Футболдан әлемнің азулы құрамаларының төрт жылда бір рет өткізетін байрақты бәсекесі басталып кетті.
Оның ашылу салтанаты 11 маусым күні Йоханнесбург қаласындағы “Соккер сити” стадионында 84 490 жанкүйердің көз алдында өтті. Сол күні биылғы доданың алғашқы бәсекесі әлем чемпионаты ресми старт бергеннен кейін алаң иелері мен Мексика құрамаларының арасында өтіп, ойын футбол этикасына байланысты десек болады, 1:1 есебімен тең аяқталды.
Бір айта кететін нәрсе, матч басталар алдында “Соккер сити” стадионына жайсыз хабар келіп жетті. Сол кезде биылғы мундиальді өткізіп жатқан елдің бұрынғы президенті Нельсон Манделаның Зейнани есімді 13 жасар немересінің жол апатына ұшырап, содан қаза тапқаны стадионға жиылған жанкүйерлерге ғана емес, бүкіл әлемге тарап кетті. Кейін белгілі болғандай, Зейнани әлем чемпионатының басталуына арналған концерттен келе жатқанында жоғарыдағы жағдайға ұшырапты. Осы оқиғаға байланысты Мандела әлем чемпионатының ашылу салтанатына, отандастарының алғашқы өткізетін матчына қатыса алмады. Дегенмен, оның жерлестері Мексика құрамасымен өткізген дебюттік матчта жақсы өнер көрсетіп, кездесуді жеңіспен аяқтамаса да өздеріне қажетті бір ұпайды иеленіп алды.
Осы күні А тобына түскен Уругвай – Франция құрамаларының арасындағы ойын да 0:0 есебімен тең аяқталды. Бұл матчты қараған адам 2006 жылғы әлемнің вице-чемпионының сүреңсіз өнер көрсеткенімен келісе алар деген ойдамыз. Мұны кездесуден кейін атақты Зинеддин Зиданның өзі де мойындады. “Мен құраманың бұл ойынын қарай алмадым, – деді ол. – Матчта командалық ойын болған жоқ. Рибери сияқты жартылай қорғаушылар бір нәрсе жасағысы келіп, команданы алға сүйреумен болды. Біздің құрама басқа ештеңе жасай алмады”. Сонымен бірге ол егер Францияның ойыны әрі қарай осылай жалғаса берсе, ұлттық құраманың екінші айналымға шыға алмай, орта жолда қалып қоюына қауіптенетінін жасырғысы келмейтінін айтты. Енді француздар келесі ойынын 17 маусымда Мексикамен өткізеді. Осы матч Зизидің отандастары үшін жауапты бәсекенің болатыны сөзсіз.
Келесі күні В тобында өнер көрсететін командалардың алғашқы кездесулері өтті. Аргентина Нигерия құрамасымен кездессе, Оңтүстік Корея Грекиямен сынға түсті. Мұнда атақты Марадонаның жігіттері қарсыластарын 1:0 есебімен жеңіске жетті. Қолда бар деректерге қарағанда, “альбиселестенің” бапкерін жеңісімен Венесуэланың президенті Уго Чавес құттықтапты. “Менің қымбатты досым Диего! Аргентина қандай тамаша өнер көрсетті. Бұл матч күнделікті өмірдегі көптеген проблемаларды ұмытуға жағдай жасады. Сенің жігіттеріңнің қарсыластарының қақпасына кемінде бес доп соғуға мүмкіндігі бар еді”, – делінген хатта. Осы жерде кейбір адамдар көгілдір экраннан сүйікті командасының ойынын алаңсыз көріп жатса, басқа біреулері футбол көргені үшін ажал құшты десек сене аласыз ба? Сомалидің астанасы Могадишоның маңында Аргентина мен Нигерия командаларының арасында өтіп жатқан кездесу кезінде осындай оқиға болыпты. Онда бір топ мұздай қаруланған адамдар дәмханада футбол қарап отырғаны үшін екі адамды атып, оншақтысын қамауға алыпты. Әзірше мұны қандай топтардың істегені айтылмай отыр. Кейбір деректерге қарағанда, мұндай әрекеттер соңғы кездері Сомалидегі ешкімге бағынбайтын радикалды топтардың қолымен істелінуде. Осындай жабайы әрекеттер арқылы олар өздері “еріккеннің ермегі” деп есептейтін футболдың насихатталуына қарсылық білдіргісі келетін көрінеді.
Осы топта Оңтүстік Корея мен Грекия арасында өткен кездесу 2:0 есебімен корейлердің пайдасына шешілді. Бұл матч әзірше ең аз көрермендер жиналған кездесу ретінде тіркеліп отыр. Оны 31 513 адам ғана тамашалапты. Қазір Кореяның осы жеңісінен кейін оның биылғы бәсекенің сенсациясы болады деген пікірлер айтылуда. Дегенмен, тағы бір деректерден тек Оңтүстік қана емес, осы жылғы жарыста Солтүстік Кореяның да азулы командалармен иық теңестіріп бәсекелесе алатынын көруге болады. Оңтүстік Кореяға келсек, оны сенсация болудан қалған команда десек, артық айтқандығымыз емес. Бізге 2002 жылы әлем чемпионатында жартылай финалға жеткен құраманы арада сегіз жыл өткен соң сенсация болатын команда деу артық сияқты. Ал КХДР-ді сенсация жасай алатын команда деуіміз мүмкін. Егер ол өзінің тобында Бразилиядан бір доп есебімен ұтылып, Португалия және Кот д Ивуармен тең түссе осының өзін сенсация деуге болады. Айтқандай, қазір Оңтүстік және Солтүстік Кореяның арасында әлем чемпионатын трансляциялауға байланысты дау шығып жатқан көрінеді. Оңтүстіктегі SBS телеарнасы өздерінің келісімінсіз КХДР-дің мемлекеттік телевидениесін әлем чемпионатының ашылу салтанатын, демалыс күндері болған ойындардың бәрін заңсыз таспаға түсіріп, көрсетті деп айыптауда. Оның үстіне Оңтүстік Корея солтүстіктегі көршілеріне Грекиямен өткізген алғашқы матчын заңсыз болса да әдейі көрсетпей тастады деп кінәлауда. Мұндай оқиға екі елдің арасында әлем чемпионаты өткен сайын жиі қайталанып тұрады. 2002 жылы Оңтүстік Корея мен Жапонияда жалауын көтерген әлемдік дода кезінде КХДР-дың ойындарды заңсыз таспаға түсіргені үшін қос елдің арасында кәдімгідей жанжал бола жаздаған. Ал 2006 жылы Солтүстік Корея Азия Тынық мұхиты тарату арнасының жасаған жеңілдіктерімен мундиальді тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Сол кезде аталмыш арна көмекке келмегенде екі ел арасындағы жағдай тағы да ушығып кетер еді. Енді биылғы оқиғаның немен аяқталатыны әзірше белгісіз.
Сол күні С тобына түскен Алжир мен Словения, Англия мен АҚШ құрамаларының арасында кездесулер өтті. Бұл матчтарда словендер қарсыластарын 1:0 есебімен жеңсе, ағылшындар мен америкалықтар арасындағы ойын 1:1 болып тең аяқталды.
Ал жексенбі күні D тобында өнер көрсететін Гана мен Сербия арасындағы матч 1:0 есебімен бітсе, Германия Австралияны 4:0 есебімен ұтты. Сөйтіп, сербтер 1998 жылдан бері әлем чемпионатында бесінші рет жеңіліс тапты. Сол жылы Францияда өткен бәсекеде ол 1/8 финалда Голландиядан 1:2, 2006 жылы топтық кездесуде одан тағы да 0:1, Аргентинадан 0:6, Кот д Ивуардан 2:3 есебімен ұтылған болатын. Ал Германия болса, алтыншы рет әлем чемпионаттарындағы алғашқы ойындарын жеңіп отыр. “Неміс машинасы” 1990 жылы Югославияны – 4:1, 1994 жылы Боливияны – 1:0, 1998 жылы АҚШ-ты – 2:0, 2002 жылы Сауд Арабиясын – 8:0, 2006 жылы Коста-Риканы – 4:2 есебімен тізе бүктірген еді.
Тағы бір атап өтетін нәрсе, бұрнағы күні Австралиямен өткізген матчта 20 жасар Томас Мюллер 1970 жылы өткен әлем чемпионатында ұлттық құрама сапында алғашқы кездесуде доп соққан өзінің фамилияласы Герд Мюллердің жолын қайталады. Жалпы, әлемдік додаларда “неміс машинасында” үш Мюллер өнер көрсетіпті. Оның біріншісі, жаңағы Герд, екіншісі – Дитер, үшіншісі – Ханс. Осылардың ішінде Ханс қана қарсыластар қақпасының кілтін таба алмапты. Ал басқалары бірнеше доптың авторы атанған футболшылар.
Германияға қатысты тағы бір дерек, осы кезге дейін үш мәрте әлем чемпионы атанған құрама биылғы бәсекеде тағы да бас жүлдені жеңіп алудан үмітті екендіктерін білдіруде. Бұл елдің Үкіметі ол үшін мынадай көлемде сыйақы да тағайындап қойыпты. Егер құрама үздік сегіздікке, яғни ширек финалға шығатын болса команданың әрбір ойыншысы 50 000 еуродан алады екен. Ал жартылай финалға жолдама алатын болса, 100 000 еуро, финалға шықса 150 000 еуроны қалтасына басады. Ал әлем чемпионы атанып жатса Йоахим Леваның шәкірттері 250 000 еуродан санап алатын көрінеді.
Әңгіме сыйақыға қарай ойысты ғой. Ендеше, басқа елдің құрамаларын да айта кетейік. Олардың кейбіреулері мынадай көлемде ақша дайындап отыр. Бразилия биыл алтыншы мәрте әлем чемпионы атанса, ойыншыларының әрқайсысы 500 000 АҚШ долларын алады екен. Естеріңізде болса, “пентакампеондер” 2002 жылы әрқайсысы 250 000 доллардан санап алған болса, 2006 жылы олар чемпион болған жағдайда 300 000 долларды алатын еді. Ал Испания биылғы бәсекеде айдарынан жел ессе ойыншыларына қиналмай 500 000 еуро береміз деп отыр. 2008 жылы испандар Еуропа чемпионы атанғанда әрқайсысы 250 000 еуроны иемденген болатын.
Әлем чемпионатының алғашқы үш күніне қорытынды жасасақ, әзірше мундиаль бірқалыпты өтуде. Дегенмен, кейбір оқыс оқиғалардың болып жатқаны әлем чемпионатын ұйымдастырушылардың көңіліне кірбің де түсіруде. Оған мысал ретінде аталмыш жарысқа арналған стадиондарды салған адамдардың жалақыны өсіру жөнінде талап қойып, у-шу шеруге шығып жатқандарын, баукеспе ұрылардың туристер мен журналистерді қонақ үйлерде тонап кеткендерін айтуға болады. Мысалы, жақында Уругвай – Франция кездесуінің алдында оңтүстікамерикалық екі азаматтың ақшасын сейфтен белгісіз біреулер алып кетіпті. Мұның алдында сондай суық қолдылар Испания мен Португалияның тілшісі және фототілшісін қонақ үйде жатқан жерлерінде тапанша кезеп, бүкіл аппаратурасы мен ақшасын тонап кеткен еді. Ол ұрылар қазір ұсталып, 15 жылға бас бостандығынан айырылып отыр.
Көгілдір экрандағы кезекті көрсетілім
№ |
Күні |
Ойындар |
Мазмұны |
Арналар |
Басталу |
|
|
|
|
|
уақыты |
1 |
26.06 |
1А – 2В |
1/8 финал |
Ел арна |
19.45 |
2 |
26.06 |
1С – 2D |
1/8 финал |
Хабар |
00.15 |
3 |
27.06 |
1D – 2С |
1/8 финал |
Ел арна |
19.45 |
4 |
27.06 |
1В – 2А |
1/8 финал |
Хабар |
00.15 |
5 |
28.06 |
1Е – 2F |
1/8 финал |
Ел арна |
19.45 |
6 |
28.06 |
1G – 2H |
1/8 финал |
Хабар |
00.15 |
7 |
29.06 |
1F – 2E |
1/8 финал |
Ел арна |
19.45 |
8 |
29.06 |
1Н – 2G |
1/8 финал |
Хабар |
00.15 |
9 |
02.07 |
53 – 54 |
ширек финал |
Ел арна |
19.45 |
10 |
02.07 |
49 – 50 |
ширек финал |
Хабар |
00.15 |
11 |
03.07 |
52 – 51 |
ширек финал |
Ел арна |
19.45 |
12 |
03.07 |
55 – 56 |
ширек финал |
Хабар |
00.15 |
13 |
06.07 |
58 – 57 |
жартылай финал |
Хабар |
00.15 |
14 |
07.07 |
59 – 60 |
жартылай финал |
Хабар |
00.15 |
15 |
10.07 |
61 – 62 |
үшінші орын үшін |
Хабар |
00.15 |
16 |
11.07 |
61 – 62 |
финал |
Хабар |
00.15 |
Дастан КЕНЖАЛИН.