Аймақтар • 04 Наурыз, 2024

Қарғын суды кәдеге жаратудың маңызы

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көктемде Ақтөбе облысындағы 15 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр. Жақын күндері күн жылынып, жердің тоңы жібімей жатып қар бірден ерісе, өзендер арнасынан асып, төңіректегі тұрғын үй алаптарын су басуы әбден мүмкін. Қазір қыстың аязды күндерінің сақталуына қара­мастан, наурыздың алғашқы күндері ауа температурасы жо­ғарылап, айдың ортасына қарай нөсер жаңбыр жауады деген болжам бар. Облыстық ТЖД су басу қаупі жоғары тұрғын үй алап­тарында тұратын 15 337 адам­ды эвакуациялауға арналған 87 уақытша орналастыру орны, 30 шатыр мен 600 төсектік орын жабдығы әзірленгенін хабарлады.

Қарғын суды кәдеге жаратудың маңызы

Осы кезде қала іргесіндегі Елек, Жіңіш­ке өзендерінің жағалауы биік­тетіліп, көшелердегі жауын-шашын сулары жиналатын арықтардың іші қар мен мұздан тазартылып, қорғаныс бөгеттері қалпына келтіріліп жатыр. Әйтеке би, Қобда, Ойыл аудандарындағы Тереңсай, Талдысай, Көсем, Қазан-2, Екпетал бө­геттері, Саралжын, Қуырдақты, Қараой мен Қайыңды ауылындағы көпірлер жөнделді.

Ақтөбе облыстық ТЖД мә­ліметіне қарағанда, күн жылынған мезгілден бас­тап су тасқыны қаупі бар өзен­дердің 16 шақырымында бірқатар жұмыс іске асыры­лады. Соның ішінде елді мекен­дерге жақын өзен жа­ға­лауларын топы­рақ үйін­ді­лерімен бекітіп, бес гид­ро­техникалық құрылыс жөн­делмекші. Осы жылы авто­көлік жолдарында екі кө­пір салынып, алты көпірге күр­делі жөндеу жүргізіледі.

«Облыс аумағында су тас­қы­ны­на қарсы тиісті жұ­мыс­тардың жүр­гізіл­геніне қа­рамастан, бірқатар аудан­да еріген қар суының авто­көлік жолдарын бұзып кетуі, жол үстімен ағуы жылда қай­таланады. Мәселен, Бай­ғанин ауда­нындағы «Қа­рауыл­келді – Алтай батыр – Миялы», «Қарауылкелді – Ебей­ті», Ойыл ауданында «Аман­гелді – Көптоғай», «Шал­қар ауданында Шалқар – Шетырғыз» автокөлік жолдарын еріген қар суы шайып кеткен. Жол бойындағы су өткізгіш құрылғылар дұрыс бекітілмегендіктен, қарғын су екпіні оны бұзып кетеді. Су тасқынының алдын алу үшін көшелердегі қар шы­ғару жұмысын күшейту керек», дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов.

Қала төңірегіндегі Құр­шысай, Садо­вый, Есет батыр алабы, Сая, Мағад­жан, Ақшат елді мекендерін жыл­да су ба­сады. Өйткені ері­ген қар сулары­ның та­­би­ғи арнасына үйлер тұрғы­зыл­ған. Мәсе­лен, жылда дала­лық­тан ағып келе­тін қар суы Құршысай ауылының ше­тіне жиналады да, сол жер­дегі жаңа салын­ған үйлерге кіреді. Былтыр күзде осы жер­­дегі жиналған қар суын Жіңішке өзені­мен қосатын арық қазылды. Сая мен Ма­ғад­­жан елді мекендерінің тұ­сында да Елек өзеніне қарай су бұру арнасы қосылды.

Алайда көктемде арнасынан асып жайылып, ағыл-тегіл болып жататын судың шілде-тамыздағы аптапта ша­руашылыққа қажет еке­ні еске түсіп, ұстап қала ал­­мағанымызға өкінеміз. Қар­ғын суды жинау туралы қан­шама рет ұсыныс түссе де, жақсы жоба нақты іске ас­пай келеді. Алдағы бес жылда еліміздің әр өңірінде су қоймаларын салу жөнін­дегі Үкімет тапсырмасы іске асса, экономикаға жан біте­рі анық. Ақтөбе облысында да 2029 жылға дейін 22 су қоймасын салу жоспарла­­нып отыр. Соншама қойманы ар­насы таяз далалық өзен су­ла­рымен толтыра алар ма? Де­генмен бүгінде жеті жо­ба­ның техникалық-эко­но­ми­калық негіздемесі әзір. Таяу күн­дері жеті ны­сан­ның мем­­ле­кеттік сарап­та­­ма қо­рытындысы шы­­ғып, жо­балық-сметалық құжат­­та­ры бе­кі­тілсе, құ­ры­­лыс­ жұ­мыс­тары бастал­мақшы.

Облыстық табиғи ресурстар және жер қойна­уын пайдалануды реттеу бас­­қармасы басшысының мін­детін ат­қарушы Жомарт Бақыт­келдіұлының айтуын­ша, Ақтөбе облысының жер­үсті сулары қорын ұлғайту мақ­сатында жасалатын осы маңызды жоба іске асырылса, қоймаларда 491,62 млн текше метр су жиналып, суармалы алқап ауданы 49 070 гектарға ұлғаяды. Қазіргі кез­де өзендер бойындағы 206 гидротехникалық құ­рылғы әбден тозса да, 611,8 млн текше метр суды ұс­тап қалатын шамасы бар. Айта кету керек, Ақтөбе қала­сының іргесіндегі Қар­ғалы, Ақтөбе, Сазды су қой­маларына көктемде қан­шалықты су жиналары бел­гісіз. Былтыр күзде осы қой­малардағы су көлемі ортадан төмен болатын.

 

Ақтөбе облысы