжым кеңейтіліп, көркейе түседі деген ойдамыз. Елімізде түріктер, белорустар, молдовандар, украиндар да бар емес пе? Келесі дайындықтарға олар да шығады. Болашақта Астанада ғана қа­лып қоймай, Қазақстанның басқа да қалаларын аралауымыз мүмкін», дейді балетмейстер-хореограф Жанатай Қожабеков.

«Birlik» ансамблінің құ­рамында өнер көрсететін жас би­ші Александрина Хомицкая корей халқының биін билейтінін айтады.

«Биді әлем халықтары биінің солисі Анель Марабаева қойды. Кезінде осы биді өзі билеген екен. Ендігі кезек маған келген сияқ­ты. Мен үшін бұл – үл­кен мәртебе. Орындайтыным фи­лосо­фиялық нөмір десе бола­ды. Ержүрек қыз­дың жан­дүниесінің тереңдігін би арқылы көрсете алуым керек. Әрине, үлкен жа­уапкершілікті талап ететін би. Жалпы, концерт кө­рер­меннің көңілінен шығады деген ойдамын», деді биші.