Акцияның мақсаты – халықтың әлеуметтік әлсіз тобына түрлі тағамдардан дәм татырып, мерекелік көңіл күй сыйлап, демеу болу. Игілікті іс-шараға Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен шығармашылық ұжымдары қатысты.
– Көмекке мұқтаж жандардың қатары өткен жылмен салыстырғанда артты. Стационар жағдайында былтыр 320-330 арасында адам болса, биыл тұрақты 350 адам бар. Ал үй жағдайында 560 азаматқа қызмет көрсетіп отырмыз. Орталықта 10 түрлі ұлт өкілі қарияларға көмек көрсетіп келеді. Оларды біз «кіші Ассамблея» деп атаймыз. Алғыс айту күніне арнайы концерттік бағдарлама мен дәм ала келген шаһардың ҚХА басшылығына алғысымызды айтамыз. Өйткені жыл сайын концерттік бағдарламасымен мекемедегі қызмет алушылардың көңіл-күйін көтеріп, бір қуантып кетеді. Аға буынның жүзінен ризашылықты аңғару қиын емес, – деді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы МКҚК директоры Ардақ Сейітова.
Тағдыр жазуымен қазақ жеріне табан тіреген түрлі этнос өкілдері де қайырымдылық шарасында өзіндік өрнектерімен, ұлттық киімдерінің айрықша үлгісімен бой көрсетіп, кеңпейіл Алаш жұртына алғысын жеткізді.
– Алғыс айту күні – тек ризашылық емес, жас ұрпақ үшін тарих туралы сыр шертетін тағылымға толы мереке. Тағдыр тәлкегімен жан сауғалап, қоныс аударған әр этнос өкілдерін бауырына басып, бір үзім нанын бөліскен қазақ халқының кеңпейілдігі көптеген ұлттың ұрпақ өрбітуіне жағдай жасады, мүмкіндік берді. Міне, бүгінде біртұтас мемлекетімізде Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылып, ынтымағымыз нығайып келеді, – деді «Русская община столицы» қоғамдық бірлестігінің координаторы Андрей Авдеев.
Қазақ халқының болмыс-бітімімен біте қайнасып, тұрмыс-тіршілігі ортақ бір арнаға тоғысқан корейлердің де өзіндік мәдени құндылықтары елімізде қалыптасып келеді. Игі істе олар да Ассамблеяның шашбауын көтеріп, концерттік бағдарламаға жұмыла атсалысты.
– Өткен ғасырдың 30-жылдары Қиыр Шығыстан Қазақстанға 200 мыңнан аса корей жер аударылған. Жалпы, корей диаспорасының қазақ жеріне қоныс тепкеніне 80 жылдан асты. Біз үшін Қазақстан төл мекенімізге айналды. Осы жерде өсіп-өндік. Сондықтан отандастарымызды көктемнің алғашқы күнімен ілесе келетін Алғыс айту мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ел аман, жұрт тыныш болсын, – деді Астана қаласы корей этномәдени бірлестігінің мүшесі Александра Ким.