Құқық • 04 Наурыз, 2024

Саудада сақтық керек

165 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сауда саласында халықтың әлеуметтік қорғалуын, эконо­ми­ка­лық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиісті қызметтер көп. Көпшілікке осы қызметтердің жұмыс тиімділігінің артқаны маңызды.

Саудада сақтық керек

Сол қызметтердің бірі – эконо­ми­калық тергеу депар­та­менті. Жуырда осы депар­та­менттің аса маңызды жедел істер жөніндегі уәкілі Мұхаммед-Хайыр Бағытжанов баспасөз мәслихатын өткізді. Оның айтуына қарағанда, экономикалық тергеу депар­та­менті экономикалық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету мақ­са­тында өңірдегі әлеуметтік-эк­ономикалық жағдайды тұ­рақ­ты бақылауда ұстайды. Бұл істе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға­сына тұрақты мониторинг жасап отыруға көп көңіл бөлінеді. «Бірақ біз кәсіпкерлік субъектілердің қызметіне араласпаймыз, тек қазіргі заманғы ақпараттық жүйелерді пайдаланып, рұқсат етілген сау­да ставкасының сақталуын бақылап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату бойынша өнімсіз делдалдықты анықтау бағытында жұмыстар жүргіземіз», деді Мұхаммед-Хайыр Бағытжанов.

Мониторинг жасау барысында жедел уәкіл өздері тойтарыс берген бірнеше мысалды атап өтті. Соның ішінде сау­да субъектілеріне макарон өнімдерін өткізуде үш үлестес делдалдық болған фактіге жол берілгенін жеткізді. Осының кесірінен макарон бағасы орынсыз көтерілген. «Уәкілетті органдармен бірлескен жұмыстың арқасында заңсыз делдалдарды анықтауға қол жеткізілді. Нәтижесінде, өндірушінің макарон өнімдерінің бөлшек саудадағы бағасы 490 теңгеден 355 теңгеге дейін төмендеп, 40 пайызға арзандатылды», деді ол.

Осы әдіспен супермаркеттер желісінде қарақұмықтың бағасы 2 374 теңгеден 1 710 теңгеге дейін арзандатылған. «Жыл басынан бері Сауда департаментімен бірлесіп Әкімшілік құқық бұзушылық тура­лы кодекстің 204-4-бабымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген сауда үстемесінің мөлшерін арттыру үшін ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке 7 кәсіпкерлік субъектісі тартылды. Олар – 4 супермаркет желісі және 3 көтерме сауда компаниясы», дейді департамент өкілі. Сонымен қатар ол моно­полиялық жоғары бағаларды қойып, 20 мың АЕК-тен асатын кіріс алған жағ­дайда нарық субъектілеріне қылмыстық жауапкершілік көзделгенін атап өтті.

Ал сауда және тұтыну­шы­лардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлының айтуы­на қарағанда, 2023 жылы департа­ментке тұтынушылардан 605 арыз-шағым түскен. 2022 жы­лы түскен шағымдар 491 бол­са, былтырғы сан одан 23 пайызға артқан. Бұл тұтыну­шы­ларға қызмет көрсетуде сау­да орындарының тәртіп бұзу­шы­лықтары – сапасыз тауар сату істерінің артып келе жат­қан­дығын көрсетеді. Тұтыну­шы­лардан түскен арыз-шағымның 203-і «е-otinish» желісімен, 150-і Telegram-bot арқылы, 151 мәлімет «жедел желі» арқылы ауызша және 101-і қабылдауға келіп жасалған.

«Департамент арыз-шағым­дарды тексеру барысында тұтынушылардың құқығы бұзылған көп фактіні анықтап, олардың 12 млн 68 мың теңге қаражатын қайтарып бергізді. Соның ішінде 7 млн 200 мыңы бөлшек сауда, 3 млн 602 мыңы электрондық сауда бойынша», деді Қанат Жеңісбекұлы.

2023 жылы жедел тексе­ріс­тердің барысында кәсіпкерліктің 2 субъектісіне тұтынушылардың құқын бұзғаны үшін әкімшілік жаза берілген. Ал әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген басқа
2 жағдайда таласушы жақтардың келісімге келуіне байланысты әкімшілік жаза тоқтатылған. Сауданы реттеу саласы бойынша 31 кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік жаза берілген. Соның ішінде алтауы әлеуметтік маңызы зор тамақ өнімдерінің бағасын шектен тыс көтергені үшін жазаланып отыр. Жалпы, заңға сәйкес көтерме баға 15 пайыздан аспауы керек. Бір жылдың ішінде бағаны осы шектен екі рет асырған шағын кәсіпкерлік суъектісіне – 10, орта кәсіпкерлік суъектісіне – 75, ірі кәсіпкер­лік субъекктісіне 300 АЕК көлемінде айыппұл салынады. «Алайда заң талаптарын жиі бұзатын бизнес субъектілерінің саны азаймай отыр. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларының өзінде ғана 13 бизнес субъектісі осындай заңсыздыққа жол беріп, айыппұл арқалады. Электрондық шот-фактураларды тексеру барысында анықталғандай, ұн, күріш, қарақұмық, ірімшік, тауық еті, сары май сату барысында осындай құқық бұзушылықтарға жол берілген», деді Қанат Жеңісбекұлы.

Тұтынушылардың құқын қорғау қызметтері тұрақты, түрлі бақылаулар мен тексерулер жасап жатса да, саудагерлер мен делдалдар құқық бұзушылықты азайтар емес.

 

Солтүстік Қазақстан облысы