Пікір • 04 Наурыз, 2024

Заңды құрметтеу дағдыға айналса...

112 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда, қоғамда түрлі қылмыс түрлері өршіп тұрған күрделі кезеңде құқық қорғау саласы қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыруға барынша күш салынып жатыр.

Заңды құрметтеу дағдыға айналса...

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан негізді сынға себепкер болмау, сынағаны үшін қудалауға жол бермеу, оң сын-ескертпелерді кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалану, адал, әділ, қарапайым да сыпайы болып, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтау» – міне, полицейлерге қатысты заңнамада белгіленген қызметтік-этикалық өлшемдер осылар. Осыларға сай болу – олардың күнделікті міндеті. Десек те жазылатын заң мен оны жүзеге асыру тәжірибесінде алшақтық көп. Бұлар бір заттың екі жағындай болса да, ала-құлалық жетіп артылады.

Біріншіден, жалпы, қылмыс – қоғамның барлық саласына тән әлеу­мет­тік құбылыс. Әсіресе биліктің сая­си, экономикалық тұрғыдағы сәтсіз қабылданған шешімдерінен кейін белең алатын бір заңдылық бар. Бұл – әркез болып тұратын табиғи фактор.

Өткенді байыптасақ, кеңес мем­лекетінің іргесі сөгілгеннен кейін қоғамымызда қылмыс пен ұйымдасқан қылмыс қарқыны күрт өсті. Сол уақыттарда екпіні мен тепкіні қатты қылмыстылықтан да қалып қоймау үшін елімізде соттық-құқықтық реформалар тым асығыс жасалып, қауырт жүргізілді. Соның салдарынан құқық қорғау органдары мен ұйымдасқан қылмыстың даму қарқыны біркелкі деңгейде болмады. Қайта керісінше, қылмыс атаулы «біліктілікпен» мемлекеттік биліктің бүкіл буындарына жегі құрттай дендеп еніп, құқық қорғау органдарының бүкіл күш-құралдарымен, мүмкіндігімен салыстырғанда, көп артықшылығы бар айыр­машылықтар тудырды. Бүгін­гінің биігінен бағаласақ, құқық қорғау орган­дары­ның үздіксіз өсу, даму үстіндегі қылмыстылыққа ұзақ уақыт бойына қарсы тұрулары тым әлсіз, мардымсыз болғанын жасырмауымыз қажет.

Халықтың «ауруын жасырған өледі» деген өткір сөзі осындайда айтылса керек. Қазіргі уақыт нақышына қарай қайта өзгертіліп, толықтырылып жатқан құқық саласындағы заңнамалар – соның айғағы.

Екіншіден, әрбір алқалы басқо­су­ларда, түрлі ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, дөңгелек үстелдерде қылмыстылықтың нақты жағдайы мен құқық қорғау қызметінің тиімділігінің шынайы көрінісі ресми құқықтық статис­тикаларда, ведомстволық көр­сет­кіштерде бір-біріне сәйкес келе бер­мейтіні жиі айтылады. Оны бүркемелеудің қажеті шамалы. Арадағы өткен отыз жылдан астам уақыт тәжірибесі көрсеткендей, қолданыстағы заңнамалар қылмыстылықтың жай-күйі мен деңгейін түпкілікті өзгерте алмады. Бүгінгі күні ішкі істер органдары қилы реформалар арқылы жіберілген осы кемшіліктерді болдырмауға, бүтіндеуге, қазіргі қоғамдық қажеттілікті өтеуге ұмтылып жатыр. Құқық қорғау жүйесі әлі күнге дейін ұйымдастырылу жағынан қиындықтар көріп келеді, ал мұның өзі құқық қорғау қызметіне кері әсерін тигізетіні анық.

Үшіншіден, шынайы өмірдің объективтік шындықтарына жауап­ берер­дей құқық қорғау органдары қыз­метін бағалаудың белгілі бір өлшем­дік критерийлердің жоқтығы қоғамымызда құқықтық нигилизмді туғызып, ведомстволық мүдде бағы­тында басымдықтар алуы, адамдар мен азаматтардың құқығын сапалы қорғауға зиянын тигізеді. Құқық қорғау, соның ішінде ішкі істер органдарының қылмысқа қарсы күресінің маңызы ерекше. Оның оң нәтижелерінің қоғамның хал-ахуалына тікелей әсері бар. Жалпы алғанда, бұл нәтижелер – азаматтардың заңды мүдделері мен бостандықтарының қорғалу дәрежесінің нақты көрсеткіші. Қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, болдырмау, жолын кесу секілді көптеген міндеті бар құқық қорғау органдарының қызметінде адам құқығы басты орынға қойылады.

Осы орайда құқық қорғау органдарында ортақ проблемалық мәселе туын­дайды. Мұны шартты түрде екіге бөліп қарастыруға болады – құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және адам­ның құқықтары мен бостандықта­рын қалтқысыз сақтау. Әсілі, бұл екі мақсаттың белгілі бір тепе-теңдігі болса да, өзара сәйкестілігі екі ұдай. Өйткені бір жағынан, мемлекет кез келген жағдайда бекітілген құқықтық режімді қолдауға, заңдылықтың жалпықұқықтық қағидатын қамтамасыз етуге мәжбүр болса, екінші жағынан, алғашқысында қаншалықты мақсатқа жетсе, адам­ның демократиялық құқықтары мен бостандықтарын соншалықты шек­тейтіні белгілі. Осыған байланысты адамды құқықтық тұрғыда шектеу дәрежесін анықтауда қажет ететін бірқатар қағидат қажет. Айталық, заң нормалары мен заңдық күші бар құқықтық актілерді қолдануда Конституцияда белгіленген құқықтық шектеуді қатаң ұстану қағидаты, нақты санаттарда бекітілген шектеу шараларын енгізу, жекелеген құқықтарды шектеу болмаған жағдайда жалпы шектеулер мен құқықтық реттеуді қолдану.

Төртіншіден, заң жасаушылар аза­маттардың құқықтары мен бостан­дық­тарын қорғау жөніндегі полицияның міндетіне айрықша назар аударған. Бұл мәселелер құқық қорғау қызметі, ішкі істер органдары туралы, өзге де заңдарының өн бойында нақты көрініс табады. Әйтсе де әттеген-ай дегізетін тұстар да жоқ емес. Соның бірі – қоғамдық тәртіпті қорғауға ұйымдар мен азаматтардың ерікті қатысуын қамтамасыз етуден көрінеді. «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» Қазақстан Республикасының заңы бар. Онда: «Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқан азаматтарға белгіленген үлгідегі куәліктердің және омырау белгілерінің қажетті санын да­йындау жөніндегі мәселені шешсін және олардың есепке алынуы мен пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсін, учаскелік полиция пункттерінің базасында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды құқықтық даярлауды ұйымдастырсын» делінген. Алайда бұл қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Арнайы сауалнамаға қатысқан респонденттердің көбі бұл заңның жұмыс істемейтінін айтады. Бұрын кеңес кезінде әртүрлі мекеме, жұмыс орындарынан жіберілгендерге өтемі үшін еңбек демалысына қосымша күндер қосылатын. Қазіргі заңда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу үшін алғыс жариялау, мадақтамалық марапаттау, ақшалай сыйақы беру, жергілікті өкілді және атқарушы органдар өз құзыреті шегінде айқындайтын өзге де шаралар белгіленген. Әуелгі кезде бұл бас­тама тым жақсы басталды да аяғы сиырқұйымшақтанып кетті. Мұндағы халықты қызықтыратыны ақшалай сыйақы ғой. Сол үшін де бастапқыда студенттер қауымы белсенділік танытып еді. Ақыры әлгіндегідей болды.

Ойымызды түйіндей кетсек, құқықтық мемлекетте сенім – ықпал етудің басты әдісі. Елімізде заңды құрметтеу дағдысын қалыптастыру әлі де басты мақсаттың бірі болып қала бермек. «Көн құрысса, қалыбына барады» дейді. Біздің мақсат – қылмыс қалың бұқара күш біріктірсе ғана ауыздықталатынын тағы да бір еске салу.

 

Елеужан СЕРІМОВ,

заң ғылымдарының кандидаты, отставкадағы полиция полковнигі