Даңқты Нұрмагомедовтер династиясы өкілінің осы спорт түрін серік еткеніне сегіз жыл болды. Сол аралықта 16 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Тоғыз бәсекеде айқын басымдық танытты. Умардан ұтылғандар арасында біздің Сергей Морозов та бар. Осыдан үш жыл бұрын Әбу-Дабидегі додада ол отандасымызды екінші раундта «қылғындыру» әдісімен ұтты. Тағы бір айта кетерлігі, 28 жастағы Умар – даңқы жер жарған Хабиб Нұрмагомедовтің немере інісі. Ал туған ағасы Усман да – нағыз «сен тұр, мен атайынның» өзі. Ол – Bellator промоушенінің чемпионы. 2020 жылдың шілде айында жер-жаһанды жайлаған коронавирус дертінен көз жұмған әйгілі бапкер Абдулманап Магомедұлының осы шәкірттерінің бірде-біреуі әлі де жеңілістің кермек дәмін татқан емес.
Бекзат та – осалдар санатынан емес. 26 жастағы қандасымыз 18 жекпе-жектің біреуінде ғана ұтылды. 2020 жылдың қазан айында ол ойда-жоқта қырғызстандық Сұлтан Жолдашбекке жол берді. 17 жеңісінің 15-інде Алмахан айқын басымдық танытты. Тарқатып айтсақ, 13 қарсыласын ұрып шығып, екі ретінде «қылғындыру» тәсілін қолданды.
Кешегі Лас-Вегастағы жарыста көрермендердің спорт кешенін басына көтеріп, айғайға басқандарына қарап, Умар Нұрмагомедовті қолдау үшін бүкіл Дағыстан Америкаға көшіп келгендей әсерде болдық. Бірақ бұл жағдай қандасымызға еш әсер еткен жоқ. Азулы қарсыласымен ол аянбай айқасты. Негізінде Бекзат тік тұрып төбелесуді қалады. Ал грэпплингі өте күшті Умар күрестің әдісіне жүгінуді құп көрді. Қап тауының қыраны қазақтың ұлын қайта-қайта жығып алып, еркін көсілуіне мүмкіндік бермеді. Жерде жатып арпалысқан сәттерде Нұрмагомедов Алмаханды бірнеше рет «сабмишн» тәсілдерін қолданып, «қақпанға» түсіргісі келді. Десек те қазақ спортшысы барлық қауіптің бетін қайтарды. Соңғы раундқа дейін созылған сайыстың қорытындысында төрешілер Умарды жеңімпаз деп таныды.
Бекзат Алмахан Лас-Вегастағы жарыста жеңіліс тапса да, оған өкпе айтқан ешкім жоқ. Біріншіден, бұл – қандасымыздың UFC-дегі тұсаукесер кездесуі. Екіншіден, әлемдегі ең белді промоушеннің президенті Дана Уайт оны бірден өте мықты спортшыға қарсы шығарды. Шыны керек, жеңіл салмақта өнер көрсетіп жүрген «мен» деген жігіттердің дені Нұрмагомедовпен жекпе-жекке шығуға жүрексінеді. Өзгелерді айтпағанда, топ-10-дыққа кіретін файтерлердің өздері дағыстандықтың есімін естісе, төбе шаштары тік тұрады. Ал Бекзат болса, Умармен күш сынасудан бас тартқан жоқ. Ұйымдастырушылар тарапынан ұсыныс түскенде бірден келісімін берді. Октагонда ол азулы әрі қарулы қарсыласымен еш аянбай айқасты. Сол себепті де қазақтың қайсар ұлы дүйім жұрттың қошеметіне бөленді. Ең бастысы, ол өзінің жүректі жігіт екенін мойындатты. Уақыт оза Бекзаттың UFC-де төбелесіп жүрген талай саңлақтарды сабайтынына қылаудай да күмәніміз жоқ.