Әскер • 01 Наурыз, 2024

Әскери тәрбиенің бастауы

84 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарулы күштер жасағының балалары «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалдарына барды. Олар арнайы бөлімшелерде үш апта бойы мәдени және сауықтыру іс-шараларынан бөлек мектеп бағдарламасы бойынша білім алады. Мұндағы мақсат – келешек буынның бойына әскери-патриоттық тәрбиені сіңіру.

Әскери тәрбиенің бастауы

Кейінгі жылдары әскери салада бой көрсеткен мәселенің бірі – патриоттық тәрбиеде жүйелі тәсілдің болмауы. Түйткілдің тиімді шешімі ретінде былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қорғаныс министрлігі 2030 жылға дейінгі арнайы тұжырымдамасын әзірлеген-ді. Құжатта төрт негізгі мазмұндық ұғым бар. Олар: тәрбие, білім, патриотизм және Отанды қорғау.

«Жастарға әскери-патриоттық тәр­бие беру бірлік пен тұрақтылықтың, әділдік пен ынтымақтастықтың, заң мен тәртіптің, сенім мен жауапкершіліктің ұлттық құндылықтарына негізделуге тиіс. Бұл – Жаңа Қазақстанның құры­луы­ның көрінісі. Ең алдымен, жеке тұл­ға­ның ең маңызды қасиеттерінің бірі – оның жері мен еліне деген құрмет сезімі бағалануы керек. Әскери-патриоттық тәрбие үдерісінің негізгі локомотиві елдің Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен білім беру мекемелері», делінген құжатта.

Елімізде бүгінде әскери-патриоттық клубтардың саны 9 мыңға жуықтайды. Қозғалыс тәрбиеленушілерінің саны 260 мыңнан асып жығылады. Жыл са­йын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны да өткізіледі. Оған әр кезеңде екі мыңнан астам әскери-патриоттық клуб, сондай-ақ 55 мыңнан астам бала қатысады.

Сондай-ақ Қорғаныс және Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен «Бал­дәурен» орталығында биыл мыңнан астам бала әскери-патриоттық тәрбиеден өтеді. Таяуда ғана жасөспірімдердің біра­зы Түркістан, Щучинск және Бал­қаш, Қонаев қалаларына барды. Бұл – Қорғаныс министрі, генерал-полков­ник Руслан Жақсылықов пен Оқу-ағар­ту министрі Ғани Бейсембаевтың биыл қаңтар айында өткен кездесуі кезінде қол жеткізілген уағдаластықтың нәтижесі.

– Келісім аясында жастарға әске­ри-патриоттық тәрбие беруді жетіл­дірудің бірлескен жоспары жасалды және кейіннен бекітілді. «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орта­лы­ғының филиалдарында әскери қыз­мет­шілер мен Қарулы күштер қызметші­лерінің балаларына квота бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Баланың тәрбиесі бесіктен басталады дейді. Сон­дық­тан ынтымақтастық әскерге шақы­рылғанға дейінгі жастармен жұмыс істеуге бағытталған. Жалпы, қоғамның әскерге деген жаңаша көзқарасын қа­лып­тас­тыру, әскери істің негіздерін зерде­л­еу бойынша тәжірибелік сабақ­тар­­ды қамтитын тиісті оқу бағдарла­масы енгізіліп отыр. «Жас сарбаз», «Smart sarbaz» сыныптары ашылады, бас­қа да іс-шаралар жоспарланады. Әс­к­ери-патриоттық клубтардың тәрбиеле­нушілері үшін бірыңғай нысанды енгізу мәселесі шешіліп келеді. Осы іс-ша­ра­лар­дың барлығы 2030 жылға дейін­гі жас­тарды әскери-патриоттық тәр­бие­леу тұжырымдамасын іске асыруға қызмет етеді, – деді Балқаш қаласын­дағы «Балдәурен» РББО филиалы дирек­торының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Тілеухор Битілеуова.

Мұндай демалысқа бірінші кезекте шалғайдағы гарнизондарда әскери қызмет өткеретін, толық емес және көпбалалы отбасыларда тәрбиеленетін әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдың балалары жіберілді. Олардың денсаулығы басты назарда.

Айта кетейік, министрліктердің бірлескен жоспарында «Балдәурен» РҚҚ ведомстволық тиесілілігіне, штат кестесіне, «Алтын Емел» кешенінің инфра­құрылымын жетілдіруге, жөн­деу жұмыстарын жүргізуге, спорт қала­шығын және аудитория жабдық­тарын тұрғызуға қатысты бірқатар ұйым­дастыру іс-шарасын өткізу көзделген.