Президент Әкімшілігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы және Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық іс-шарада қилы заман, күрделі кезеңде елімізге қоныс тепкен түрлі этнос өкілінің ұрпағы телекөпір форматында қонақжай қазақ халқына, жеріне алғысын жеткізді. Жиылғандар иық тіресе бірге еңсерген уақытты еске алды. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісі Марат Әзілханов, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров, Парламент депутаттары, ҚХА жастары және этно-мәдени бірлестік өкілдері қатысты. Ассамблея үздіктеріне «Алғыс» төсбелгісі табысталды.
– Мақсат – әртүрлі салаларда және кәсіптерде адал қызмет етіп, азаматтық ерлік жасап, елдің дамуына үлесін қосып жүрген, сондай-ақ түрлі оқиғалар мен жағдайлар кезінде белсенділік пен азаматтық ұстанымын танытқан қазақстандықтарға алғыс айту. Ассамблея өңірлерде, Астанада 250-ден астам түрлі форматта іс-шара өткізіп жатыр. Мұндағы басты мақсат – адам мен адамды, ұлыс пен ұлысты, ұлт пен ұлтты жақындастыру, бауырлық сезімді ояту, жүрегіңдегі әр адамға деген махаббатыңды, жылы сезіміңді білдіру, сол арқылы алысты жақындау, жақынды туыстыру, – деді Марат Әзілханов.
Мерекелік іс-шарада Астанадағы көпбалалы екі отбасы күтпеген жерден қуанышқа кенелді. Қос шаңыраққа сол жағалауда орналасқан су жаңа пәтер кілті табысталды. Жаңа қонысқа ие болғандардың бірі – Бердияровтар отбасы. Отасқанына 18 жыл толған шаңырақ сегіз бала тәрбиелеп отыр. Екі күн бұрын кенжесі дүниеге келген.
– Жатақхананың аядай бөлмесін 8 жыл жалдап тұрдық. 18 шаршы метрде 5 жыл тұрыппыз. Кейін отбасым үлкейген соң, екінші бөлмесін алдық. Бірер күн бұрын сегізінші перзентім дүние есігін ашты. Есімін атасы Шахназар деп қойды. Бұл үлкен ризық сол Шахназарымның несібесімен келіп тұр екен. Алла разы болсын, – дейді қала тұрғыны Дәулет Бердияров.
Қайырымдылықтың шапағатын жалғызбасты ана Мейрамгүл Шыңғысбаева да көрді. Оған да мерекеде 1 бөлмелі баспана бұйырды. Көпбалалы отбасына баспана сыйлап қуантқан кәсіпкер – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі әрі Ассамблея төрағасының орынбасары Акбаржан Исмаилов. «Қазақ халқына деген алғыс сөзбен ғана емес, іспен де көрсетілуге тиіс», дейді ол.
Ассамблеяның «Қайырымдылық керуені» әлеуметтік жобасы биыл осындай игі істермен басталды. Акция аясында 9 жыл бойы барлық аймақта игі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Ашып айтсақ, ұйым мүшелері қарттар мен балалар үйлерінде концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін таратады. Былтырдың өзінде ұйымның ұйытқы болуымен ел бойынша бас-аяғы 1 млрд 700 млн теңгеге түрлі қайырымды іс жасалыпты. Оған қоса мерекелік отырыста этносаралық бірлікті нығайту мақсатында «Шаңырақ» шығармашылық байқауы іске қосылғанын жариялады.