Қар суы – береке бастауы
Онсыз да шаруасы шатқаяқтаған ауыл шаруашылығы құрылымдарын жаз бойы көктен нәр тамбайтын қуаңшылықтың кәтепті қара нарға жүк болатын ауыр салмағы қажытып тұр. Өткен жылы соңғы жарты ғасырда бола қоймаған аптап елдің де, жердің де кенезесін кептіріп, өкпесін өшіре жаздады. Жер емген диқандардың ішінде дәнді дақылдар тұқымын алқап төсіне ерте сіңіргендер бармақ тістеп, өкініп қалды. Себеп – ерте көктеген егін қапырық ыстыққа шыдамай, көктеуін көктегенімен, бой салып өсе алмады. Ауыл-аймақтағы төрт түлік мал да мейірін қандырып су таппай қиналды. Ендігі амал не? Білікті мамандардың айтуына қарағанда, суармалы жер көлемін көбейтпей, ырыс мөлшері көңіл қуанта қоюы жылдан-жылға қиындап барады. Біз ескермей жатқан бір жай – көл-көсір қар суы.
– Биыл Көкше өңірінде қар сіресіп қатқан топырақтың үстіне түсті, – дейді агроном Бауыржан Молдағалиев. – Оның үстіне желтоқсан айында жаңбыр жауып, мұз қатты. Іле қар түскенімен, қаңтарда тағы да жылымық болды. Ертең қызыл су жүрген кезде тіршілік нәрі топырақтың құрамына сіңе қоймай, мұз үстімен сай-сала, өзекшелерге құйылып, бу болып ұшып кетеді. Суармалы жер көлемін ұлғайту үшін көктемгі қар суын табиғи су жолдары бар ойпаңға жинап пайдаланса, ырыс ысырап болмас еді. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Су ресурстарының қолжетімді болуы – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін маңызды фактор. Ал бізде болса, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы тек жақында ғана қабылданды. Бұл құжат тым ұзақ талқыланды. Ашығын айту керек, жағдай өте күрделі. Мысалы, еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар. Әсіресе Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қаупі аса жоғары. Соған қарамастан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек», деп айтқан болатын.
Көктемгі қызыл суды жинап, ұқыпты пайдаланып отырғандар да бар. Былтыр Зеренді ауданына қарасты Бәйтерек ауылындағы «Агро шаруа ауласы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болған кезімізде көргенбіз. Серіктестіктің 500 гектар егістік алқабы бар. Былтырғы қуаңшылықтың зардабын көрген жоқ. 2015 жылдан бері өзге өңірлерде ескерілмей, ысырап болып жатқан қар суын пайдаланып келеді. Сәл ғана таратып айта кетелік. Шаруашылықтың агроном менеджері Александр Матвиенконың айтуына қарағанда, көктемгі қар суын су қоймасына жинайды екен. Қоймадан электр сорғылардың көмегі арқылы жаңбырлатқыш құрылғыға жеткізіледі. Алдағы уақытта су қоймасының жанынан ұңғыма қазып, көлемін көбейте түспек. Осылайша, табиғаттың сынына төтеп беріп келе жатқан шаруашылық кенезесі кепкен даланың дидарын мөп-мөлдір сумен жібітіп келеді. Нәтижесі көзге көрініп тұрған соң бидай, арпа, рапс егетін алқаптарға жасанды жаңбыр жаудыратын тағы үш құрылғы сатып алған. Өзге шаруашылық басшыларына осы бір тәжірибе жұғысты болсын деген ниетпен суару құрылғыларын сатып алу мемлекет тарапынан субсидияланатынын айта кетсек, артықтығы болмас. Бәйтерек ауылындағы шаруашылықтың берекесін келтіріп тұрған – іс ұқыптылығы.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда, Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау және Астрахан аудандарында қар қалың. Сәйкесінше су тасқынының қаупі жоғары. Ылғал да мол болмақ. Ендеше, ерте қимылдап, иен тегін ырыстан құр қалмасақ, кәнеки.
Қызыл судың жүруі – қарбаластың тууы
Дәл қазір жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметі қауырт іске кіріскен. 14 аудан мен үш қала аумағында көктемгі су тасқынына қарсы кешенді шаруалар қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, 2 390 метр су бұру арналары салынып, тасуы мүмкін өзендердің 1 700 метр арнасы тазартылған. Жыл сайынғы әдет. Мемлекеттің қыруар қаражаты жұмсалып, былтыр да дәл осындай жұмыстар жүргізілген. Кейінгі ондаған жылдар ішінде көрсетілген қайрат, жұмсалған қаражатты таразы басына тартып есептесеңіз, ендігі асау өзендердің арнасын жып-жылмағай етіп тазалап, жағалауын алтын жалатқан бөгетпен бекітіп тастауға болар еді. Әнебір жылы Сандықтау ауданының әкімі өзен жағасына топырақ үюге бөлінген ақшаны «жеп қойып», істі болғаннан кейін күдік те пайда болған. Негізінде мамандардың айтуына қарағанда, су жағасындағы қалың қамыс пен әрқилы өсімдіктердің шіріндісі өзендердің табанына шөгіп қалуы себепті ағынды суға көп-көрім кедергі келтіреді. Лықсып келген мол су өзеннің арнасына сыймай, жағалаудан асып кететін жайы бар.
– Егер маңайында елді мекен болмаса, мұның ешқандай зияны жоқ, – дейді ел ағасы Қанағат Қапаров. – Мәселен, Есіл тасыған кезде жағалаудағы тоғайдың алаңқайларына шалғын жақсы шығады. Төңіректегі ел шөбін шауып, рақатын көреді. Биылғы қуаңшылық жылы мал азығы қасқалдақтың қанындай болып кетті емес пе?! Тасыған су да – табысқа себеп.
Ал өзен табанына түсетін күл-қоқыс – табиғатқа адам қолымен жасалып жатқан қиянат. Өткен жылы Атбасар ауданында көктемгі су тасқыны кезінде суға батып кеткен қыруар жылқының өлексесі су табанында қалды. Кей жерлерде тұрмыстық қалдықтарды төгу оқиғалары да арагідік болса да кездесіп қалады. Міне, осындай келеңсіздік өзен арнасын тарылтпақ. Ал аршып алу – қисапсыз қиын шаруа.
Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметі бірлесе отырып 18 588 метр су арнасын тереңдетіп, аласарған 8 мың метрден аса бөгендерді нығыздап бекітіпті. 58 дана су өткізу құрылғылары салынған, 2 мың шақырымнан аса жағалау биіктетілген. Осындай мақсатқа облыс бойынша 2 млрд 239 млн теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржы – өткен жылғы көлеммен салыстырғанда 77 пайызға көп.
– Қазіргі уақытта мердігер ұйымдармен су тасқыны қаупі бар 10 ауданның аумағындағы 15 өзеннің бойында 20 мың метрден аса аумақта мұзды жарып ағын суға жол ашу үшін келісімшарт жасалды, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы Қанат Доспаев. – Елді мекендер аумағынан 486,5 мың текше метр қар шығарылды, 236 мың тоннадан аса жанармай, 21,8 мың тонна құм және басқа да инертті материалдар, 81,7 мың бөгет қаптары әзірленді. Сілеті, Астаналық және Шағалалы тәрізді ірі су қоймалары бар. Су қоймаларындағы мөлшер – қазір 70 пайыз шамасында.
Ендігі бір мәселе – қалың қардың құрсауы. Биыл қардың қалың түскенін жоғарыда айттық. Зеренді ауданына қарасты Ұялы, Ақадыр, Шағалалы ауылдары қақаған қыста қарға адым жер бойы аттап шыға алмай, апталап байланыс үзіліп қалды. Тасжолдың бойында қар суы іркіліп жиналатын тұстарында суағардың болмауына қаншама жыл бойы бейнет шегіп келеді. Өткеннен сабақ алсақ, кәнеки. Сандықтау ауданына қарасты Арбузинка, Атбасар ауданындағы Бастау тәрізді ондаған ауыл көктемде қызыл су мол болған жылы айлап қатынас үзіліп, бейнет шегіп жатыр.
Жоғарыда айтылған біраз жайды безбендей келе, сай-салаға сіңіп кететін қыруар суды образға орап айтқанда, қасықтап жинап, кәдеге жаратсақ, жаз бойы егін шаруашылығына да, төрт түлік малға да септігі тиер еді. Ал қазір көктемгі мол су буға айналып, ұшып кетіп жатыр. Береке үйірілер тұста ұқыпты, белсенді болсақ жөн емес пе?!
Ақмола облысы