Ол 1956 жылы дүниеге келген. Аталары қазақ жеріне күштеп көшірілген қоныс аударушылардың алғашқы легінен. Сарықобда өзенінің арнасына алғаш күрке тіккен болгарлар осы өлкеде өсіп-өнді. Содан бері бес-алты ұрпақ алмасты. Іргелес ауылға чехтар қоныстанды. Миша ағайдың атасы мен әжесі аштықты да, кеңес өкіметінің солақай саясатын да, соғысты да көрді. Атасын 1936 жылы кеңес өкіметіне сенімсіз адам ретінде үйінен алып кеткен. Содан оралмаған. Кейін құжаттарын іздеп еді, «аса құпия» деп қолға бермепті.
Жазда Болгарканың балалары сайға барып шомылады. Ауылда қарбалас тіршілік. Жұрт Сарықобданың сары балшығынан үй салады, мал қора тұрғызып, сылайды. Ол үшін балшық илеп, кесек басады. Балалар кесек құюшыларға су тасиды, балшық илеседі, қалыптағы кесекті жайып, кепкенін аударады. Күзде әр үйге көмір, шөп түсіреді, жем келеді. Сабақтан келген баласын әке-шеше көршіге көмектес деп жұмсағанда, бұлар бірлесе жабылып бітіріп тастайды. Үй иесі оларға кәмпит ұстатады, бұлар соған мәз. «Аңқылдаған ауыл адамдарының көңілдері кең дариядай еді. Болгар ма, қазақ па, ол жағына бас қатырмаймыз. Ұлтқа бөліну деген кейін шықты ғой...», деп Миша ағай ұзақ ойланды.
Әкесі Константин кеңшардың малын бақты. Бұлар отбасында жеті бала. Орта мектепті бітірген соң әкесіне көмекші болды. Әскерден келген соң көлік жүргізді. Көшпелі дүкен – автолавка айдады. Ең алыстағы қойшы қосындарға тауар тасыды. Кейін кеңшардың бас агрономдығына ауысты. Болгарканың бағын тасытқан еңбекқор адамдары арпа-бидай екті, бақша салды, шөп шапты, төрт түлік өсірді. Ауыл келіншектері фермада сауыншы болып еңбек етті. «Болгар балалар қазақша сөйлесе, қазақтар болгарша тілдесетін. Жалғасбай, Қонысбай деген құрдастарым, Есентай көкемнің балаларымен бірге өстік. Екі тілді араластырып сөйлеп жүргенімізді сырттан келген адам байқап таңғалатын. Ержеттік, үйлендік, бірақ іргеміз ажыраған жоқ. Отбасы болып араластық. Қыста бір-бірімізді соғым сыбағаға шақырамыз. Ән айтамыз, күй тартамыз, билейміз», дейді ол.
«Кеңес одағы ыдырағанда әр ұлт өз атамекеніне көшуді жоспарлай бастады. Болгарлар да әрі-сәрі күйде жүрді. Ең бірінші болып жастар кете бастағанда, көбінің әке-шешесі бірге ілесті. Көрші ауылдағы чех ағайынға да ой түсті. «Бәрі таза қазақшаға көшеді дегенді естіп алған жұрт дүрлікті. Сол кезде ауыл ақсақалы Григорий Кулик «Жетпіс жыл орысша сөйледің, енді қазақша сөйле. Осы жерде туып-өстің, ешкімнен кемдік көрмедің, дініңді ұстандың, тіліңді сақтадың. Айтыңдаршы, кім қарсы шықты? Ендеше, атам қазақ айтқандай, шалабыңды шайқама», деп бәрін тыйып тастады. Көрші ауылдағы чехтардан тек бірлі-жарымы қалды. Сол жылдары жарық өшпегенде, шаруашылық тас-талқан болмағанда олар ауылды тастап кетер ме еді? Шаншыған шыбық бірден көктейтін мекен ғой, бұл. Жұрт тіршілік қамымен тым-тырақай болды. Қайын атам қырық жыл бойы Болгарканың мектебін басқарды, енем де осы жерде мұғалім болып жұмыс істеді. Әйелім екеуміз бір сыныпта оқыдық. Атамның тағы бір қызы біздің ауылға тұрмысқа шықты. Қайын ағам Орал қаласына қызмет ауыстырып бара жатқанда, ата-енемді өзімен бірге көшіріп алып кетті. Атамның жасы сексенде болса да, ауылға жиі келіп тұратын. Бір жолы ақсақалдың ауылға келгенін естіп, сәлемдесуге бардым. Асығыстау көрінді, қайтуға жиналып жатыр екен. Жолға ұсақ-түйек алмақшы болып екеуіміз дүкенге кірдік. Ұсақ тиын іздеп, қолын қалтасына салғанда, бір тал жусан ілесе шықты. «Мынау не?» дегенімде, «Айналайын, мен айтсам, қазір түсінбейсің ғой», деді ол құлықсыз. Үндемедік. Үйге келген соң барып ашылды: «Жатарда жусанды иіскеп ұйықтаймын. Сол кезде балалығым, жастық шағым еске түседі», деді. Ауыл қартының басқа қалаға көндігуі қиын екенін сонда түсіндім.
Көрші ауылда чехтар тұрды. Ауылымыздағы Коля Генов деген болгар жігіті сол ауылдың қызына үйленіп, 1990 жылы Чехияға көшіп кетті. Өзі жылда ауылға келеді, келген сайын далалықтан жусан жинайды. Сөйтсе, қарты ауылдың жусанын алып кел депті. Келесі жылы тағы келді. «Шалдар жусанды не істеді?» деп сұрадым. «Олар жусанды иіскеп отырып, елді сағындық деп ұзақ жылады», деді Коля. Қанша жерден атажұрты болса да, үлкен кісіге басқа жерге көндігу қиын.
2011 жылы әйелім Наталья дүниеден өткен соң Алғаға көшіп кеттік. Болгаркада үйім қалды. Бірақ демалыста ауылға барамын. Жан-жақтан бала, немерелер келіп мәре-сәре боламыз. «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» дегендей, туған жерге ештеңе жетпейді. Балаларым өсті, олардан төрт немере, үш жиен бар. Бұрын үлкендер тойда «Ел тыныш болсын, аспанымыз ашық болсын» деп тілек айтқанда, «шалдардың әдеттегі сөзі» деп күлетінбіз. Қазір ойласам, тыныштықтан, татулықтан артық ештеңе жоқ екен. Әсіресе көршіміздегі жағдайдан кейін, осы сөздің мәнінің зор екенін ұғына түстім. Елге тыныштық, өсіп келе жатқан ұрпағымызға амандық керек», дейді ақсақал.
Михаил Константинович Бошков пен Наталья Федоровна Маглели үш бала тәрбиелеп өсіріп, бәріне жоғары білім берді. Үлкен қызы – Анастасияның мамандығы мұғалім, қазір ол Ақтөбедегі «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы, ҚХА өңірлік «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің төрағасы. Марқұм Наталья Федоровна Болгарка мектебінде ұстаздық етті, артынан директоры болып тағайындалды. Облыстық мәслихатқа депутат болып сайланғанда Болгаркада жаңа мектеп салуға көп жүгірді. Кенже қыз дәрігер, ортаншы ұл Ақтөбеде полиция қызметкері.
Михаил Константинович ұлымен тек қазақша сөйлеседі. «Қазақтың сөзі бай, мақал-мәтелі даналыққа тұнып тұр. Қазіргі заманда шетелдің ғылымын оқысақ та, қазақтың тәрбиесінен ажырамауымыз керек. Өкінішке қарай, қазақтар ата-бабадан қалған жақсы дүниелерді ұмытып барады. Өйткені оқымаймыз, тыңдамаймыз, мағынасын түсінбейміз», дейді ол.
Бүгінде Болгарка балалары еңселі жаңа мектепте оқиды, ауылда ұялы байланыс бар, көгілдір отын келді. Ауыл адамы тезек басу, көмір тасу, от жағу секілді бейнеттен құтылды. Бірақ бұрын мыңнан астам тұрғыны бар ауылда адам азайды. «Егер газ жиырма жыл бұрын келгенде Болгаркадан адам көшпейтін еді. Ауыл кішірейсе де, аталарымыз салған үйлердің орны қалды, ошақтары орнында тұр. Ең бастысы – діңгегіміз бұзылған жоқ. Жер адамды асырайды. Ата-бабамыз жерді бос қалдырмады. Қазақ «малың болса, аштан өлмейсің» деген. Мал ұстап, егін ексе, жердің өңі кіреді», дейді ол. Бүгінде Сарықобда ауылдық округінің біраз жігіті жылыжай салып қияр өсіреді, жазда қарбыз егеді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында ел адамы арзан субсидияға қол жеткізіп, кәсіп жасауға көшті. «Болгарканың жігіттері шаруа қожалықтарын ашып, көтеріліп келеді. Мырзабек ағамның баласы Айбек, Бақыт Тырнақов, Максим Бошков бір-біріне көмек береді, ауыл жұртына қамқор. Бұл жақта ерінбеген адамға жұмыс көп. Күрек салсаң, жерден су шығады. Кезінде облысты басқарған Оңдасын Оразалин газ өткізді, Бердібек Сапарбаев жол салып берді. Ел адамы жақсылықты ұмытпайды, олардың қызметін айтып отырады», дейді елім тыныш болсын, халқым аман болсын деген тілегін күнде қайталайтын Болгарканың ақсақалы.
Ақтөбе облысы